Күріш тазалау цехы іске қосылуда

«Ақжарма-2» шаруа қожалығының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Марат Бисенов аталған жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қаржыландырылғанын жеткізді.
— Егін шаруашылығымен айналысатын қожалық жұмысын дамытып және әртараптандыру үшін түрлі жобаларды жүзеге асыруды жоспарладық. Соған орай бүгінде күріш тазалау цехының құрылысын аяқтап қалдық. Құны 65 млн теңгені құрайтын жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен қаржыландырылып, Чехия мемлекетінен арнайы аппарат әкелдік. Қазіргі таңда цехтың агрегатын орнатып, бір-екі күнде іске қосамыз. Цех жұмысына 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, — деді шаруашылық төрағасы.
Күріш тазалау цехына Чехиядан жеткізілген «VibroMAX» агрегатының құны 52 млн теңгені құрайды. Бұл аппарат тәулігіне 50 тонна астықты тазартады. Шаруашылық төрағасы өз сөзінде 2023 жылға дейін күріш ақтайтын зауыт, кіші пастерленген сүт зауыты, жылыжай және көкөніс қоймасын салу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Цех жұмысымен танысқан аудан басшысы бұл жобалар толық іске асырылғанда ауыл халқы жұмыспен қамтылатынын атап өтті.
— Аудандағы ірі шаруашылық саналатын «Ақжарма-2» шаруа қожалығы өндірістік бағытта жақсы жобаларды жүзеге асыруды қолға алуда. Соның нәтижесінде күріш тазалайтын цех жұмысы іске қосылмақшы. Мұның қазіргі егін жинау науқанында қажеттілігі зор. Осы жобалар жүзеге асқанда жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылады. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, — деді аудан әкімі.
Шаруашылық екі күн бұрын егінге орақ салғанын ескерсек, қырманға түскен астықты тазартуға цехтың тиімділігі мол.