Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тыным таппайтын зейнеткер

Тыным таппайтын зейнеткер

Мырзекеңді 75 жаста деп айтпайсың. Қимылы ширақ. Зейнеткерлікке шыққанына 15 жыл болса да үйде қол қусырып отыруды білмейді. Ауласындағы үлкен үйінің есігіне қарама-қарсы темір-терсекке толы сарайы бар. Бұл Мырзекеңнің қазіргі жұмыс орны. Өтінішпен келген көлік иелерінің радиаторларының тесілген жерін дәнекерлейді. Матор да жинайды. Бір басында темір ұсталық өнер де бар. Ешкімнің меселін қайтармайтын Мырзалы аға Орынбаев – ақкөңіл жан.

Ертеде бір ауылда тәжірибелі ұста болыпты. Ол ауыл-аймақтың тұрмысқа пайдаланатын құралдарын жөндеп береді екен. Біздің кейіпкеріміз Мырзекеңді көпшілік осындай ұста ретінде таниды. Бұзылған тұрмыстық құралдарын жөндетіп алады. Мырзалы ағаның отбасы қыстай тамызық-отын іздемейді. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, өзінің «Пирожковоз» аталатын көлігімен үйіне жаздай отын тасып, оны бұтап, жинап қояды. Қыста шетінен алып жаға берсін деп. Зейнеткер бағбандық кәсіпке де бейім. Бұдан 15-20 жыл бұрын отырғызған тал-теректері бүгінде зәулім болып, аспанмен таласып, үйінің жанына ерекше көрік беріп тұр.

–Мырзекең көп жыл аудандық автотранспорт кәсіпорнында жүргізуші болып еңбек етті. Оның қолынан келмейтін іс жоқ. Әскерге кеш барды. Азаматтық борышымызды екеуміз бірге атқардық. Ақжарқын, бауырмал мықты азамат, – дейді зейнеткер Р.Раймов өз досы туралы.

М.Орынбаев зейнеткерлікке жетпей ол еңбек ететін кәсіпорын тарап кетеді. Амал жоқ, кенттен сырт жерге жаздай картоп егіп, одан алынған өнімді күзде Байқоңыр қаласына апарып өткізіп, жұмыссыздықты өз күшімен осылай жеңіп шығады.

– Үйде қарап отыра алмаймын. Еңбек етсем өзімді жеңіл сезінемін. Маған ауру-сырқаудың жоламайтыны да сондықтан, – дейді Мырзалы аға.

Зейнеткер М.Орынбаевта бос уақыт бола бермейді. Үй шаруасынан тыс кезде аудандық қоғамдық ұйымдар орналасқан «Достық» үйіне келіп, өзі тәрізді ардагерлермен бильярд ойнайды. Талай аудандық жарыстарға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Мырзалы аға – өнегелі отбасының отағасы. Зайыбы Шынар апамен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсірді. Үлкен қызы Алтынай – бүгінде доғарыстағы капитан, Жамбыл қаласында тұрады. Жолдасы Қайрат та әскери қызметкер, шені полковник. Олар бір қыз, үш ұл тәрбиелеп өсіріп отыр. Ұлы Асылбек – Алматыда жолаушылар вагоны зауытының цех бастығы. Қызылордадан теміржолшылар техникумын, одан кейін Алматыда темір жол транс­порты инженерлер институтын бітірген. Келіншегі Сәбира – мұғалім. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Асқар ауданға белгілі кәсіпкер, шаштаразшы. Оның суреті ілінген билборд аудан орталығында орналасқан. Келіншегі Айнұр – аудандық әскери комиссариаттың қызметкері. Жас отбасында екі ұл, бір қыз өсіп келеді. Кіші ұл Әділбек те аудандық әскери комиссариатта еңбек етеді. Жолдасы Нұргүл – Жалағаш бекетінде диспетчер. Олар үш қыз, бір ұл тәрбиелеуде. Қашанда көңілді жүріп, көп іс тындыратын Мырзекең өнегелі отбасының тірегі, ардақты ардагер.

Шаһарбек БАЛТАБАЙҰЛЫ

22 қыркүйек 2020 ж. 364 0