Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бос уақытым бола бермейді

Бос уақытым бола бермейді

Аудандық газеттің «Шалғайда жүрген бір түлек» атты айдары газет оқырмандарымен тұрақты түрде қауышып келеді. Бүгінгі айдарымыздың қонағы шы­ғармашылықтың тұтқасын ұстаған жан-жақты азамат. Қалдыбек Жайсаңбай туған жерден түлеп ұшқаннан соң ақпарат айдынында еңбек жолын бастап, бүгінде өзіндік орнын қалыптастырған журналист. Ол бірнеше қызметті қатар алып жүріп, әріптестері арасында өзінің тың идеяларымен ерекшеленіп келеді.
–Қалдыбек, туған жерден шалғайда жүрген қасиетті Сыр елінің түлегі ретінде өзіңізге ауылдың сәлемін жеткіземін. Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеті соңғы жылдары сіз секілді жастармен сұхбаттасып, туған жерді түлетуге атсалысып жүрген азаматтар туралы жазуды қолға алды. Қазір сіз елден шалғайда жүріп, ақпарат саласында белсенді еңбек етіп жүргеніңізден хабардармыз. Дегенмен өз аузыңыздан естіген бөлек дегендей, туып өскен ортаңыз және қазіргі кездегі қызметіңіз туралы айтсаңыз?
– Ауылдың сәлемін жеткізген са­йын марқайып қаламын. Рақмет! Қай жерде жүрсем де Тереңөзекті ойлаймын да жүремін, өйткені сол жерде туған-туыстарым мен кластастарым қалды. Кейде ватсаптағы топта сыныптастарым бір-бірінің тойларына, туған күндеріне барып, тойлап жүргенін көріп, қатты қызығып кетемін. Жаныңда жанашырың көп кезде, сені ешқандай қиындық жеңе алмайды ғой. Бір жағынан, шалғайда жүрсем де жалғыз емеспін. Бұл жерде де туған-туыстарым және жерлестерім бар. Кейде жерлестерімізбен бас қосқанда ауылды еске алып, біраз естеліктер мен әңгімелер айтып, ауылда болып қайтқандай әсер аламыз. Былтыр жазда сыныптастарым ауылдан Алматыға келіп, қырық жасқа келгенімді атап өттік. Қуанышты жағдай ұзақ уақыт есімізде қалды.
Ақпарат саласындағы еңбек жолымды Қызылорда қаласында 1998 жылы СЕТА радиосында бастаған едім. Кейін Елордадағы Қазақ радиосының қара шаңырағында еңбек ету бақытына ие болып, артынша Алматыдағы бөлімшесіне ауыстым. Ол жерде музыкалық редак­цияның шеф-редакторы қызме­тін атқарып жүріп, Қазақ радиосында жарты ғасыр жұмыс істеген әйгілі дикторлармен қызметтес болып, олардың қайталанбас тәжірибесінен біраз сусындағаным бар. Кейін коммерциялық радио-телеарналарға ауысып, енді қазір Еуразия арнасында диктор, «Қазақ ТВ» арнасының кейбір бағдарламаларын аударып, оқимын. Небір түрік, кәріс сериалдары мен Голливуд фильмдерін дыбыстадым. Енді былтыр ғана ашылған «Люкс ФМ» радиосының бағ­дарламалар директоры қызметін атқарып жүрмін.
– Шығармашылық жолын таң­­дауға не себеп болды. Телерадио жүргізуші, продюсер, сценарист, аудармашы, диктор екеніңізді білеміз. Мұның барлығын алып жүру қиын емес пе? Қандай бағдарлама немесе жоба авторысыз. Жаныңызға жақыны қайсысы. Жалпы идеяны іске асыру үшін не істеу керек?
–Шығармашылық жолын не­ге таңдадыңыз деген сұраққа көбіне «аяқ астынан солай болып қалды» деп жауап беретінмін.
1990 жылдары екі қолға бір жұмыс табу өте қиын болғанын барлығы да біледі. Тереңөзектегі №35 орта мектепті аяқтаған соң менің бар ойым – жұмыс істеп, ақша табу болды. Тезірек аяққа тұрып, зейнеткер әжеме көмектескім келді. Сол мақсатпен кез келген жұмысқа дайын болдым. Радиодан жүргізушілер керек деген хабарландыруды есті­генде еш ойланбастан сонда барып, «сен дайын емессің, сені ала алмаймыз» десе де жарты жылдық тегін «іс-тәжірибеден» өтіп, ақыры дегеніме жеттім.
Қазіргі таңда жиырма жылдан астам уақыт жинаған тәжірибемнің арқасында бірнеше қызметті қата­рынан алып жүруге шамам жетеді. Теле­бағдарламалар жүргізіп, оған продюсерлік етіп, небір бағдар­ламаның сценариін жазып, аударып, дыбыстайтын жан-жақты маман ретінде бірнеше арна мен радиода қызмет атқарып жүрмін. Мұның барлығын алып жүру қиын болар еді, бірақ менің осы уақытқа дейін жинаған тәжірибемнің арқа­сында соншалықты қиын емес. Теле-радиода жұмыс істегісі келе­тін жастарға құлаққағыс болсын, бәрі бірден болмайды – уақыт, шыдам­дылық және еңбекқорлық керек! Сонда алынбайтын қамал болмайды!
Осы жасап жүргендерімнің ішінен жаныма барлығы жақын! Егер жасап жүрген жұмысың өзіңе ұнамаса, оған ғашық болмасаң еңбегіңнің жемісін көру мүмкін емес.
