Перфекционистер кім деп ойласыз?

Қазіргі уақытта перфекционистер өз жұмысында дәлдік пен сапаға мән береді. Бұл кәсібилік пен сенімділіктің көрсеткіші болуы мүмкін. Олар нәтижеге қол жеткізбей қоймайды. Іс-әрекеті оларды табанды әрі еңбекқор етеді. Қателіктен сабақ алатын олар өздерін жиі дамытып, үнемі жақсырақ болуға тырысады.
Біз көтеріп отырған тақырыптың адамға зиянды жақтары жеткілікті. Мүлтіксіз таза болуға ұмтылу адамға мазасыздық сезім тудырады. Күнделікті «қателесуге болмайды» деген ой шығармашылықты да, әрекетті де тежейді. Мінсіз болғысы келген адам кейде іске кірісуден қорқады. Себебі: «бірден тамаша шықпаса, бастаудың керегі жоқ» деген ой қалыптасады. Тым қатал ішкі сын мен өзін бағаламау сезімі тұлғаның психологиялық әл-ауқатына зиян келтіреді.
Әлемде «Перфекционизм» ұғымы жастарға қатысты көптеп айтыла бастаған. Психология саласындағы танымал ғалымдар, әсіресе перфекционизм тақырыбын зерттеумен айналысатын қос маман Том Карран мен Эндрю Хилл осыдан 8 жыл бұрын жүргізген зерттеуіне сүйенсек, жастардың ішінде перфекционизмнің 33 пайыз өскенін аңғартады.
Айта кетейік, перфекционизмнің адам арасында үш түрі бар. Өзінен көп талап ететіндер, басқалардың күткеніне сай болуға тырысатындар, өзгелерден жоғары стандарт күтетіндер жатқызылады. Бәсекелестік жоғары ортада оқуда, жұмыста, мансаптық өрлеуде «Перфекционизмге» берілген адамның көпшілігі айналасына «мінсіз өмір» көрсеткісі келеді. Мұндай психологиялық қасиет барлық адамда болуы мүмкін. Тек ішкі жандүниесінде жасырынып жатуы ықтимал. Мәселен, әлеуметтік желіде дәмді тағам тұтынатынын, қымбат көлік мінетінін, бренд өнім пайдалануға ұмтылатынын жарнамалайтын жандар өзін мінсіз көрсетуге ұмтылады.
Балтабай Ордабеков