Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбектің наны тәтті

Еңбектің наны тәтті

Бала кезде ойынға бейім болу заңдылық-тын. Есік алдында қарбалас тіршілік жасап жатсаң да көшеге әлсін-әлсін мойын бұрып, реті келсе, ытқып тұруға да­йын болатынбыз. Сол сәтте әкем «Балам, жалқаулықты жаныңа серік қылмай, ерінбей еңбек ету керек. Еңбектің наны тәтті» дегенді құлаққа құйып өсірді.

Әкем жыл сайын ауылдағы ағайындармен бірге жер ашып, бақша дақылдарын өсіруге бейімделген. Ерте көктемде соған қамданып, бала кезімізден картоп егуге бізді де үйретті. Ондағысы «Еңбекпен шыңдалып өссе, кейін өзіне өмірлік азық болады» дегені. Сол бала күнімізден ауылдың маңайы, «Онділдә», «Қараөзек» дариясының бойы, №9 бекет тұсында егін егіп, қыстық азықты қамдайтынбыз. Енді сол әкеден алған тәлім-тәрбиенің, үйреткен еңбектің нәтижесін көрсету керек. Осы мақсатта биыл арнайы жер алып, өзім бап-күтімін жасап, картоп егіп көрдім. Сол жаз бойғы еңбек пен ондағы қызықтар туралы бөлісуді жөн көрдім.

Жүгіріп-жүгіріп жап қазсаң...

Өзі дария бойын мекен еткен халық бақша дақылдарын егуді кәсіп еткен. Оның ішінде, картоп егу бұрыннан бар. Сол бұрынғылардың ізімен ірілі-ұсақты шаруа қожалықтар осы егін түрімен тұрақты айналысады. Бақша дақылдарын егуге Тереңөзектегі «Емжар» шаруа қожалығының төрағасы Әлібек Емжаров машықтанған. Ерте көктемнен №9 бекет тұсынан жер ашып, киіз үй тігіп қояды. Содан картоп егіп, несібесін жерден көретін ауыл адамдарымен бірлесе, ала жаздай еңбектенеді. Кәнігі бақша өсірушіні аудан жұртшылығы жақсы таниды.

Ә.Емжаров биыл тыңға түрен салып, «Қа­раөзек» дариясының бойынан жер ашты. Ашылған жер 4 гектардан асып жығылады. Осыншама жерден маған да бір тақта жер бұйырды.

Әуелгі барғанда топырақ борпылдақ. Жаздық етік киіп алмасаң, жеңіл аяқ киім басқан жерде көрінбей қалады екен. Одан кейін өзіңе тиесілі тақта теп-тегіс емес. Бір жері биік, бір жері ой. Оның үстіне жерді соқамен жыртқан соң әрбір қарықтың құлағын ашып шығу керек. Картоп егудегі бастапқы жұмыс та осы. Бұл ретте, айта кететіні, егін егерде, ең алдымен, кетпенді сайлап алу қажет. Өйткені қолыңдағы құралың дұрыс болмаса, жұмыс өнбейді.

Бақшалық жерде 55-60 шақты адам жүр. Бар­лығымыз жер тырмалап, шөп-шаламнан тазартуды бастағанбыз. Бұл маңда небір тәжірибелі бақша өсірушілер жүр. Олар жұмыстың көзін біледі. Кейбіреулер сол тәжірибелі мамандарды сілтеп, олар не істесе, бізге де соны істеуді айтып қояды.

Тәжірибелілердің қатарында Ұлықбек Емжаров бар. Көпшілік ол кісіні «Улька» дейді. Абырой болғанда қатарлас тақтаға сол кісі картоп екті. Білмегенді сұрап алуға бізге жақсы болды. Жыл сайын мол өнім алып жүрген диқан өз қатарымыздағы адамдарды біріктіріп, су келу жолын, яғни жап қазуды ұйымдастырды. Әрбір саланың өзіне тән диалектісі болса, осы кезде егінге қатысты нақылға айналған сөздерді ести бастадым. Мәселен, Ұлекең «Жүгіріп-жүгіріп жап қазсаң, жатып алып су ішесің, ал жатып алып жап қазсаң, жүгіріп-жүгіріп су ішесің» деді. Айтқаны айдай келді. Барлығын ұйымдастырып, әуелгіде жапты жүгіріп-жүгіріп қазып едік, су бізге бірінші келетін болды.

Су келген соң тәжірибелілер «Тақталық жердің ой-қырын су айтып береді» деді. Яғни, тақтадағы қарықтарға су толғанда қай жер биік, қай жер ой екені көрінді. Содан биік жердің топырағын ойға тасып, айналасы бір-екі күнде тақта тегістеліп шыға келді.