– Қазір жастардың арасында екі қолға бір жұмыс таба алмай, дипломдарын кәдеге жарата алмай жүргендер бар. Оларға не айтасыз?
– Диплом бастысы емес! Менің екі дипломым жатыр және осы уақытқа дейін сол дипломдарымды еш жерде сұрамады. Неліктен деп ойлайсыз? Адамның қолынан іс келіп тұрса, дипломың екінші орынға кетіп қалады. Мысалы, журналис­тика факультетін тәмамдап, «мен дип­лом алдым, енді мені жұмысқа алыңыздар» деп келетіндер өте көп. Бірақ, өкінішке қарай, сол журналистика факультетінен шыққан түлектердің 90 пайыздан астамы тәжірибесіз болғандықтан жұмыссыз қалады. Ал қазіргі нарық заманында коммерциялық теле-радио арналарға дайын қызметкерлер керек. Сондықтан, қазіргі жастарға айтарым, дипломды қашан алам деп күтіп жүре бермей, бос уақытында өзінің жұмыс істегісі келетін сала­дағы мекемеге барып, отымен кіріп, күлімен шықса да, тегін болса да, әке-көке деп жүріп, үйреніп алу керек. «Ерінбей еңбек етсең, ерінің асқа тиеді» демекші, жас кезде бар күшіңді салып, үйрен, оқы, таны, тәжірибе жина! Ал бірнеше жылдан кейін соның жемісін жейсің. Ең бас­тысы бір орында тұрып қалмау керек – дегеніңе жетсең де үйренуді, оқуды тоқтатпа! Әйтпесе, сенен де мықты адам келсе, жұмыссыз қаласың! Осы кеңесіме құлақ асатын іні-қарындастарым болса, мархабат!
– Сіздің қарбалас тіршілі­гіңіздің арасында бос уақыт­ыңыз болса немен айналысасыз?
– «Болса» деп дөп түстіңіз ғой. Негізі 4-5 жерде қатарынан қызмет етіп, үйде бала-шағаға да уақыт бөліп, үй шаруасына да қолғабыс жасағың келеді. Бірақ барлығына бірдей уақыт жете бермейді. Уақыт жетсе де, адам емеспін бе, шаршаймын. Бірақ, қолым қалт етсе болды үй шаруасымен айналысқанды ұнатамын. Есіктің алдында кішігірім шаруа қожалығым бар – тауық, ешкі, бау-бақша дегендей. Бос уақытымды соларға арнасам, миым тынығып, шабытып оянып, шығармашылық жұмысыма көбірек күш саламын.
–Қандай кітап оқисыз? Өмірлік ұстанымызға айналған қандай қанатты сөзіңіз бар?
– Өкінішке қарай, заманауи кітаптардан іліп аларлығы өте аз. Көбіне классиканы қайталап оқып шыққанды жақсы көремін. Өйткені, осыдан 15-20 жыл бұрын оқыған кітапты қазір басқаша көзқараспен оқисың, басқаша түсіне бастайсың. Сол мақсатпен карантин кезінде уақыттың көптігін пайдаланып, Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯсын», Есенберлиннің «Көшпенділерін» қайталап оқып шықтым. Баяғыда үлкендер айтатын еді «жас келе адам тарихқа үңіле бастайды» деп. Қазір мен тарихқа қызығушылық танытамын. Сондықтан осы кезде ұстанып жүрген қанатты сөздерімнің бірі «өткенін білмей қазіргісі мен болашағын бағалау мүмкін емес».
– Отбасыңыз жайлы айт­саңыз.
– Әйелім Әлия да осы журналистика саласында жұмыс істейді. Қазір «Еуропа плюс», «Қазақстан радиосында» жаңалықтар жүргізушісі. Ол да тележүргізуші, аудармашы, диктор секілді қызметтерді қатар алып жүретін жан-жақты журналистердің бірі. Бір ұл, екі қызым бар. Ұлым Бексұлтан 9 сыныпта, үлкен қызым Майя 3 сыныпта, ал кішкентайым Мәриям екі жаста. Бар байлығым осылар! Кешке жұмыстан шығысымен осылардың күлкісін есту үшін үйге қарай зымырап, ұшамын. Өзім қатты балажанмын. Сондықтан болар балаларым маған жақын. Кішкентай кездерінде әйелім жұмысқа кетіп бара жатса, «сау бол» деп, қолдарын сермеген күй отыра беретін. Ал мен кетіп бара жатсам, жылап жібермей қоятын. Үйге жұмыстан қажып, шаршап, сөйлеуге шамам болмай жетсем де, балаларымды көргенде бәрі де ұмытылып кетеді.
– Алда көрермендеріңізге ұсы­н­атын қандай жаңалық­тар­ыңыз бар?
– Қазіргі кезде 31-арнаға тұр­мысы төмен отбасылардың үйіне жөндеу жұмыстарын тегін жасап беретін «Біз үйдеміз» бағдарламасын дайындап, шығарып жатқан жайымыз бар. «Қазақ ТВ» арнасына тарихи «Алтын орда» бағдарламасын дайындап қойдық, атауы айтып тұрғандай сонау Шыңғысхан заманынан бас­тау алған Алтын орданың біздің кезге дейінгі тарихы қамтылады. Көрермендерді қуантатын басқа да көптеген жоба дайындап жатырмыз.
Ал негізгі жұмыстарымның бі­рі радиода. Яғни, «Люкс ФМ» радиосында. Біздің ұжым карантиннен кейін қажып, шаршап жүрген тыңдаушылардың көңілін көтеру үшін көптеген жоба жасап, эфирге шығарып жатыр. Қызылордада 106,4 FM толқынында тараймыз.
– Шығармашылық жолыңыз­да сәттілік серігіңіз болсын!


Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ
29 қыркүйек 2020 ж. 359 0