Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ісмер келіншек

Ісмер келіншек

Басылымның тұрақты оқырмандарына өт­кен жылы басталған «Ауыл» жобасы жақсы таныс. Өткен аптада жоба аясында ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылына табан тіреген едік. Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысқан бізге кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан Көкшетаудың қызы Гаухар Ахметжановамен әңгімелесудің сәті түсті. Ауылға келін болып түскеніне 4 жыл болған ол биылдан бас­тап тігіншілікті жеке кәсібіне айналдырған.

Жеке кәсіпкер Гаухар Ахметжанова «Ең­бек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағытына сәйкес, 555 мың 600 теңге көлемінде грант ұтып алған. Қазіргі таңда ол мемлекеттік грант арқылы тігін шеберханасын ашып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Күн са­йын тұрмысқа қажетті көрпе, көрпеше, жастық жасауға дағдыланған ісмер кез келген матаны пішіп, ерекше дүниелерді жасап шығарады. Ауыл тұрғындарының сұранысына сай қыз жасауына қажетті дүниелерді істеуді қолға алмақ. Киімдерді де еш қиындықсыз тігуді арнайы оқу арқылы үйренген Гаухар ханым тігін машиналарын тапсырыспен алдыртқан.

– Тігін тігу менің сүйікті ісіме айналды. Мем­лекеттік бағдарлама шеңберінде жеке кәсібімді ашқаныма қуаныштымын. Заманауи үлгіде киім пішіп, тігуге арналған машина жұмысымды жеңілдетеді. Матаның сапасына көңіл бөліп, ою-өрнек түскен сан түрлі бұйым­дарды жасауға дағдыланып келемін. Алдағы уақытта шеберханамды кеңейтіп, кәсібімді жандан­дырғым келеді, – дейді тігінші.

Жеке кәсіпкер Гаухар асқарлық Ерболат Бахтиярұлымен отасқан. Ауылдағы мақтаулы ісмерге айналған жас келіншек бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласында заңгер болып жұмыс жасаған. Сот саласында еңбек еткен бас ма­манның Сыр топырағына келіп, қалауы мүл­дем басқа салаға ауады. Ең бастысы, ісмер келіншек – ата-енесінің қамқоршы келіні, ер аза­матының аяулы жары.

Балтабай ОРБАЕКОВ 
06 сәуір 2021 ж. 927 0