Жыртық тәпішке

Бір күні жалдамалы жұмысына шығып бара жатып, есіктің алдында жатқан баласының жыртық тәпішкесін көрді. Спорттық аяқ киімінің тозғанын бір ай бұрын байқаған. Табанынан сыз өткен баласы анасына күнде жаңа аяқ киім алып беруін сұрайды.
– Анашым, бүгін қанша табыс таптыңыз?
– 3500 теңге. Оған жарықтың жарты ақшасын төледім.
– Жыртық тәпішкемен көшеге шығуға ұяламын. Балалар үйге соққанда ауырып жатырмын деп сылтауратамын.
– Балам, тұрақты жұмыс іздеп жатырмын. Қазір жұмыс табу қиын. Күнделікті ыдыс жуғаным үшін алатын 3500-5000 аралығында алатын қаражат қай жыртығымызды жамайды дейсің?!
– Үйдегі барлық аяқ киім тозып тұр. Бірер күннен кейін сабақ та басталады. Мына жыртық тәпішкені алғанымызға 3 жыл болды.
Баласымен екеуінің диалогы біраз дүниені аңғартып отыр. Алты ай сайын ауруханаға жататын Айсана перзенті үшін жан беруге дайын. Әттең жомарттың қолын жоқтық байлағандықтан, қиындықтан келіншек қалжырап кеткен. Үнемі макаронды қайнатып жейтін ана мен бала еттің дәмін ұмытқалы қашан. Жұмыстан қайтып келе жатып Айсана баласына спорттық аяқ киім мен тәпішке алуға дүкенге кірді. Қолында бір апталық табысын бастығынан сұрап алған 20 мың теңгесі бар.
– Қызым маған 10 жастағы ер балаға сапалы әрі арзан спорттық аяқ киім мен тәпішкі берші. Сатушы 15 мың теңгеге екі аяқ киім ұсынды. Келіншектің қуанышында шек болмады. Үйге келіп баласына қос аяқ киімді кигізген сәтте баласы:
– Енді менің кесірімнен бір апта тамақты дұрыс іше алмаймыз. Тамақты алатын ақшамыз аз. Сіз жұмысқа жаяу барасыз. Дәріңіз алынбай қалды.
– Бір қайыры болар балам. Ең бастысы ана ретінде саған жоқшылықты сездіргім келмейді.
Жылай-жылай жас сарқылғанымен темірдей төзімі бар келіншек баласы үшін күрескер атанған. Айтпақшы, күйеуі тұрмыстың тауқыметіне көндіге алмай бұларды тастап кеткен. Қазір ол бай келіншектің жүргізушісі болып жүргенде адам қағып өлтіріп алып, түрмеде отыр.
Балтабай Ордабеков
Фото: ашық дереккөзден