«Үздік ағартушы имам» атанды
Облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде Сыр имамдарының алқалы жиыны өтті. Аталған жиында Сырдария аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Асхат Асқарұлы 2020 жылдың «Үздік ағартушы имамы» аталымы бойынша марапатталды. Марапатты аймақтың бас имамы Б.Абуов пен облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Жанұзақов табыстады.
Аймақтың Бас имамы Болатбек Абуовтың төрағалығымен өткен қорытынды жиында өңір мешіттерінің ҚМДБ бекіткен төрт бағыт бойынша бір жылда атқарған жұмыстарына шолу жасалып, нәтижелері бағаланды.
Жыл қорытындысына сәйкес, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің мұрындық болуымен 700-ге жуық қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылғаны жөнінде мағлұматтар берілді. Іс-шаралар офлайн (карантинге дейін) және онлайн уағыз-насихат жұмыстарын жүргізу арқылы ұйымдастырылғаны және дәрістер өткізілгені айтылды. Жат ағыммен күрес бағыты бойынша да нәтижелі жұмыстар атқарылып, діни мамандандырылған білікті кадрлар қатары толыға түскен.
Облыстың бас имамы пандемия уақытына қарамастан, асыл дініміздің насихаттау және ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен дін қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, өкілдік тарапынан дайындалған марапаттарды табыс етті. «Үздік ағартушы имам» атанған сырдариялық Асхат Асқарұлы әрбір дін өкілінің міндетін көпшілікті игі істерге ұйыту, жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю екенін айтады.
– Ағартушылық халқымыздың қанында бар қасиет. Біз өзіміздің білгенімізді жамағатқа үйретіп, дұрыс жолды нұсқап, құлшылық қағидаттарын үзбей насихаттап келеміз. Жұма уағыздарында, басқа да кездесулерде дініміздің игі істердің жаршысы екенін айтып, түсіндіреміз. Қазір әлеуметтік желі арқылы да тұрғындардың сұрақтарына жауап беруді жолға қойдық. Біздің уағыздарымыздың түпкі негізі елді бекем бірлікке, тату тірлікке үндеуге негізделген, – дейді ауданның бас имамы.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