Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАМҚОР БАСШЫ, БІЛІКТІ БАСПАГЕР

ҚАМҚОР БАСШЫ, БІЛІКТІ БАСПАГЕР

«Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деп Леонардо да Винчи айтқандай, аудан тіршілігімен біте қайнасып, елеулі еңбегімен елге танылған қария Сергей Тоқсанбаев аудандық баспаханаға ерекше еңбек сіңірді.
Күн-түн демей аудан, ауыл халқына басылымның уақытылы жетуіне ықпал еткен ардагер аға қызметінің қиыншылығын бір сәт еске алады. Мақаланы жарыққа шығару үшін әрбір әріпті қолмен теріп, айна қатесіз шығуына мекеменің қызметкерлері аянбай тер төкті. Олар басылымның уақытылы шығуын, өзіне бекітілген мақаланы бірінші болып теру үшін жұмысқа ерте келіп, керекті әріптерді бөліп алып, басшылық берген тапсырманы мүлтіксіз орындайтын. Сонымен қатар олар қате кетпес үшін сауаттылық пен ептілікті, жылдамдық пен жауаптылықты сезіне білді. Осы жұмыстың сапалы ұйымдастырылуына мүлтіксіз орындалуына жауапты мамандар барлығын тексеріп алып, олқылық болдырмау мақсатында сүзгіден өткізіп, түн ауа баспа машинасына апарып, ертеңгі газетті шығаруға беретін. Қызметкерлердің орасан еңбегін бағалаған бірінші басшы жаңашылдықтан да тыс қалмады. Ол линотиП машиналарын алдырып, әріп теру жұмысын жеңілдетіп, жетілдіріп отырды.
Оның ерекше жұмыс жүргізу тәсілі мен өзіндік ұстанымы өзгеге ұқсамайтын. Жұмысты тиімді жүргізу барысында кейде баспаханада қағаз мөлшері артығымен болатын. Білікті басшы алдын ала болжап, қағазды алдын ала Мәскеуден тапсырыспен алдыратын. Бұл ретте мекеменің артық қоры барын біліп көршілес аудандар мен қала орталығындағы баспаханалар Сергей ағайдан уақытша қағаз беруін өтініп, сұрап алатын. Үнемі тиянақтылық пен ыждағаттылықты жаны сүйген ол әріптестеріне әр кез көмек қолын созуға даяр тұратын.
Қарамағындағы қызметкерлеріне ерекше қамқорлық жасаған Сергей ағай басылымның елге жетуіне зор үлес қосты. Қарамағындағы қызметкерлердің денсаулығын ойлап, аудандағы май зауытымен келісім-шартқа отырып, қорғасынмен жұмыс істейтін қызметкерлерді үнемі сүтпен қамтамасыз етіп отырды. Бұл дегеніңіз басшының жұмысты жақсы ұйымдастыра білуі, келешекке келісті жоспар құруы, ұжымды ұйымдастыра білуінің арқасы.
Сергей Әбдірахманұлы туған жерді түлетуге бар қажыр-қайратын салды. Аудандық спорт комитетінің төрағасы, коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарған. Ал, зейнетке шыққанға дейін 21 жыл бойы аудандық баспахана директоры болды. Мұнда білікті басшы ретінде талай тірліктің басы-қасында болып, ауыртпалық жүгін көтеруге тырысты. Сондай-ақ, аудан халқына күні-түні басылымның уақытылы шығып, тарауына өзіндік үлесін қосты. Осы еңбегі үшін құрметті қария «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды.

Б.ОРДАБЕКОВ
03 сәуір 2019 ж. 1 363 0