Мәслихаттың білікті маманы
Мемлекеттік қызметші – халықтың қызметшісі. Осы салада отыз жылдан астам уақыт қызмет жасап келе жатқан азамат туралы қалам тербеу де ғанибет. Мен Сталбекпен бір сыныпта оқыдым. Оның бала күнгі мақсат-мұраты маған таныс. Көп арманының бірі – мектеп бітіргеннен кейін жоғарғы білім алып, туған жер – Тереңөзекті түлетуге үлес қосу болатын. Біздің кезімізде жоғарғы оқу орнына түсу оңай емес еді. Үздік біліммен қатар екі жылдық еңбек өтілі талап етілетін. Үздік оқушы, үлгілі түлек Сталбек Тобағұлов әскери борышын өтеп, еңбек майданында шыңдалып барып, алты жылдан кейін жоғарғы оқу орнына түсті. Онда да дайындық курсына.
– Әскерден келген соң Тереңөзектегі ПМК – 1608-де құрылысшы болып еңбек еттім. Менің жоғары білімді құрылысшы болу талабымның барын білетін іскер басшы, Ұлы Отан соғысының ардагері Ыбырай Сейпулов ағамыз Жамбыл гидромелиоративті құрылыс институтының дайындық курсына жолдама берді. Ағаның қолдауымен оқуға барып, өз білімімен түскеннен кейін 45 сом стипендия алып тұрдым. Бұл үлкен көмек болды, – дейді С.Зікірияұлы.
Қазақы қисынға салсақ, әр пенденің пешенесіне жазылған тағдыры бар. Бұл тұрғыда Сталбектің саналы ғұмыры туған жері Тереңөзекте өтіп келеді. Бес жыл студенттік өмірдің дәмін татып, жоғары білімді құрылыс маманы болып елге оралды. Сол кезеңде Тереңөзекте кадрлар ұясы саналған №88 селолық кәсіптік-техникалық училищеде құрылыс шебері болып еңбек етті. Осы арнаулы оқу орнында жасқа тән жігерлігімен, білімділігімен көзге түскен С.Тобағұлов аудандық кеңес атқару комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөліміне нұсқаушылық қызметке шақырылды. Онда 3 жыл жемісті жұмыс жасап, соның нәтижесінде Халық депутаттары поселкелік кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ол осы қызметте бұрынғы поселке, қазіргі кенттің қанатын кеңге жайып, даму жолында аянбай жұмыс жасады. С.Тобағұлов жаңа ғасырдың бас кезінен аудан әкімі аппаратында, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде жетекші маман болып еңбек етті. Ал 2006 жылдан осы кезге дейін аудандық мәслихаттың бөлім басшысы.
Міне содан бері отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Қоғам талабына сай өзгерген аудандық атқару комитеті, аудандық кеңес, поселкелік кеңес және аудандық мәслихат құрамында жауапкершілігі мол жұмысты мінсіз атқарып келеді. Осы жылдар жүлгесінде екі рет кент басшысының орынбасары болды. Одақ кезінде поселкелік кеңес төрағасының орынбасары болғанын жоғарыда айттық. Ал еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін кент әкімінің орынбасары болып жұмыс жасады. Нарықтың кезіндегі қиыншылықтарды кент тұрғындарымен бірлесіп шешуге күн-түн демей аянбай еңбек етті.
Бір айта кетерлігі, Сталбектің анасы қарапайым еңбек адамы Оразкүл апа Тобағұлова да аудандық кеңестің екі мәрте депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы тұрғындардың аманатын абыроймен орындады. Кейін оның ұлы Сталбек анасы тәрізді халық қалаулыларымен тығыз қарым-қатынаста болып, жұмыс жасады. Депутаттар корпусының сайлаушылармен байланысын нығайтуға ықпал етті. Өз жұмысында аға әріптестері Абызбай Махамбетов, Әлия Төлеуова, Шырынкүл Елеусінова тағы басқалардан үйренгені мол. Аудандық мәслихаттың хатшылары Абдолла Атақаев, Батырбек Маншарипов, Ержан Әжікеновтердің басшылығымен мәслихаттың беделін арттырды. Халық сайлаған депутаттармен бірлесе жұмыс жасай отырып, аудан экономикасын дамытуға, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолында белсенді жұмыс жасап келе жатқан Сталбек Тобағұловтың еңбегі әрдайым елеулі. Ол «Қазақстан мәслихаттарының 20 жылдығы», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» және «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медальдармен марапатталған.
Отбасында сүйікті жары Ақтеңге Қалжановамен бірге бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Ұл-қызынан бес немере сүйіп отырған бақытты әке. Бүгінде білікті маман С.Тобағұлов жастарға өзінің бай тәжірибесін үйретіп отырады.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