Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕРЕКЕ БАСТАУЫ БИЗНЕСТЕ

БЕРЕКЕ БАСТАУЫ БИЗНЕСТЕ


Ауданға қарасты Шіркейлі ауылына жүйткіген көлік те келіп жетті. Мұндағы сапарымыз барысында қазіргі таңда ауыл көлемінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік нысандарымен танысып, шаруа адамымен дидарласу басты мақсат еді. Өз кезегінде ауыл әкімі Т.Құламқадыров осы күні елді мекендегі кәсіпкерлік бойынша атқарылып жатқан біршама жұмыстар легін атап өтті.
Негізінен кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, ауыл тұрғындары бизнестің қыр-сырын игеруге машықтанған. Жалпы алғанда ауылда биылғы жылдың он айында 22 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Жергілікті халық жан-жақты шағын кәсібін өрістетуге бағыт алып, игілікті бастамаға құлшына кіріскенін аңғардық. Оның ішінде мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, қыз жасауын дайындау, ТЖО, өсімдік дақылдары, ағаш шеберханасы, кондитерлік цех, дәстүрлі тігін, компьютерлік қызмет көрсету бойынша жекелеген азаматтардың кәсібі жұмыс жасауға дайын көрінеді. Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша және «Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС-і арқылы, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының грант бөлу тетігі бойынша, «Агро бизнес-2020» бағдарламасы бойынша, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына қатысу арқылы жеке кәсіпкерлер көлемді қаражат алып, шағын бизнесін алға қарай ілгерілету үстінде. Бірі мал басын көбейтіп, ет-сүт өнімдерін халыққа ұсынса, көбісі тұрмысқа қажетті сан түрлі кәсіппен айналысуда.
Бұрыннан төрт түлігін төлдетіп, қара жерден мол ырысын тапқан ауыл халқының тынымсыз тіршілігі көз сүйсінтеді. Аймақ бойынша алдағы 3 жылда кәсіпкерлікті дамыту жоспары бойынша жүзеге асырылған жұмыстың жемісін жергілікті ағайын көретіні рас. Осы ретте жоғарыда аталған бағдарламалардың шапағатын сезінген ауылдағы кәсіпкерлермен кездесіп, сұқбаттасуға уағдаластық. Ендеше, ел аузында жүрген, шағын бизнестің бел ортасынан табылған жандардың еңбегін саралап көрелік.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
27 қараша 2018 ж. 1 169 0