Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кездесуден алған әсер ерекше

Кездесуден алған әсер ерекше

Ардагер-журналист Мүсілім Қалмұратұлы әскери борышын бірге өтеген азаматтармен елу жылдан кейінгі жүздесуден алған әсерін айтқанда, қолға қалам алмау мүмкін емес еді. Әңгіме ауа­нына тереңірек үңілсек, жарты ғасырлық уақыт қас қаққандай сәтте өтіп кетіпті. Бұл дегеніңіз бір кісінің ғұмыры емес пе?!
Ардагер-журналист Жаңақорған ауданында ұйымдас­тырылған кездесуге зор тебіреніспен барғанын жасырмады. Бозбала шақтың куәгерлерімен өткен кездесуді өткізуге бастамашы болған азаматтардың бар екеніне де шүкір етеді.
– Қазақ данышпан халық қой. «Елу жылда ел жаңа» дегенді қалай біліп айтқан десеңші?! Әскери борышымызды бірге өтеген азаматтар басқосу жөнінде бастама көтергенде сенер-сенбесімді білмедім. Ал межелі күн жақындағанда бозбала кезеңдегі естен кетпес естеліктер ой-санамда жаңғыра түсті. Елу жылдан кейінгі кездесу айрықша әсер сыйлады, – дейді Мүсілім Қалмұратұлы.
Басқосуға Сыр өңіріндегі қарт Қаратау мен айдынды Арал ауданы аумағындағы азаматтар жиналған. Олардың барлығы бүгінде бір-бір шаңырақтың иесі. Арда­герлер саналы ұл-қыз тәрбиелеп, ел­дің ағасы атанып отыр. Осы ретте, жарты ғасыр уақыт өтсе де байланыс үзіл­мегеніне таңғаласың. Кездесу ұйым­дастыруға бастамашы болған Жаңақорған ауданындағы Сүттіқұдық ауылының тұрғыны Тұрсынбай Дүйсенов­тің еңбегі ерекше екенін атап өткеніміз жөн. Сондай-ақ Өтебек Орынбеков пен Алпамыс Кіребаев та өзіндік үлестерін қосқан.
– Жасымыз асқаралы алпыс­тан асып, жетпіске таяды. Кездесу ұйым­дастырылады дегенде «бір-бірімізді танымай қаламыз ба» деп толқыған едік. Мен мысалы алғашында бірнеше азаматты танымай қалдым. Денсаулығы сыр беріп таяқ ұстап, ақсақалдыққа ойысып сақал қойғандар да бар екен. Біз Отан алдындағы міндетімізді өтеген Алматы қаласындағы Орта Азия әскери округінің №11863 әскери бөлімінде 1968-1970 жылдары көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев әскери борышын өтеген. Бұл біз үшін мақтаныш, – дейді ардагер-журналист.
Басқосуға Шаған ауылынан Шәкімбек Сыздықов, Асқар Тоқмағамбетов ауы­лы­нан Серікбай Қошқаров пен Төлеп­берген Нұрмағанбетов барған. Ал Қы­зыл­ордадан Сәрсенбек Раманқұлов, Тәңір­берген Алдабергенов, Аралдан Мыр­забай Дүзімбетов келіпті. Жүздесуге жиналғандарға жаңақорғандық Қайбул­ла Абдуллаев шаңырағында ас берген. Дастархан басында бақилық болып кеткен азаматтардың рухына Құран бағышталып, естеліктер айтылды. Арда­гер-журналист Мүсілім Қалмұратұлы әс­кери борышын бірге өтеп, ұзақ жылдар достық қарым-қатынаста болған шағандық Үсенбек Пірманұлының осыдан екі жыл бұрын бақилық болып кеткенін еске алып, абзал азаматтың ізгі істерін, жақсы қасиеттерін жеткізді.
Айта кету керек, жарты ғасырдан кейінгі жүздесуден ардагерлер бір-бірін қимай қоштасты. Келесі кездесу қашан және қайда ұйымдастырылатынын кім білсін?! Лайым, алды жетпістің жел­кенін керген жандар тек жақсылықта жолыққай.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

19 қараша 2019 ж. 1 338 0