Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

ҮМІТ ОТЫ


Көктемгі ақ жауын себелеп бүркіп тұр. Аудан орталығынан шыққан көкқасқа ақ жауынды елең етпестен барынша қатты жүріп келеді. Машина рулін құшарлана қысқан Темір жаңбырдан тұманданып көрінген лайлы қара жолды әйнектен әрең болжайды. Жауын әлі тынар емес. Әйнек сынығынан енген ұсақ тамшылар бетіне тырс-тырс тамады.
Темір көкірек кере терең дем алды да, өзінен-өзі күлімсіреп қойды. Бұдан екі сағат бұрын әйелдер босанатын үйдің терезесінен күнұзаққа күтіп тұрып сестралар баласын көрсеткенде қуаныштан жарыла жаздап көзіне жас іркілді. Мақпалға көрсетпей сырт айнылып кеткен. Ол алғаш көрген перзентінің титімдей келбетін қайта-қайта есіне алды. Темірдің жүрегі бір түрлі елжіреп кетті де, жан дүниесін бір сезім астан-кестен қылып жіберді.
– Япыр-ай, менің де әке болғаным ба? Әке болатындай мезгілім жеткені ме? Құлындай құлдырап өткен балалық шақтың көктемі қол ұшын бермей-ақ жылы жаққа ұшқан құстардай қайырылмай кете бергені ме?
Темір жеңіл бір күрсініп алып, терезе әйнегін ашып жіберді де, кабинадан басын қисайта шығарды. Бетін қытықтаған жауынға, дала иісіне рахаттана түсті.
Оның есіне алғашқы үйленген жылы түсті. Жастардың ду-ду әсем күлкісі, кемпір-шалдардың ізгі тілегі. Ә дегенде-ақ қисалақтап мас болған бірер жігіттердің қылықтары бір-бірлеп көз алдынан өтіп, ыстық ықыласпен жымия ойға алып отырды.  Кенет ойы бөлініп кетті. Жол жиегінде екі қарайған адам бейнесі қол көтеріп тұр. Жауынға әбден малшынған, қолдарында жүктері бар. Темір машинасын олардың жанына кілт тоқтатты да, қайда бара жатқандарын сұрамастан кабина есігін ашып жіберді.
Екеуі де қалбалақтай машина ішіне енді. Іле-шала машина жүріп кетті. Олардың бірі ер, бірі әйел екен, ыңғайлары ерлі-зайыпты адамдарға ұқсайды. Оларға кабина іші нұр сепкендей болды. Бір-біріне жадырай қарасты.
– Друг, қайда бет алдың? – деп қасындағы аққұбаша жігіт бірінші тіл қатты.
– Жарөткелге.
– Ім, біз онда Қоғалыкөлден қалармыз.
– Мейлілерің. Сірә, алыстан келе жатқан боларсыздар.
– Иә, алыстан. Мына жеңгең, - деп әйелді иегімен нұсқады, – бала кезімде өскен жерімді көрем деп... Қырымға дем алуға бара жатыр едік, жолай соғайын дегесін...
– «Ау, менің туып-өскен жерім Қоғалыкөл емес пе? Мен танымайтын не қылған әйел еді?»
Темір темекі шекті, ащы темекенің түтінін құмарта сорып отырып, әйел жаққа тағы да мойынын бұрды. Ол әйнектен зорға көрінген дала көрінісіне құмартып қарап қалған. Бейне бір өскен жеріне тез жетуге асыққан қалпы бар. Темірдің жүрегі дір ете қалды. Өзінің аз ғана өмірінің ішіндегі адам бейнелерін көз алдынан өткізе бастады. Бірақ оны ешқайсысына ұқсата алмады.
Темір бір көріністі есіне түсіргісі келеді. Ол да зорға оралды. Есіне түскені: ауылға сотқарлығымен аты шыққан бұзық әкесінің көрші чечен ақсақ Әмхатдинді сабағаны. Әмхатдинның соққы жеген аянышты кейпі, шырылдап жылап тұрған Әмхатдиннің 14 жасар Мония атты қызының кейпі. Темірдің тұла бойы түршігіп кетті.