Мыңласын...
Тақтаны екі-үш рет суғарғаннан кейін ыза шықты. Демек, жер дайын, енді егін егуге болады деген сөз. Ол үшін картоп тұқымын тақтап алу керек. Кейбіреулері былтырғы өнімнен сорттап, тұқымдыққа алып қалған. Ал енді біреулер көктемде сатылатын картоп тұқымдарын әкелді. Мен де алдын ала әзірлеп алғанмын. Бұл жерде ескеретіні, картоп тұқымдығында 2-3 көзден болса, өнімге кенелесің. Себебі, жер астында картоптың 2-3 көзінен түйнек тарап, ірі болады. Ал одан көп болса, картоп майдаланып кетеді.

Картоп тұқымын егетін сәт туды. Бұл күн – нағыз мереке. Әуелгі келген 55-60 шақты адам екі еселенеді. Өйткені картопты бір адам еге алмайды. Үлкендер бастап, бала-шаға улыған-шулыған болып, дария бойы дүбірге айналды. Яғни, нағыз еңбек күні мерекеге ұласады.

Тұқымдық толған қапты арқалап, қолыңа кетпен ұстап, өз тақтаңа бет аласың. Егін егуді ерте бастаған жандармен саулық сұрасып, «Мыңласын» дейсің. Бұл осы егін егуді машық еткен диқандарға «Өнім, несібе мол болсын» деген игі тілек. Сол күні бел жазбастан еңбек етесің. Бір тақта жерге екі-үш қап тұқымдық картопты таңнан кешке дейін егіп, «Мыңласын» дегенді іштей қайталай бересің. Өнім мол болса, еңбектің де қайтатыны белгілі.

Барлығының бір күнде картоп егуінің астарында үлкен мән бар. Олай дейтініміз, егін егу нәпәқа табуда еңбекке баулыса, сондай-ақ ауызбіршілікке де үндейді. Ағайын-туыс бір-біріне жақын, тілекші болады. Бір дастархан басында бас қосып, ерекше ықылас сезіледі. Оған қоса, егін егуде үлгірмей жатқанда, біріне-бірі қолғабыс етеді. Ықылым заманнан келе жатқан асарлату да осындайда іске асады. Сол күні шаршасаң да өзіңнің, бала-шағаның несібесі үшін үлкен іс тындырғаныңа қуанасың, егістік басында мәз-мейрам көңілді бо­ласың.

Су тапшылығы сезілді
Үлкендерден естігенім, осыдан 15-20 жыл бұрын қызметте жүргендер демалыс күнді осындай егістік басында өткізеді екен. Бұл, бір жағынан, табиғат аясындағы тынығу болса, бір жағынан, қыстық азықты қамдам алу екені сөзсіз. Оған өзімнің де көзім жетті. Олай дейтінім, қазір ақпараттық қоғам жедел дамығанда апта бойына жұмыс істеп, «қалтафонға» телміріп, шаршайсың. Сол шақта отбасыңмен егістік басына барып, табиғат аясында бір демаласың. Жаздың ыстық күнінде дарияға шомыласың, қармақ болса, балық аулайсың.

Картоп егілген соң жаз бойына бап-күтім керек. Апта сайын суарып, картоп сабағы жерді жарып шыққанын күтесің. Біртегіс шыққан соң бір ай көлемінде гүлдейді. Картоп сабағымен түрлі шөптер қатар өседі. Сол сәтте отақ отап, қарық ішін тазарту қажет. Шөп-шаламның судың жүруіне де айтарлықтай кедергі келтіреді. «Бір тал шөп бір құлақ суды ұстайды» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек-ті.

Су демекші, биылғы жыл облыс диқандары үшін қиын кезең болды. Қиын дейтініміз, аймақта су тапшылығы сезілді. Осыдан бірнеше жыл бұрын дария арнасынан асып, су басу қаупі төнген ауданда бұл жылы егінге қажетті су жетіспеушілігі туындады. Дарияның табаны көрінгенде егіншілердің мазасы қашты. Биыл «Судан тапшылық көрмейміз» деп дарияның бойынан картоп еккеннің өзінде дақылға су жеткізу мәселеге айналды. Шіліңгір шілденің ортасында «Қараөзек» дариясының табаны көрініп қалды. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген егіншілер бар білгенін жасап бақты. Тіпті, дария табанында із салып ағып жатқан шамалы судың алдын бөгеп, насосқа су келтірудің қамын жасады. Сол арада еңбектің еш кетпеуі үшін еңбеккерлердің үлкен дарияны бөгегенін алғаш көрдік.

Жалпы, су тапшылығы сезілгенмен, табандап аққан суды әупірімдеп жүріп егінге жеткіздік. Шамалы уақыт осылай әурелендік. Кейіннен дария арнасына су жіберіліп, күзге таман су «төбеден» құйды.

