Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Даму діңгегі руханияттан басталады

Даму діңгегі руханияттан басталады

Халқымыздың ең ұлық мерекесі саналатын әз-Наруыз шуағын шашып елге жетті. Айналасын береке мен бірлікке бөлеген жылдың басы – Азия елдері арасында ең ежелгі мейрам саналады. Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағына береді. Жыл басы, жаңа күн ретінде қазақ халқы да наурызды қарсы алу үшін дайындық жасаған. Ең алдымен тазалыққа мән беріп, қыс бойы жиналған күл-қоқыстан үй-ауласын тазалап, бұлақтың көзін ашқан. Алғашқы тал-теректер отырғызылып, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген дәстүрмен жас шыбықтар отырғызған. Мұндай салт-дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, Ұлыстың ұлы күнін тойлау ағаш отырғызудан басталуы бекерден бекер емес.

Ынтымағы жарасқан іргелі аудан

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын респуб­лика бойынша кең көлемде аталып өтуде. Осы уақыт ішінде Тәуелсіз Қазақстан нарықтық экономика қағидаларына негізделген іргелі мемлекет ретінде дамудың жолына түсті. Міндетті жоспарлар артығымен орындалып, халықтың экономикалық әл-ауқаты жақсарды. Ірі кәсіпорындар бой кө­теріп, шағын және орта кәсіпкерлік жанданды. Елбасының бастамасымен қолға алынған жасампаз жұмыстар Сыр өңірінде, оның ішінде Сырдария ауданында да жүйелі жүргізілуде. Осы орайда ауданда қоғамдық-саяси, рухани-мәдени тұрғыда көптеген жұмыстар атқарылуда.  

Тоқсан жылдан аса тарихы бар ауданнан дарынды ақындар, қарымды қаламгерлер, қол бастаған батырлар шыққан. Бұл өлкеде сатира сардары Асқар Тоқмағамбетов, халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов пен Әбіраш Жәмішев, театр саңлағы Сәбира Майқанова, ақын-жазушылар Танаш Дәуренбеков, Сейфолла Оспан, Мұхтар Сақтапов, Қайырбек Асанов, Жадыра Дәрібаева, кинорежиссер Сұлтан Қожықов сынды талантты тұлғалар туып-өскен.

Ауданда көп ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Ынтымақтың артуы үшін облыс бойынша ауданда алғаш болып «Достық» үйі ашылып, бұл жер татулық-достық мекеніне айналды.

Сондай-ақ аудан халқы жыл сайын қоныс то­йын тойлауда. Аудан орталығындағы О.Мәлібаев елді мекенінде қатарынан 20 үй түссе, кентке кіреберісте көпқабатты тұрғын үйлер қолданысқа берілді. Көпшілік асыға күткен көгілдір отын биыл іске қосылып, кент тұрғындары игілігін көруде.  Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға «Әлеуметтік дүкеннің» ауданда алғаш ашылуы да тұрғындарға тиімді болуда. Ауданда білім, спорт, мәдениет, басқа да салаларда зор жетістіктер көрініс табуда. Халықтың жағдайы жақсарып, ынтымағы келіскен жаңашыл бастамалар мен тындырымды істер көп.


Ұлт мақтаныштары ұлықталды


Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру мақсатында қоғамдық-саяси маңызды шаралардың күнтізбелік жоспарын іске асыру жөнінде іс-шаралар жоспары бекітіліп, нақты жұмыстар жүргізілуде.

Мәселен, 2020 жыл еліміз үшін мерейлі белестер жылы болды. Әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің 1150 жылдығын, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, Алтын Орданың 750 жылдығын және Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған ауқымды шаралар және  «Әлемнің екінші ұстазы», «Отырар ұстазы», «Ұлы халықтың – Ұлы Абайы», «Абай – біздің ұлттық мақтанышымыз» тақырыбында театрландырылған қойылым, аудандық көркем­сөз оқу байқаулары өз дәрежесінде ұйымдасты­рылды.  

Ауданнан шыққан дарын иелерінің ме­рей­тойлық даталары жыл көлемінде аталып өтілді. Кеңес Одағының Батыры Н.Ілиясовтың 100 жылдық мерейтойы, айтыскер ақын Күдеріқожа Көшекұлының туғанына 200 жыл, ақын Асқар Тоқмағамбетовтің туғанына 115 жыл, ақын Қуаныш Баймағамбетовтың туғанына 125 жыл, жергілікті ақын Сейітмұрат Ембергенов пен Балашбек Шағыровтың шығармаларын насихат­тау мақсатында онлайн шаралар өтті. Бұл арқылы өскелең ұрпақ жергілікті жерден шыққан қайраткер тұлғалар мен дарын иелерін танып, білді деген сенімдеміз.

Аудан руханиятын өркендету үшін өткен жылы игі бастамалар жүзеге асты. Соның нақты мысалы, аудан әкімдігінің қолдауымен Сырдария ауданынан шыққан танымал өнер иелерінің шығармашылығына арналған «Жыр мұра» ау­дио антологиясы жарық көрді. 8 бөлімнен тұратын аудиодискіге ауданнан шыққан танымал тұл­ғалар жайлы радиохабарлар жинағы, жазба ақындардың өлеңдері, сырдариялық күйшілердің күйлер жинағы және жыршы-термешілердің орындауындағы жыр-термелер топтамасы жи­нақталды. Антологияға ауданда өткізілген республикалық, облыстық айтыстар, жергілікті композиторлардың әндері мен елімізге белгілі әншілердің аудиожазбалары енгізілді. Бұл аудан руханиятына қосылған құндылық болды.