Сол жылы қыс қатты болды. Аяғын сылтып басатын қалың мұртты Әмхатдин Кавказдан көшіп келісімен үй ішімен Темірдің үйіне келіп шала дүмбіл тілімен «бауырларым біз де мұсылманның баласы едік, аяңдар бізді, баламның бір өкпесіне суық тиіп науқас еді. Осы үйді қыстап шығуға рахым етіңдер» деген. Темірдің әкесі ә дегенен-ақ көнбей Әмхатдинды кеудесінен итеріп қайда барсаң, онда бар дегендей даланы сұқ саусағымен нұсқады. Темірдің шешесі күйеуін итеріңкіреп жіберді де, чечендерге үйге кіріңдер дегендей ым қақты. Олардың суықтан тоңған жүздері күлімсірей ішке енді. Шешесі күйеуінің ырқына көнбей үш бөлменің біреуін босатып берді. Темір шешесінің сирек кездесетін батылдығына сүйсініп қалды. Әмхатдиннің екі-ақ баласы бар еді. Үлкені Ахият науқас, жөтелден төсек астында селкілдейді де жатады. Кішісі 14 жасар жалбыр сары Мония. Темір олармен көпке дейін үйренісе алмады, мінезі қатал әке олар жатқан үйге бас сұғуға рұхсат етпеді.
Темірдің Монямен танысуы қызық болды. Бір күні Темір мектептен қайтып келе жатса көрші ферманың өзі қатарлы балалары Монияны ортаға алып қол ұстаса дөңгелек шеңбер жасап шуласып жүр. Олардың тобын бұзып кетіп қалғысы келген Монияны жібермейді.
Ортада тұрған Мония балалардың келекесіне төза алмай шырқырып жылап, өз тілінде бір нәрсе деп дауыстайды. Қойнына қысқан кішкене түйіншегі бар. Сыртынан көріп тұрған Темір жолдаға ауыл иттерінен сақтық ретінде алып шыққан жыңғыл таяғын салмақтай ұстап үлкендерше айқай салды.
–Шуламаңдар, өңкей сайқымазақтар, кәні, осы тұрған орындарыңнан қыбыр етіңдер шеттеріңнен қиратып салайын. – оларға тұра ұмтылғанда балалар ыдырай қашты. Балалардың Темірден қорыққаны біріншіден қолындағы таяғы болса, екіншден әкесі. Мұның сотқар әкесі жасы қырыққа келсе де «ойбай мәгәзіннің ішінде ішіп алып пәленшенің басын жарыпты, ойбай түгеншені ат үстінен аударып алып мыжғылапты» деген дүмпіл сөз ауылдың үстінде ауадай қалқиды да жүреді. Өзімен қатар оқитын жіпсік қара Мақан қашып бар жатып:
–Әй, қаңғыбас чечен қызын қорғаштауын көрдің бе? Мұның сенің гәп екен, – деп сықылықтай күлгенде Темір күйіп кетті. Қуып жетіп Мақанға таяғын сілтеп қалды. Таяқ жаурынының ортасынан дәл тиді. Ол арқасын сәл қиқаңдатты да ойбайлап жан ұшыра жүгірді. Бұған сүйсінген Мония әсем де бала күлкісімен сықылықтай күліп, ентіге тұрып өз тілінде бір нәрені былдырықтап айта бастады. Көзінен шыттық нұры еседі. Темір тілін түсінбесе де, оның қимылынан өзіне деген ыстық ықыласын сезді.