Мерейлі шақ
Ала жаздай күтіп-баптаған егіннің піскен шағы туды. «Егінші жылда арманда» дегендей, тың жер болған соң өнімді молынан алуға үміттіміз. Жаз бойы жап-жасыл болған картоп сабағы сарғайып, қурай бастады. Бұл егіннің піскенін білдіреді.

Көктемдегі дүбірлі күн алтын күзде қайта келеді. Ол егінді жинайтын мерейлі шақ. Бұл күнде де халықтың қарасы қалың. Үлкендер жағы кетпенін иығына қойып, өз жерлеріне зор үмітпен бет алады. Ал олардың артында картоп жинауға келген балалар шелектерін ұстап, тырбаңдап кетіп барады. Балаларға мұндай кез өте қызық. Өйткені, таңның атысы, кештің батысы үйден көп шыға бермейтін оларға бұл сергіту болады. Оның үстіне егін жинау оларды еңбекке баулиды, әр нәрсенің тегін келмейтінін ұғындырады.

Сонымен, ерте көктемнен басталып, ала жаздай маңдай тер төккен егінді ысырапсыз жинап алу қамына кірістік. Жаман емес, алғашқы кетпен түскеннен картоп ірі болып шыға бастады. 1 тақта дегеніміз 45 қарық болса, алғашқы сәттен жақсы өнім болғаны көңіл қуантты. Картоп ірі болса қаза бергің келеді. Сол пәтпен екі-үш кетпен қатар түсіп, өнімді сабағынан айырып, жинау үстіндеміз. Қасымыздағы жездеміз Әкімжан Беккулиев «Дана халқымыз «Шалқайып елден сұрағанша, еңкейіп жерден сұра» деп бекер айтпаса керек-ті. Еңбектенсең, маңдай тер төксең, несібе осы жерде ғой» деп маңдай терін бір сүртті. Менімен қатар биыл алғаш картоп еккен Бақытжан құрдасым да «Осы картопты қыс бойына қымбатқа сатып аламыз. Енді биыл қыс азығын қамдап, еңбекпен келген тамақтың тәтті боларын сезіп тұрғандаймын» деп марқайып қалды. Осылай асарлата жүріп, бір-бірімізге қолғабыс етіп, күн ұясына батамын дегенше егін жиналды. Сол бір сәтте «Үуһ» деп бір демалып, еңбектің қайтқанына риза болдық. Дана ақын Абай Құнанбайұлының «Еңбек етсең ерінбей, тояды қартың тіленбей» деген нақылы осындайда айтылса керек-ті.

Кеусен
Жыл сайын бақшалық дақыл жиналған соң әкем көрші-қолаң, ағайын-туысқа өнімнің бір бөлігін таратып береді. Кейбір жылдары 2-3 қап картоп егіп, 6-7 қап қана өнім алса да соның жартысын таратып, «Кең болсаң, кем болмайсың» дейді. Сондағысын ағайын-туыс пен жақындардың арасын алшақтатпай, өзінде бармен бөлісу арқылы ауызбіршілікті сақтау екенін өсе келе ұғындық.

Егін жиналғаннан кейін кеусен тарату дегеннің керемет күйге бөлейтінін де биыл ал­ғаш сезіндім. Халқымызда кеусен беру дәстүрі бұрыннан бар. Қазақ егіншілерінің күзде егін жинағанда, қырманға егін бастырғанда, басқа да дақылдардан өнім алғанда ет-жақын туыстарымен, көрші-қолаңды, ауылдастарын егін орып жинасуға көмекке шақырады. Әуелі жұмыс бас­тамай тұрып көмекке келген адамдарға арнайылап ас береді. Тамаққа тойған көмекші адамдар «Аш келгеннің аузы жұмсақ» деп білекке сыбана жұмысқа кіріседі. Ал көмекке келген жанды егін иесі құр қол қайтармайды. Оларға алғаш өнімінен ұшыр қол үзік дән бөліп береді. Бұл бұрынғының ізімен кеусен деп аталады.

«Елде болса, ерінге тиеді» дегендей, мол өнім алған соң жақындарымызға, көрші-көлем­ге тараттық. Сол арқылы ағайын-туыстың ризашы­лығына ие болдық. Бұл шақ еңбектің мерейге бөлеген сәті еді. Кеусен бергенімізге біз қуансақ, қол үзік алған ағайын-туыстың да алғысы мол болды.

Жалпы, «Еңбек түбі – береке» деп бекер айтылмайды. Сондықтан маңдай тер төгіп, еңбек еткен жан оның жемісін көретіні анық. Еңбектің қашанда наны тәтті. Айтайын дегенім осы.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

07 желтоқсан 2020 ж. 947 0