Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КӘСІПКЕР АЛМА БАҒЫН ӨСІРУДІ ҚОЛҒА АЛДЫ

КӘСІПКЕР АЛМА БАҒЫН ӨСІРУДІ ҚОЛҒА АЛДЫ


ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жалағаш ауданының кәсіпкері Еркін Бекжанов алма бағын өсіруді қолға алды. Ол 5 гектар жерге 13 мың түп алма ағашын екті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрманбай ата» шаруа қожалығының иесі Еркін Бекжанов өзінің туған ауылы Темірбек Жүргенов елді мекені үшін перзенттік парызын өтеуді мақсат тұтқан. Меценат өз қалтасынан 20 миллион теңге қаржы шығарып, ауылының іргесінен жер алып, 13 түп мың алма ағашын егуге кірісті. «Қазір мұнда жұмыс қызып жатыр. Жеті мыңдай көшет отырғыздық. Қалғанын бүгін-ертең егеміз. Туған жерімнің жасыл-желекке әрі жемісі мол өлкеге айналғанын қалаймын. Жұмысқа өз ауылымның тұрғындарын алдым. Енді ағаштарды күтіп-баптасақ, кейін жемісін берсе, игілігін де осы ел көретін болады», - дейді Е.Бекжанов. Игі істі қолға алған кәсіпкер Жүргенов ауылының қадірлі қариясы Әшен атаның батасын алды. «Кеңес үкіметі кезінде осы ауылда алма бақ болған. Кейін қараусыз қалғандықтан ізін де таппай қалдық. Мен сол бақта бағбан болған едім. Қазір қуанышымда шек жоқ. Ісімізді Еркін деген азамат жалғастырып жатыр. Қаншама адамға жұмыс тауып берейін деп отыр. Кәсібіне береке берсін. Қазір алма ағашының біреуін болсын өз қолыммен егіп кетейін деп келіп отырмын», - деді 94 жастағы ақсақал.
13 сәуір 2018 ж. 1 055 0