Екеуі қол ұстаса үйге қарай жүгірді. Үйге жеткенше мәз болып әр нәрсені бір айтады. Қалың қара орамалы артқа ысырылып, сары шашы жібектей желбіреген Монияның кейпі Темірді керемет сүйсіндірді. Сол күнен бастап Әмхатдинның үй-іші Темірге жылы ұшырай бастады. Олардың әрқайсысы Темірдің кекілінен сипап өтеді. Әсіресе, Монияның шешесі Темірді өз баласындай таза көңілмен іш тартады. Темір олардың үйінде түн ортасы ауып қалғанша отыратын болды. Мінезі жайдары Әмхатдин Монияға чечен тілінде ән салдыратын. Темірге қазақша ән айтқызып қызықтап тыңдап отырады. Кейде Мония басына үлкен орамал жамылып билеуші еді.
Қыс өтіп, көктем шыға Әмхатдин Темірдің үйінен бірер шақырым жерден жеркепе соғып алды. Дәл үйден көшер алдында Әмхатдин Темір мен шешесін қимай қаты қиналды. Темірдің маңдайынан өбей сүйіп, сансыз рахметін жаудырып, бабаларына бағыштап құран оқып, бата жасады. Бірақ Әмхатдин Темірдің әкесімен қоштаспай кете барды.
Жазғы демалыс басталысымен Темір әкесімен бірге пішен шабуға барды. Екеуі мінгесіп барған қасқа биені тұсаулап қоя берді.
Әкесі өткір шалғымен пішен шапты. Бұл шабылған шөпті баулай берді. Күн қызы жаяулата  Әмхатдин мен Мония келді. Олар да бұлардың қатарынан шөп оруға кірісті. Темірдің әкесі анда-санда сусын сұрағаны болмаса, көк иісі аңқыған шөпті барынша сілтеді. Үсті-басын малмандай тер жауып кетті. Түс ауа әкесі бел орақты лақтырып жіберіп:  – Жетер енді бүгінгі орғанымыз, биені әкел, - деп бие кеткен жаққа қарай Темірге ым қақты да, көлеңкелеу жерде тұрған қауақтың аузынан жылып кеткен айранды сылқылтатып жұта бастады. Темір жүгіре басып бие кеткен жаққа қарай беттеді. Бие едәуір жерге ұзап кеткен екен.
Ол асықпай биенің тұсауын шешіп, үсті басын сылап жайдақ мініп алды да, шабындыққа қарай беттеді. Шабындыққа жете бере еркектердің айқай-шуы естілді. Темір жылдамдата жортып жетіп келсе майқан төбелестің үстінен шықты. Жеңдерін түріп алған әкесі жерде жатып бетін қорғаған ақсақ Әмхатдинды аттың ауыздығымен бас демей, көз демей құлаштап соғады.
Анадай жерде Мония шырылдап жылап тұр. Темір аттан домалай түсіп әкесінің Әмхатдинге сілтей берген жүгенінен ұстай алды да:
– Көке, көкетайым, оның не жазығы бар еді, дегенше болған жоқ, әкесінің ашулы қабағы тарс түйіліп кетті де Темірді бос тұрған қарулы қолымен құлақ шекеден қойып жіберді. Тәлтіректеп барып, әрең бойын жинаған ол басының ауған жағына қарай жүгіре жөнелді. Барынша аңырап жылап келеді. Бетін айғыз-айғыз жас жуып кеткен.
– Көке, не деген мейірімсіз қатал болдың, не деген тас жүрексің. Әмхатдин жақсы адам емес пе еді. Оның не жазығы бар еді? Мұны дауыстап айта алмады. Тамағы құрғап, еріндері илікпей тобарсып қалған.
Бір кезде артынан Мония қуып жетті. Қатарласа жүгіріп келе жатып Мония Темірдің көзінен сорғалай аққан жасты кішкентай қолдарымен сүртіп алды. Екеуі шаршағасын жүрістерін бәсеңдетіп шаңды жолдың екі жағын ала топырақты жалаң аяқ кешіп келе жатты. Мония үнсіз, басын төмен салбыратып ықылығы басылмай келеді. Екеуі жол үстіне қарама-қарсы үнсіз тұрып қалды. Үнсіздікті Темір бұзды. Оның бетіндегі жасты аялай сүртті де, шашын, көзін, бетін сипалай берді. Темірдің тұла бойы шымырлап өн бойындағы ыстық қаны лықсып қотарылғандай. Моняның демі оттың жалынындай Темірдің жүзін күйдіріп, басын шыр айналдыры. Темір оны белінен орай құшақтап өзіне тартты, денесі денесіне тигенде жан-дүниесі еріп бара жатқандай сезілді. Оның ақыл-есін Мония билеп алғандай еді. Темір өзін тежей алмады. Лаззаттың ыстық қайнарына шомылғандай Монияның діріл қағып тұрған жұқа ернінен құшарлана сүйді.
