Диеталық нан шығаруға ниетті

Наубайханада күніне 300-400 нан өнімдерін шығару қолға алынбақ. Нан көму пеші 25-30 минут ішінде 72 бөлке нан пісіруге арналған. Өз кезегінде наубайхана иесі ауыл тұрғындарын бөлке нан, тандыр нан, тоқаш өнімдерімен қамтамасыз етуді көздейді.
– Өткен жылы нан өнімдерін әзірлеу жобасы аясында мемлекеттен 2 млн. теңге жеңіп алған болатынбыз. Үш жыл қатарынан қатысып, былтыр көздеген мақсатымызға жеттік. Бұған дейін жылыжай және тігін тігу цехы бойынша қатысқан болатынмын. Осы жолы ауылға қажетті жоба ретінде наубайхананы ұсындық. Себебі, ауылда дүкендер нан өнімдерін сырттан әкеліп, сатуда. Алдағы уақытта нан өнімдерін сауда орындарына 65 теңгеден сату жоспарлануда. Сонымен бірге шаруашылықты нанмен қамтамасыз ету көзделген. Наубайхана жұмысы іске қосылған уақытта 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтимыз. Диеталық нан өнімдерін шығаруға ниеттіміз, – дейді наубайхана иесі Г.Махамбетова.
Балтабай ОРДАБЕКОВ