Бесарық пен Қоғалыкөлде ауқымды жұмыстар атқарылуда
Берекелі Бесарық – аудан орталығынан шалғай болғанымен, қалаға жақын орналасқан ауыл. Елді мекеннің бүгінгі күндегі даму көрсеткіші көз тоярлықтай. Ынтымақ, бірлігі жарасқан елдің шаруасы шираған сайын ауыл гүлденіп, көркейіп келеді. Оның үстіне өз дәуірінің әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге ерекше еңбек сіңірген атақты шопандар – Жұмабек Әбенов, Сейітбек Мінайдаров, Рабиға Іздіқұлова, даңқты сауыншы Күлжан Әуезова шыққан жердің бүгінде көркейіп, гүлденбеуі әсте мүмкін емес.
Әлбетте, ауылдың берекелі болуына халықты жұмыспен қамтып отырған «Абай-Дәулет» ЖШС және «Бесарық» ЖШС ықпал етіп отырғанын айтпай кетуге болмайды.
Түтіні тұзу ұшқан елді мекеннің уақыт өткен сайын көшесі жарықтандырылып, жолы жөнделуде. Өткен жылдары ауылдың кіреберісіндегі көпір жаңғыртылса, елді мекенге кіретін жол да жөндеуден өтті. Енді «Қызылорда-Аэропорт-Қоғалыкөл-Шіркейлі
» аудандық маңызы бар автомобиль жолына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу аяқталса, ауыл тұрғындарының қала мен аудан орталығына қатынауында мәселе туындамайды.
Аталған жолды жөндеу жұмыстары өткен жылы басталған болатын. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен «Қызылорда-Аэропорт-Қоғалыкөл-Шіркейлі» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 0-8, 13,5-18 шақырымын күрделі жөндеуді бастауға 401,546 млн теңге бөлініп, 6,25 шақырым жол жөндеуден өткізілді. Ал биылғы жылы жобаны аяқтауға облыстық бюджеттен қосымша 386,214 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жолдың құрылысын мердігер компания «Қыран» ЖШС (директоры Жайсан Сыздықов) атқаруда.
Айта кету керек, жол құрылысы саласындағы тәжірибелі компания осыған дейін ауданда бірқатар көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізді. Өткен жылы Тереңөзек кенті орталығындағы Н.Ілиясов және Қ.Бөдеев көшелерін байланыстаратын жол құрылысын сапалы жүргізді. Сондай-ақ өз қаражаты есебінен «Майжарма» каналына көпір салып берген болатын. Осындай жол саласында тәжірибесі мол мердігер компания аудандық маңызы бар жолдың да сапасына мән беруде.
Қоғалыкөл мен Бесарық ауылы тұрғындарының қатынас жолына жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен аудан әкімі Руслан Рүстемов танысты. Аудан басшысына жоспар бойынша жұмыс атқарылып жатқанын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бақтияров айтып өтті. Сондай-ақ мердігер мекеме өкілі С.Журумбаева бүгінгі таңда асфальттың бірінші қабаты төселіп, тегістеу жұмыстары жасалып жатқанын жеткізді. Аудан басшысы мердігер мекеме қызметкерлерінің жол салудағы тәжірибесіне тоқталып, сапаға аса мән беру керектігін, үнемі бақылауда ұстауды атап көрсетті.
Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Қоғалыкөл ауылы да дамудың даңғыл жолына түскен. Бұл топырақтан бүкіл елге танылған Қожықовтар әулеті, алыс-жақын шет мемлекеттерге белгілі Лапиндер әулеті, сахна саңлағы Сәбира Майқанова, тұңғыш театр суретшісі Ләтипа Мұңайтпасова секілді дарынды, қайталанбас тұлғалар түлеп шыққан. Сондықтан да Қоғалыкөл – дарындылардың құтты мекені саналады.
Құт мекенде тұратын тұрғындардың мәселесі де назардан тыс қалып келе жатқан жоқ. Оның ішінде жол азабын тартқан көше тұрғындарының мәселесін шешіп беру алдыңғы кезекке қойылған. Осы орайда Қоғалыкөл ауылындағы Ы.Алтынсарин көшесінің 0,5 шақырымына аудандық бюджет есебінен орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Осыған байланысты аудан әкімі көше тұрғындарымен кездесіп, қуанышты хабарды жеткізді.
– Жергілікті бюджеттен 26 млн теңге бөлініп, осы көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жуық арада жол құрылысы басталса, көше бойындағы тұрғындардың жол мәселесі шешімін таппақ. Біз әркез тұрғындар өтінішін ескеріп, бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен осындай жұмыстарды атқарып келеміз, – деді аудан басшысы.
Асфальт жол төселетінін естіген тұрғындар өз қуаныштарын жеткізді. Көше тұрғыны Қ.Қырданов ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.