Табысқа жетудің сыры – еңбекте

Кітап негізінен, 7 тараудан тұрады. Алғашқы тараудан бастап автор адам бойындағы өзіндік қателігін жеңуге бағытталған көптеген тұжырым ұсынады. Адам бойындағы жақсы және жаман әдеттің ара-жігін ажыратып, өз оқырманына бағыт-бағдар береді. Кітапты оқып отырып, табысты адамдар санатына кіретін автордың мына сөзі әрі қарай қолымыздағы дүниені толықтай аяқтауға жетелейді.
«Адамдардың көпшілігі осы кітапқа қатысты «Қуаныш білгенін, оқығанын аударып жаза салды» деген ойда қалуы мүмкін. Ондай сынға дайынмын. Бірақ ескеретін жайт: бұл кітаптың ерекшелігі – мен оқыған алты жүз кітаптың қорытындысы іспеттес. Оған қоса, сол кітаптардан түйгенімді қолдану, жүзеге асыру, біздің менталитетті ескеру және соның нәтижесінде жүзеге асырылған тәжірибе. Бәлкім, білгенімді кейде дұрыс қолданбаған шығармын, соның салдарынан бір мүмкіндіктерді жіберіп те алған болармын. Сондықтан сенің де шалыс қадам баспауың үшін, өзіңнің емес, менің қателіктерімнен сабақ алуыңды сұраймын. Бұл кітапта мен баяндайтын әңгіме, келтіретін мысал, айтатын ақыл-кеңес – өз басымнан өткен тәжірибеге негізделеді. Жазған мысалдарымның нәтижесі жақсы болса, бір жеңіске жеткенім, ал позорға (масқараға) немесе банкротқа ұшыраған кездегі мысалдар, дұрыс әрекет етпеудің, барымды қолдана алмауымның нәтижесі. Көз жасы дегенім – кейде біліп тұрсам да, дұрыс жасамағаныма қынжылғаным» деген автордың бизнестегі жіберген олқылығын, қабілетінің шыңдауын анық сезінуге болады.
Есімі елге белгілі табысты бизнесмен дәрежесіне жету барысында Қуаныш Шонбай алты жүз кітаптың бетін ақтарған. Батыс мотиваторларының зерттеулері кейбір жағдайда қазақы әдет-ғұрыпқа теріс әсер ететінін, сәйкес келмейтінін анық дәлелдеген. Жалпы «Бұл кітап кімдерге арналған?», Біздe қандай проблема бар?, «Жеңісті алыстататын адыраспандарымыз», «Жеңіске барар жолдағы барьepлep», «Жеңіс жолына түсу», «Бүгінгі күн – кешегінің баласы», «Дамудың тегін жолдары» секілді әрбір тараудың мазмұнында адам бойындағы қабілетті арттыру, жаман қасиеттен арылу, жетістікке жету құпиясы, кемшілікпен күресу сияқты тұжырымдар толықтай қамтылған. Кез келген адамда мәселе бола тұра, мақсат жоқтығы кітапта тереңнен таразыланады. Бәсекеге қабілетті болу жолында Қуаныш Шонбай ізденісті алдыңғы орынға қояды.
«Менің қолымнан ештеңе келмейді дегенді сенен басқа ешкім білмейді, ол – сенің ғана басыңда туындаған ой» деген автор жалқаулыққа, еріншектікке, сылтау айтуға бейім болмауға адамды шақырады. Тұлғалық дамуды қалыптастыру бағытында қолдан келетін іспен шұғылдануды басты орынға қояды. Адам мотивация емес, шабыт іздеу керектігін кәсіпкер алға тартады. Өзі қалаған істі шабыттана істегенде кісіге табыс өзі келеді.
«Мен бұл кітапты қазақ сана-сезімі мен ойлау қабілетін трансформациялайтын алғашқы қадамның бірі деп білемін. Бұл еңбекті бизнес құрғысы келетіндер ғана емес, һәм барша ата-ана оқып шығуы керек-ті! Өзім ана болған соң, «балаларымның ұлы тұлға, бақытты да сәтті адам болып өсуі үшін мен не істей аламын, не істеуі керек?» деген сауалды өзіме жиі қоямын. Көкейiмдi кернеген бірқатар маңызды мәселелердің жауабын осы кітаптан таптым. Мәселен, Қуаныш «Ұлының ұлылығын дәріптеу» принципін алға тартады. Қуаныш Шонбай өз кітабында «жұрттың баласымен» салыстыруды қойып, индивидтің қайталанбас дарынын дамыту керектігіне терең тоқталған. Былайша айтқанда, ұлының ұлылығын ұлықтағаннан ұтылмаймыз, ал ұлы, ұтымды дүние жасай білген Қуаныш, қуанта бергей бізді!» деп пікір білдірген журналист Дина Төлепберген.
Ойлы оқырманның олжасына айналған кітапты барлық адам үшін қажетті тұсы көп. Кез келген адам кітапты оқу арқылы жетістікке жеткенін қалаймыз.