1 сыныпқа 851 оқушы қабылданады
Аудан бойынша жаңа оқу жылында 1 сыныпқа 851 оқушы қабылданады деп күтілуде. Олар 45 сынып-комплектіні құрайды. Қазіргі таңда 20 тамызға дейін 1 сыныпқа қабылдау жұмыстары электронды түрде жүргізілуде.
2020-2021 оқу жылының І тоқсанын қашықтан оқыту жоспарлануда. 1-4 сынып оқушыларына ата-аналар өтініші бойынша кезекші сыныптар ұйымдастырылады. Аудан бойынша 244 кезекші сыныпта 3417 оқушы оқиды. Ал білім беру ұйымдарындағы мектепалды даярлық және 5-11 сынып оқушылары қашықтан оқытылады. Еліміздегі эпидемиялық ахуал тұрақталған жағдайда мектеп оқушылары кезең-кезеңімен дәстүрлі оқытуға көшеді.
Ауданға қарасты Жетікөл ауылындағы №174 орта мектепте елді мекендегі интернет байланысының және мектеп оқушылары санының төмен болуына сәйкес 1 қыркүйек күні оқу дәстүрлі түрде басталады. Білім ошағында санитарлық талаптар қатаң сақталатын болады. Осы орайда барлық мектепке қажетті дезинфекция құралдары мен санитайзерлерге қаржы қаралып, алынуда.
Жаңа оқу жылында оқушыларды жаңартылған білім мазмұны бойынша оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендерімен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қажетті қаржы бөлінді. Қазіргі таңда баспалармен келісімшарт жасалды. Қаралған қаржы аталған сынып оқушыларын оқулықпен қамтамасыз етуге толық жеткілікті. Ауданға қарасты барлық мектепте оқулықтар 20 тамызға дейін жеткізіліп, оқушылар 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етіледі.