Бақшадан бақ тапқан
Ауданда Әлібек Емжарды көпшілік жақсы таниды. Олай дейтініміз, ол кісі отыз жылға жуық уақыт жолаушы тасымалдауға арналған автоколоннада еңбек етіп, Тереңөзек кенті мен Қызылорда арасында тұрғындарды тасымалдады. Техник-механик ретінде абыройлы қызмет етіп, аудан халқының облыс орталығына қатынауын үйлестірді.
Өмірінің белгілі бір белесін жолаушы тасымалына арнаған жан көпшіліктің алғысын алған. Өзі жаңа ғасырдың басында қазіргідей әркімде бас-басына көліктің жоқтың қасы. Сол кезеңдерде облыс орталығына кенттегі автобекеттен шығатын автобусты жұртшылық асыға күтеді. Екі аралық 45 шақырымды құраса, осы жолда тұрғындарды қауіпсіз жеткізу – техник-механиктің басты міндеті. Ә.Емжар отыз жылға жуық уақытта осы үдеден шығып, жолаушылардың ризашылығына бөленген.
Техника тілін жақсы білетін маманның басқа кәсіпке бет бұруы көп кездесе бермейді. Бірақ Әлібек Емжар осыдан он жыл бұрын «Емжар» шаруа қожалығын құрып, бағбандықпен айналысуға бел байлаған. Бақшалық жер ашып, содан бері аудан тұрғындарын қауын-қарбыз, асқабақ және басқа да бақша дақылдарымен қамтамасыз етіп келеді. Жыл сайын облыс орталығында және ауданда ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге қатысып, халықтың қысқа қамдануына үлес қосуда.
– Жыл сайын ерте көктемнен бақшалық жер ашуға қамданамыз. Жер құнарлылығын сақтау үшін бір жылдары 9 бекет тұсына бақша дақылдарын ексек, биыл Қараөзек дариясы бойына жақындадық. Халқымыз «Баптай білсең, жер жомарт» демей ме?! Осы қағиданы ұстанып, жерді өңдеп, ала жаздай маңдай терімізді төгеміз. Шүкір деймін, жыл сайын еңбегімізге қарай несібемізді көріп келеміз, – дейді бақшаның бабын білетін жан.
Маусымдық жұмыста Ә.Емжар көпшілікке көмегін де көрсетіп келеді. Өзі ашқан бақшалық жерден қауын-қарбыз, картоп егемін деген адамдарға жер үлестіріп, өнімін алуға септігін тигізуде. Бұл да болса көктемде біп қап картоп егіп, алтын күзде 20-30 қап өнім алатын тұрғындарға үлкен көмек екені анық.
Бағбан еңбектің қиыншылығын көрмесе, жұрт өнімнің дәмін татпас та еді. Сондықтан да бақша өсіру ісі қажырлы еңбекті талап етеді. Жаз бойына өнімділік мол болу үшін бақшалық жердің арамшөбін отау керек. Кейде су тапшылығы да қылаң береді. Ол кезде де мәселені байыппен шешу бағбанға жүктеледі. Жыл сайын осындай қиындықтарды еңсеріп жүрген Ә.Емжар мерейге бөленіп жүр. Ол 2018 жылы аудандағы «Үздік бақша өсіруші» атанып, марапат тұғырынан көрінді. Оған қоса, облыс, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған.
Бүгінде бақша өсіру отбасылық кәсіпке айналған. Бұл істе қос ұлы Бауыржан мен Мейіржан – қолғанат. Ал өмірлік серігі Тыныштық Қозыбағарова – әркез қолдаушы. Зейнеттік жасқа жетсе де қолынан кетпені түспей, маңдай терін төгіп жүрген Әлібек аға Емжар қазіргі еріншек жастарға үлгі-өнеге. Кейіпкеріміз кейінгі толқынға «Басыңды көтеріп елден сұрағанша, басыңды иіп жерден сұра» дегенді айтады.
Ердос БЕРКІНБАЕВ