Өшпес із қалдырған қайраткер
Бүгінге дейін «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан 137 тұлғаға беріліпті. Аталған құрметті атақты иеленгендердің еткен еңбегі мен төккен тері жас буын үшін үлгі-өнеге екені анық. Сондықтан еңбегі ерен тұлғалардың өнегелі өмір жолын насихаттау мақсатында аудандық газет бетінен «Құрметті азамат» атты жаңа айдар ашып, ақпараттық мақалалар, естелік эсселер, сұхбаттар жазуды қолға алдық. Бүгін тыл ардагері, зейнеткер Рақымжан Әбдіқалықұлы Бәйменовтің «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағының алғашқы иегері Қонысбек Төрешұлы Қазантаев туралы жазған авторлық мақаласын назарларыңызға ұсынудамыз.
Өзім аудандық газеттің тұрақты оқырманымын және авторымын. Басылымның әр нөмерін үзбей оқимын. Жақында басылымнан «Құрметті азамат» атты жаңа айдар ашу жоспарланып жатқаны жөнінде хабар естідім. Редакция ұжымының ұсынысына сәйкес, қолға қалам алып, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағының алғашқы иегері Қонысбек Төрешұлы Қазантаев туралы естелік жазуға кірістім. Асылында, өшпес із қалдырған қайраткердің өмірі ауданның ғана емес, Сыр өңірінің өсіп-өркендеуімен тығыз байланысты еді.
1964 жылдың қысқы демалыс кезі болатын. Мен ол кезде №137 «1 Май» мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істейтінмін. Сол жылдың 8 қаңтар күні Сырдария селолық өндірістік партия комитетінің бюросына шықырылып, бюро мәжілісі қаулысымен аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы болып бекітілдім.
Аудандық партия комитетінің бүкіл лекциялық насихат жұмыстары «Білім» қоғамы мүшелері арқылы жүргізілетін еді. Сондықтан күнделікті қызметім аупарткомның идеология жөніндегі хатшысы Көбейсін Исаевпен тікелей байланысты болатын. Ал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаевтың қабылдауында көп бола бермейтінмін. Бір күні мені Қонекеңнің өзі шақырып, әуелі менен лекциялық насихаттың жайын сұрады. Онан соң маған бір жұмыс тапсырғысы келетінін айтты. Қолыма үлкендеу келген қалың блокнотын ұстатып, оған аудандық статистикалық бөлімнен келген және өз қолымен жазылған экономикалық талдауларды көшіріп жазу қажет деді. Жұмысты асықпай ұқыпты орындауды тапсырды. Соңынан Қонекең аудан насихатшысының аудандағы нақты жағдайды білу үшін аудандық партия комитетінің бюро мәжілістеріне, пленум, актив, аппарат жиналыстарына үзбей қатысып отыруы керектігін ескертті.
Кейін бірінші хатшының тапсырмасын бар ынтаммен орындап, өзіне табыс еттім. Қонекең аппарат қызметкерлерінің қайсысы қандай жұмысқа бейім екендігін сырттан зерттеп, біліп, олардың қабілеттерін сынап отырады екен. Менің іс-қағаздарын орындауға мұқият қарап, әдемі жазуға тырысатынымды білген Қонекең аппаратта жауапты қызметтерде он жылдан астам уақыт ұстады.
1965 жылдың басында мені аудандық партия комитетіндегі аса жауапты қызмет-партстатистика және бірыңғай партия билеті секторының меңгерушісі етіп ауыстырды. Біздер – сол кездегі аупарткомның аппарат қызметкерлері Қонекеңнің істеген ісіне, сөйлеген сөзіне, адамгершілігі мен әділеттілігіне, дарынды басшы екендегіне тәнті болатынбыз. Оның тапсырмасын бұлжытпай орындап, «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп Абай айтқандай, барлық жағынан сол кісідей болуға талаптанатынбыз. Әсіресе, Қонекеңнің әдемі жазуына қатты қызығатынбыз, әрбір әріпті Қонекеңше жазуға тырысатынбыз.
1972 жылы СОКП Орталық Комитетінің шешіміне сай аудандық партия комитеттерінде жалпы бөлім деп аталатын жаңа бөлімше ашылды. Осы бөлімнің меңгерушілігіне Қонекең мені лайық деп тауып, облыстық партия комитетіне ұсыныс берді. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасен Шаяхметұлы Бектұрғановтың қабылдауында болдым. Ол кісі менің жеке іс-қағазымды, өмірбаянымды оқып отырып:
– Шырағым, сен Қазантаев екеуің бір мектепте, бір ұстазда оқыған жоқсыңдар ма? Екеуіңнің жазуларың ұқсас екен, ал енді қызметіңді де Қазантаевша атқарарсың, – деді.
