Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп қоршауын жаңалап берді

Мектеп қоршауын жаңалап берді

«Қызылдихан» шаруа қожалығы – аудандағы ірі шаруашылықтар қатарына жатады. Шаруашылық еңбеккерлері жыл сайын Сыр дақылы күріштен мол өнім жинап, ауданның, облыстың жақсы жетістікке жетуіне зор үлес қосып келеді. Қызылдихандық диқандар биыл да айтулы нәтижеге қол жеткізіп, науқандық жұмыстарды мереймен аяқтады.

Бүгінде шаруасы шираған шаруашылық жан-жақты жұмыстарды жүргізуде. Оның ішінде, О.Мәлібаев ауылындағы әлеуметтік жағдайдың жақсаруына үлес қосуда. Соның айғағы ретінде, жақында шаруа қожалық есебінен №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің қоршауы жаңаланды. Бұл білім ордасына қызылдихандықтардың ерекше тартуы болды.

– Біз шаруашылықтың ілгерілеуіне қарқынды жұмыс жүргізіп келеміз. Соның нәтижесінде, жаңа қырман салынды. Бір жарым млрд-қа техникаларды толық жаңалап, алдағы онжылдықта бұған қатысты мәселе туындамайды. Еңбеккерлер де тұрақты еңбекақысын алуда. Міне, осылай жұмысымыз шираған соң елдің жағдайына, әлеуметтік мәселелеріне көңіл бөлудеміз. Осыған байланысты біз мектептің қоршауын жаңартып беруді қолға алып, оны іске асырдық. Мектеп алдына қақпа және айналдыра қоршау орнатылды. Мұны шаруашылық еңбеккерлері атқарды. Осы бағыттағы жұмыстарды келер жылы жалғастыратын боламыз. Атап айтқанда, ауылдағы «Сырдария аудандық ауруханасының 16 жалпы тәжірибелік аймағының» ғимаратын қорашауын да жаңалап, елді мекенде қоғамдық монша салуды жоспарлап отырмыз, – дейді шаруашылық төрағасы Алданберген Құлбаев.

Шаруашылықтың аталған білім ошағына үнемі қолдау білдіретінін айтқан мектеп директоры Ләззат Палымбетова қоршаудың жаңаланғанына ризашылығын білдірді.

– Жыл сайын қызылдихандықтар мол өнімге қол жеткізуде. Сол арқылы шаруашылық жұмысы жанданып, әркез мектепке қолдау білдіріп келеді. Мәселен, өткен жылы 3 млн теңгеге домбыра және спорт үйірмесіне қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Ал биыл көктемде мектепке 37 дана ұлттық киім алып берді. Сонымен қатар, пандемияға байланысты қашықтан білім алуға 3 оқушыға планшетті сыйға тартты. Одан бөлек, жыл сайын оқу жылы басталар шақта мектеп оқушыларының оқу құралдарына көмек көрсетеді. Шаруашылық тарапынан мектеп қоршауын жаңалап беруі де бізге үлкен тарту болды. Сондықтан мектепке үнемі қолдау білдіріп келе жатқан шаруашылық басшылығына ризашылығымызды білдіреміз, – дейді мектеп директоры.

Іргелі шаруашылық алдағы жылдары ауылдағы әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ауқымды жоспар құрып отыр. Бұл елді мекеннің көркеюіне айрықша ықпал ететіні сөзсіз.

11 қараша 2020 ж. 378 0