Ұлыстың ұлы күні – Наурыз
Табиғат-ана, жер-ана бусанып, қыстың қытымыр тоңы жібіп, жер бетіне жыл басы – наурыз келді! Наурыз – күллі шығыс еліне тән бүкілхалықтық мереке, Ұлыстың ұлы күні!
Қазақ халқы асыға күтетін ерекше мейрам – Наурызды жұртшылық айрықша бағалап, оны сән-салтанатпен тойлауды салт-дәстүрге айналдырды. Ежелден келе жатқан Наурыз мерекесі туралы қазақтың ғұлама ғалымы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбаларында 8 күндік наурызнама өтетінін айтады. Ол «ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы» деп жазады. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлының ұлы Ахаттың жазбаларында: «14 наурыз – ескіше 1 наурыз. Әкей айтты «Бүгін – ескіше бірінші наурыз, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл – парсы тілінде жаңа күн дегенді білдіреді» деп жазған.
Сонымен қатар шығыстың данышпандары Махмұд Қашқари, Омар Хаям, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин сынды ұлт қайраткерлері де Наурыз туралы еңбек, өлең, жақсы сөз жазып қалдырған. Дегенмен кеңес үкіметінің солақай саясаты Наурызды атап өтуге тыйым салып, мереке 1926 жылдан бастап мемлекет деңгейінде тойланбаған. Алайда көненің көзі қариялардың айтуынша, әр ауылда Наурыз айы келгенде көже пісіріліп, отбасылық мереке ретінде аталып өтілген.
Еліміз егемендігін алған тұста қайта жаңғырған дәстүрдің бірі ретінде Наурыз мерекесі өзінің сән-салтанатымен аталып өтетін деңгейге жетті. Үлкен қалалардан бастап, ауылдық жерлерде бүкілхалықтық мереке ретінде бірнеше күнге ұласатын мейрамға айналған Наурызбен халқымыз қайта қуана қауышты. Мемлекеттің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 2008 жылы Наурыз мерекесін жаңа тұрғыда мерекелеу қажеттігін айтты. Бастама қолдау тауып, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға өзгеріс еніп, Наурыз мейрамы қатарынан үш күн, яғни 21- 22-23 наурыз күндері атап өтілетін болды.
Орталық алаңға таңертеңнен бастап жиналатын дүйім жұртшылық театрландырылған көріністі тамашалап, ақ шаңқан киіз үйлерде дайындалатын мол дастарханнан дәм татып, спорттық шараларды қызықтайды. Алтыбақан тепкен жастар жағы ән айтып, би билейді. Қазақтың дәстүрімен сәбилердің тұсауы кесіліп, ұлттық ойын қыза түседі.
Қасиетті күн ретінде қазақ даласына келетін Наурыз мерекесінде күн мен түн теңеліп, төрт-түлік мал төлдейді. Табиғаттың тылсым күшімен өсімдіктер мен жәндіктер тіріліп, оларға жан бітеді. Көктемнің басы ретінде жыл құсы туған өлкеге қайта оралады. Міне, сондықтан да атабабаларымыз бұл күнді «Жыл басы» деп есептеген.
Наурыз – ынтымақ пен бірліктің, татулық пен ізгіліктің, еңбек пен бақыттың мерекесі. Мерекеде барша адамзат баласы шаттыққа кенеліп, қуанады, бір-біріне мейіріммен қарап, жақсы тілек айтылады. Адамның ерекше қасиеті – кешірім беру, татуласу, табысу сияқты өнегелі дәстүр көрініс табады. Ұрпақтар сабақтастығы ретінде өскелең ұрпақ үлгілі үрдістен тәлім-тәрбие алып, бауырмал болуға, көрегендік танытуға, әдепті де өнегелі болуға үйренеді.
Наурыз мерекесін асыға күтетін халқымыз осы күнге дайындық жұмыстарын алдын ала жүргізеді. Үйдің, мекемелердің айналасын күл-қоқыстан арылтып, арықтарды тазалайды. Су жолдарын ашып, жас шыбықтарды отырғызады.
Сонымен қатар осы күні сайын даланы Қыдыр ата шарлайды деген сенім бар. «Қыдыр ата адамдардың жақсы сөздерін, үлкендердің батасын қабыл етеді» дейді ата-баба дәстүрі. Сондықтан осы күні адамдар бір-біріне барынша кешірімді болып, ізгі тілектерін арнайды.
Наурыз мерекесіне тән салт-дәстүрдің бірі ретінде көпшілікке арналып наурыз көже дайындалады. Адамдар жеті дәмнен жасалатын тағамды тойып ішеді. Себебі көжені тойып ішкен адам келесі жылға дейін тоқ болып, ішіп-жемнен тарлық көрмейді деген ұғым бар. Наурыз көжеге бата біріледі. Үлкендер: «Ақ мол болсын! Пәлежала кетсін! Төрт-түлігің сай болсын! Өрісің малға, үйің жанға толсын!» деп бата береді.
Жаңа жыл – Наурыз мерекесі елімізге құт, жерімізге бейбітшілік пен жасампаздық, жақсылықтар әкелсін!
Бибісара ЖАНӘЛІ