Ауданда айтыстың заңғар ақыны Замаддин Ибадуллаевтың ізін жалғастырушы жас айтыскерлерге қолдау көрсетіліп келеді. Осыған орай, аудандық мәдениет үйі жанында айтыскер ақын З.Ибадуллаев атындағы жас ақындар клубы ашылды. Сөз сайысын жетік меңгерген жас айтыс­керлер аудан мерейін үстем етіп жүр. Былтырғы жылы Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен өткізілген «Ға­ламның ғұлама ұстазы» атты республикалық жас ақындар арасындағы онлайн айтысында клуб жетекшісі М.Мансұров бас жүлде иеленді.

Тарихи ескерткіштер – ел мұрасы

Қай кезде де тарихтың айқын айғағы болған ескерткіштер ел мұрасы болып қала береді. Аудан көлеміндегі тарихи ескерткіштердің қалыпты сақталуына мән берілуде. Жалпы, аудан бойынша 58 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде, 4-і республикалық маңызы бар, 14 жергілікті маңызы бар және 40 ескерткіш алдын ала тізімге алынғандар.

Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы бойынша облыстық бюжет есебінен Қоғалыкөл ауылындағы «Қышқала» қалашығына қазба жұмыстары жүргізілсе, Айдарлы ауылындағы «Асанас» қалашығына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Осы қазба жұмыстарының аясында аудан тарихы толығып, көптеген кұнды жәдігерлер табылуда.  

Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдар­лама­сының «Туған жер» кіші бағдарламасының аясында «Туған жер» жобасы аясында Бесарық ауылы маңында орналасқан «Бұхартөбе» ескерткішінің белгісі қойылып, қоршалды. «Бұхартөбені» шежірелі ауылдың тарихи бастауы екенін айтуға болады. Одан табылған үш бірдей құмыра ауыл­дық музейге құнды экспонат ретінде қойылды.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында барлығы 404 кітап алынды. Ал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 17 кітапханада 428073 кітап қоры бар. Өткен жылы оқырмандарға 89679 кітап беріліп, 532 шара ұйымдастырылды. 422343 кітап электронды каталогке енгізілсе, жаңа әдебиеттер саны 5106 құрады.

Ауқымды іс-шаралар Тәуелсіздікке арналады

Биыл да ауданның рухани-мәдени, қоғамдық-саяси әлеуетін арттыру үшін ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл жылы біз барлық шараны Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнаймыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында бұл жылдың маңызына ерекше тоқталды. Онда өскелең ұрпаққа ата-бабамыздың арманына айналған азаттықтың қадірін ұғындыруды атап айтты. Егемендікті сақтау үшін бекем бірлік, еселі еңбек керектігін жеткізді.

– Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс, – деп биылғы жылдың мақсат-міндетін айқындап берді.

Осы негізде біз биыл «Наурыз» мерекесін жаңа мазмұнда бекітілген тұжырымдамаға сәйкес атап өтуді, «Тәуелсіздік төрінде», «Тәуелсіз елім – Ұлы елім», «Тәңірдің сыйы – Тәуелсіздік», «Мен елімнің патриотымын»,  «Сыр – Алаштың анасы» және тағы басқа кең ауқымды шараларды ұйымдастырып, азаттық айбынын насихаттаймыз. Осы бағыттағы жұмыстар жыл басынан басталып кетті. Бұл ретте, қазақтың дара тұлғаларының атаулы даталарын атап өтуді назардан тыс қалдырмаймыз.

Жыл басынан бүгінгі күнге дейін қоғамдық-саяси маңызды шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес  Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Жыр алыбы – Жамбыл», Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Мұқағали мұрасы – ұрпақтың баға жетпес мұрасы» атты ақын сағаты, «Елім барда» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, «Есіңе мені алғайсың» атты ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындаушылардың аудандық байқауы, Сыр сүлейі Базар Оңдасұлының шығармашылығына арналған «Мен Балқының Базары» атты онлайн термешілер байқауы, Д.Нұрпейісованың 160 жылдығына орай «Күй құдірет» атты бейнелекция ұйымдастырылды.

Сонымен қатар «Әжем айтқан ертегі» атты әже мен немере арасындағы онлайн байқауы, «Жұлдыз лайк» телевизиялық шоу бағдарламасы, Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Еңбек даңқы» залында «Ленин» орденінің иегері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, шопан Әлі Үсеновтың туғанына 80 жыл толуына орай «Еңбектің ерен үлгісі» атты көрмесі, «Ұлы даланың ұлы есімдері» тақырыбында музей залдары бойынша экскурсия, «Тұңғыш ұлттық мерзімді басылым» тақырыбында бейнелекция, қоғам және мемлекет қайраткері Қонысбек Қазантаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған «Есімі мен еңбегі ел есінде» атты көрме, Сыр сүлейі Мәзқожа Рахметтің 140 жылдығына орай «Дария жырдың дарабозы» атты лекция өтті.

Жалпы, ауданда халықты бірлікке, ынтымаққа, татулыққа шақыратын және ұлттық құндылықтарды, ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрді дәріптейтін түрлі мәдени шаралар кезең-кезеңімен ұйымдастырылып келеді. Сол арқылы ауданның қоғамдық-саяси ахуалы тұрақтанып, руханияты дами беретін болады.


Димаш БАЙДУШЕВ,
Сырдария ауданы
әкімінің орынбасары






20 наурыз 2021 ж. 496 0