Осы сәтте Мония Темірдің құшағынан жұлқынып сытыла шықты да, екі-үш қадам артқа шегіне бере жалт бұрылып жүгіре жөнелді. Темір артынан тұра жүгіре бере айқайлайын деп еді, дауысы шықпады. Әлдене тамағына тығылғандай булығып қалды. Мония сол қалпы кете барды.
Темір сол күннен кейін екі күндей ауырып жатты. Ыстығы қатты көтеріліп сандырақтаумен болды. Бірде есін жинағанда шешесі маңдайын салқын шүберек басып отыр екен. Ішінен «Сандырақтағанда Монияның есімін айтып қойған жоқ па екенмін?» деп қуыстанды. Үшінші күні тәуір болды. «Әмхатдинның үйі көшейін деп жатыр» дегенді шешесімен әңгімелесіп отырған көрші әйелден естіді. Темір орнынан ауырсына тұрды да, киініп сыртқа шығып кетті. Ол құм етегіне келіп отырды.
Әмхатдиннің көші алдындағы бұралаңдаған  жолдан өтерін сезді. Әлде бір уақыттан кейін реактив самолетіне ұқсап шаңын сызылта өзіне қарай зымырап келе жатқан жүк машинасын көрді. Темір тірі әруақтай солпиған қалпы орнында қалшиып қатты да қалды. Машина қасынан өте бере жүк арасында отырған Монияның «хош» бол дегендей бұлғай желбіреткен орамалын көріп қалды. Машина артына Темір де жүгірді, машина артынан көтерілген шаң ешнәрсе көрсетпей, құшағына орап алды. Сонда да жүгіре берді...
Бар пәрменімен ышқына жүгірді. Ақ орамал желбіреген күйінше алыстай берді. Бірте-бірте ағараңдаған қалпы көз ұшында бұлдарып барып тұңғиық тұманға сіңіп кетті.
Бетін жас жуып дел-сал тұрып қалған Темір, аяғын санап басып кері қайтты. Көкірегі құлазып бос қалғандай. «Қашан көрер екем, мәңгіге жоқ болғаны ма?» Оның көңілінде әлгі желбіреген ақ жібек орамалдай үлбіреген нәзік үміт қана қалды.
– Міне, келдік друг, – Темір гүж еткен еркек даусынан селк етті, – мінекей, жол ақың.
– Жоқ, рахмет, – Темір оның қолын кейін ысырды.
–Әй, рахметі несі, жарты ішерсің, – деп еркек ақшаны тыққыштап еді, Темір ырық бермеді. Әйел машинадан түсе бере Темірге самарқау қарады да, үлкен көздері шарасына шыға, сәл аңтарыла тұрып қалды. Еркек кабина есігін сарт жапты. Осы сәтте жауын күрт күшейіп құйып берді. Сарт жабылған машина есігі сонау жылдан бері үлбіреп тұрған нәзік үміт жібін шорт қиғандай, Темірдің жүрегі кенет сыздап қоя берді.
Болат ОМАРАЛИЕВ
13 июнь 1971 жыл
//kyzylorda-news.kz/
07 наурыз 2018 ж. 856 1

Гость JeaOrer от 5 ақпан 2019 22:12
Generic Viagra Echeck Pharmacy cialis cheapest online prices Official Site Propecia Generic Zentel Saturday Delivery No Prescription Needed On Line