Сол жылдарда облыстық партия комитетінде жылына кемінде екі рет аутпартком бөлімдерінің жұмысына талдау жасалып тұратын. Ал Тереңөзек аудандық партия комитетінің жалпы бөлімнің жұмыстарына жақсы баға беріліп, әрдайым мадақталатын. Кейіннен басқа аудандардың бөлім меңгерушілері мені ортаға алып, жұмысымдағы ерекшеліктерді білгісі келетін. Мен оларға «Қазантаевтай басшыларың болса, сендер де мадақталар едіңдер» деп жауап беретінмін.
1973 жылы СОКП Орталық Комитеті партия билетін ауыстыру туралы шешім қабылдады. Қонекең мені шақырып алып, «партия билетін ауыстыру саяси маңызы бар науқан, қажетті жағдайлар жасаймыз, осы жұмысты басқаруды өзіңе сеніп отырмыз, ал жалпы бөлім жұмысын уақытша басқа адамға тапсырармыз» – деді. Сонымен Қонекеңнің сенімін ақтау үшін аянбай еңбек еттік және сол кісінің жәрдемімен саяси науқанды да абыроймен атқардық. Осыдан кейін 1974 жылдың қорытындысында Тереңөзек аудандық партия комитеті жалпы бөлімінің жұмысы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде республикадағы 250 ауданның ішіндегі алдыңғы қатарлысы деп танылды. Әрине, бөлімнің мұндай жоғары баға алуы да Қазантаевтың құжаттармен жұмысқа маңызды іс ретінде қарауының нәтижесі еді.
Шынымды айтсам, мені де, өзімен қызметтес болған өзгелерді де таңқалдыратыны, сүйсіндіретіні Қонекеңнің аса ұқыптылығы мен талғампаздығы болатын. Жазу үстеліндегі маңызды қағаздар мен кітаптар, басқа да керекті құжаттар ретсіз шашылып жатпайтын. Жұмыс бөлмесі жинақы, тап-таза болатын.
Қонысбек Қазантаев кадр тәрбиелеу ісіне ерекше назар аударатын. Бірде облыстық партия комитетінің шақыруымен облыс орталығына бара жаттық. Жолда Қонекең ұзақ ойға шомып, үнсіз келе жатып, кенеттен дауыстап: «Ол өзі жанып тұр-ау, жанып тұр-ау» деп екі рет қайталады. Маған қарап, Қонекең сол кездегі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сейілбек Шаумаханов туралы менен «Көп араласып, қатар жүресіңдер ғой. Ол туралы не білесің» – деді. Мен «Сейілбек – білгір жігіт, жақсы кадр» – дедім. Көп ұзамай Сейілбек совхоз директоры болып бекіді.
Қонекең аппарат жиналыстарында «Аудандық партия комитеті – аудан коммунистерінің штабы, ал аппарат қызметкерлері осы штабтан әбден ысылып, шынығып шығулары керек, сонда ғана қандай ауыр жұмыстарды да қиналмай атқаруға болады» дейтін. Осы штабтан түлеп ұшқан Т.Әбілдаев, С.Ембергенов, Х.Әбенов, І.Досмағанбетов, А.Маханбетов, О.Мұстаяпов, М.Оразаев, К.Наурызбаев, Ә.Үмбетияров, А.Пірімбетов, С.Балмағанбетов, Т.Әлиев, Е.Тұрсынбаевтар ұзақ жылдар бойы ауданымызда жауапты жұмыстарды абыроймен атқарды. Біз білетін Қазантаевтан тәлім алған көптеген азаматтар С.Шаумаханов, Е.Көшербаев, Қ.Бекхожаев, Д.Илялидинов, С.Далдабаев, М.Әбдіразақов, А.Божанова, Ж.Бодықбаев, С.Отызбаев және басқа көптеген кадрлар аудан, облыс басшылары болып қызмет атқарып, республикаға танылды.
Қонекең аса шебер, өте әділ әрі білгір, ұйымдастырушылық қарым-қабілетін жоғары басшы болғанын аудан халқы жақсы біледі. Өшпес із қалдырған қайраткердің ауданымыздың экономикасын, мәдениетін дамытуға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол өзінің мінсіз ісімен, жанының тазалығымен халықты тәнті еткен тұлға. Жалпы мұндай қайраткер-тұлғаның болмыс-бітімін бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Қонекеңнің өнегелі өмірі бірнеше кітапқа, фильмге жүк боларлық тағылымға толы. Жақында облыс басшысының қатысуымен аудан орталығындағы «Парасат» алаңынан ашылған Қ.Қазантаевтың ескерткіш-бюсті – адал еңбекке деген лайықты құрметтің жарқын көрінісі болды. Аудандық газеттің «Құрметті азамат» атты жаңа айдар ашқанын қолдаймын. Өмірден өткен және арамызда жүрген ардақты азаматтардың атқарған еңбегі мен ғибратты ғұмыр жолын насихаттау – ортақ міндетіміз.
Рақымжан БӘЙМЕНОВ,
тыл ардагері,
зейнеткер