Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Өмір – ғажап» кітабының тұсауы кесілді

«Өмір – ғажап» кітабының тұсауы кесілді

Текті әулеттен шығып, текті әулетке келін болған ұлағатты ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі Ұсбосын Бекмағанбетованың есімі аудан жұртшылығына етене таныс. Ол Сыр өңіріне белгілі, бүгінде кент орталығындағы №210 орта мектепке есімі берілген Оспан Әбілпаттаевтың ибалы келіні ғана емес, бүгінде сол іргелі әулеттің ардақты анасы, асыл әжесі атанып отырған абзал жан. Саналы ғұмыры ауданның білім беру саласына арналған Ұлбосын Сейіт-Ахметқызы жақында «Өмір – ғажап...» атты кітабын жарыққа шығарды.

Аудан орталығындағы «Достық» үйінің мәжіліс залында өткен шығармашылық кешке қатысушылардың қарасы қалың болды. Іс-шара карантин талабына сәйкес арақашықтық сақ­талып және бетперде кию арқылы ұйым­дастырылды. Тағылымы мол кешті «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, ауданның Құрметті азаматы Ұлмекен Жаналиева ашып, жүргізіп отырды.

– Ұлбосын Сейіт-Ахметқызын ауданның зия­лы қауым өкілдеріне таныстырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Оның бүкіл ғұмыры, атқарған еңбегі және бүгінгі күнгі өнегелі істері аудан халқының көз алдында, – деп бас–тады Ұлмекен Шанайқызы шығармашылық кешті. Мұнан әрмен қарай басқосудың мәнін, мақсатын айтып, жаңа кітаптың тұсауы кесілгелі тұрғанын жеткізді. Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Муса Келдібаев бастаған ардагерлер кітаптың тұсауын кесу құрметіне ие болды. Қуанышты сәтте шашу шашылып, 15 тарауға бөлінген жинақ шараға қатысушыларға таратылды.

Кітаптың «Өмір – ғажап...» деп аталуында үлкен мән бар. Себебі, ұлағатты ұстаз өмірден көргені мен түйгенін терең саралап, ой елегінен өткізіп, Отан мен отбасы ұғымының қасиетін қара қаламына арқау еткен. Сондай-ақ өз өмірінің ұмытылмас сәттерін, әке-ананың, ата-ененің қадір-қасиетін, жақсы адамдардың игі істерін өз өмірінен сыр шерте отырып баяндаған. Автор балдәурен балалық шақ пен студенттік кезеңнің қызықтарын, алғашқы еңбек жолының басталуын, ақ ниетпен ақ босаға аттап, өнегелі әулетке келін атануын, ұрпақ сүйіп, асыл жар, аяулы ана, ардақты әже болуын қарапайым, ұғынықты тілмен жеткізген.

Шығармашылық кеш барысында сөз сөйлеген білім саласының ардагері, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері Анар Ізба­сарова кітап жазудың оңай жұмыс емес екенін айтып, кітап авторының еңбегі мен ізденісін жоғары бағалады. Ал, ардагер-ұстаздар Ұлбике Ерімбетова, Патыма Алданова, Сұлупан Шамшадинова, Алтын Нұртаева, Сара Тілеубергенова, Ұлтуған Бимурзаева, Қарлыға Бекмағанбетова, Света Оразаева, Рыскүл Симағанбетова, Тәжігүл Кенжеғұлова, Бағдаш Сағындық, Сара Баджановалар өнегелі өмір иесі Ұлбосын Бекмағанбетованың әркез жақсы істердің жаршысы болып жүргеніне кеңінен тоқталды. Өз кезегінде ардагер-ұстаз Құралай Досмағанбетова жылы лебізін жыр жолдары арқылы жеткізді. Сондай-ақ №35 Иса Тоқтыбаев мектеп-лицейінің атынан келген ұстаздар Айнұр Әлиева, Зоя Тайманова, Жанна Сәркеева, Ләйла Сағымбаева, Роза Тұрмағанбетқызы, Үміт Алашбаева кітап авторын ұжым тарапынан құттықтап, сый-сияпаттарын табыс етті.

Халқымызда «Құданы Құдай қосады» деген тағылымды сөз бар. Бүгінде Пазылхан Әбілпаттаев пен Ұлбосын Бекмағанбетова текті әулеттермен құда болып, ұл-қызынан тараған ұрпақтарының қызығына кенеліп отыр ардақты жандар. Бұл шығармашылық кеш барысында анық аңғарылды. Кітап авторының құдағайлары Акима Досығұлова мен Айнаш Мақсұтқызы жақсы пікірлер айтып, шара шырайын аша түсті. Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсіміне арналған іс-шарада кеш иесінің сырласы Әсима Өмірбаева мен сыныптасы Света Алыбаева да әсерлі естеліктерімен бөлісті. Ал, Ұлбосын Бекмағанбетованың апасы Мағмура Әбілпаттаева, келіндері Жанар Лашкерова, Гүлзат Мусаевалар жинақ авторының ісмерлік қырын, тігін тігудің шебері екенін атап өтіп, игі тілектерін жеткізді.

Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігі мен №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің бастауыш ардагерлер ұйымы бірлесе ұйымдастырған. Карантин талаптарына сәйкес көптен бері мұндай іс-шараларға қатыспаған ардагерлер бір серпіліп қалғандарын айтып жатты. Ендеше, ұзақ жылдар білім беру саласында жемісті еңбек етіп, озат шәкірттер тәрбиелеп, абырой биігіне көтерілген, қоғамға қуаныш сыйлап, тағылымды тағдыр жолын өнегелі істерімен өрнектеген ұлағатты ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі Ұсбосын Бекмағанбетоваға шығармашылық сәттіліктер тілейміз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
24 қазан 2020 ж. 754 0