Редактор бағаны
Аудандық «Тіршілік тынысы» газеті тышқан жылына зор жетістікпен қадам басты. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде аудандық басылым таралымы тұңғыш рет 3500-ден асып, оқырман саны артты. «Сан сапаға сай болуы тиіс» демекші, енді уақытылы, сапалы, дәйекті ақпарат таратып, басылым беделін арттыруға жұмыс жасауымыз қажет. Бұл біз үшін қоғам тарапынан да, серіктестік тарапынан да қойылып отырған басты талап.
Өздеріңіз білетіндей, аудандық газетте оқырман сұранысына сәйкес арнайы айдарлар ашылып, тұрақты түрде ақпараттық мақалалар жариялануда. Мәселен, біз өткен жылдың қазан айынан бастап «Қара сөз» айдары бойынша Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының қара сөздерін басылымның әр нөмері сайын жариялап келеміз. Жаһандану кезеңіндегі руханият саласының дамуына және жас ұрпақтың ұлттық сипаттағы терең біліммен сусындауына жол ашатын бұл айдар газет оқырмандарының көңілінен шықты деп айтуға толық негіз бар. Осылайша, биыл 175 жылдық мерейтойы тойланатын ақынның шығармашылығын насихаттауды біз былтырғы жылдан бастадық және бұл жұмыс биыл да жалғасатын болады.
Сонымен қатар аудандық газет тілшілерінің ұсынысымен қараша айында «Кент көшелері» айдары бойынша мақалалар жазуды қолға алдық. Мақсатымыз кенттегі 70-тен астам көшенің тарихын, көшелерді иеленген тұлғалардың кім екенін, олардың елдің дамуына қаншалықты еңбегі сіңгенін зерттеп, зерделеу болатын. Бүгінге дейін бірнеше көшенің тарихын жаздық және бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз. Мұнан бөлек, басылым бетінде «Сүйінші», «Бәрекелді», «Оң өзгеріс», «Сұхбат», «Шалғайда жүрген бір түлек», «Спорт», «Білім», «Денсаулық» «Айтайын дегенім», «Ой талқы», «Сот төрелігі», «Жігерлі жас» секілді айдарлар бойынша тұрақты түрде ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде ауданымыздың, облысымыздың ғана емес, егемен еліміздің абыройын асқақтатып жүрген жерлестеріміз көп. Олардың есімдерін, атқарып жатқан жұмыстары мен жетістіктерін жас буын өкілдері түгел білмейді. Сондықтан шығармашылық топ мүшелерінің ұйғаруымен басылым бетіне «Шалғайда жүрген бір түлек» айдары бойынша жерлес тұлғалар жөнінде мақалалар, сұхбаттар, естелік-эсселер жазуды қолға алған болатынбыз. Өмір жолы өнегеге толы жерлестерімізді насихаттау ауданымыздың мерейін арттырады деп сенеміз.
Сондай-ақ ел Президентінен бастап ашықтық пен қолжетімділік қағидатын ұстанып отырған тұста аудандық газет сайтын және электронды жәшігін жетілдіруді жоспарлап отырмыз. Енді кез келген оқырман біздің электронды поштамызға газет бетінен оқығысы келген ақпараттар жөнінде ұсыныс түсіре алады. Басты мақсатымыз – қоғам пікіріне құлақ асу және оқырманға жақындай түсу.
Бірнеше жылдан бері елімізде «Бір ел – бір кітап» жобасы жүзеге асып келеді. Аталған жоба негізінде аудандық газет ағымдағы жылдан бастап «Бір ұжым – бір кітап» жобасын қолданысқа енгізді. Яғни қаламгерлер ай сайын бір кітапты оқып, талқылап, ой қорытып, білімдерін кеңейтпек. Мәселен, қаңтар айында аудандық газет ұжымы филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышы» атты кітабын оқуда. Аталған кітапта емле ережелерінен бастап, тыныс белгілердің қатесіз қойылуы, қосымшалардың дұрыс жалғануы секілді маңызды мағлұматтар жазылғанын ескерсек, бұл газет тілшілеріне ауадай қажет дүние.
Осылайша, жаңа жылдан бастап редакция ұжымы жаңа айдарлар ашып, жаңашыл жұмыстарды қолға алуда. Алдағы уақытта да оқырман қауыммен ой бөлісіп, ұсыныс-пікірлеріне сай жұмыс жасайтын боламыз. Бұл басылым таралымының артуына басты негіз болады деп сенеміз. Ендеше, қолға алған жұмыстарымыз жемісті болғай!
Ақтөре Ибрагимұлы,
Сырдария аудандық
"Тіршілік тынысы" газетінің
Бас редакторы