Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Күрішші Жеміскүл

Күрішші Жеміскүл

Егінжайдың ерлері туралы жазу қалам ұстаған жандардың қасиетті парызы. «С.Сейфуллин-Жер» ЖШС-де зейнеткер күрішші бар» деген хабарды естіп, шаруашылықтың егінжайына аттандық. Ауыл әкімдігіндегі мамандардың көмегімен зейнеткер күрішші ана Жеміскүл Смағұлованы №1 бригададағы күріштігінен кездестірдік. Жүзі күнге тотыққан, орта бойлы, жұмыс киімі өзіне жарасып тұрған күрішшіні бригада жетекшісі Жұматай Дүйсенбаев бізге таныстырды.
– Жеміскүл апа – мықты деген күріш­шілеріміздің бірі. Шаруашылықта 20 жылдан астам уақыт еңбек етеді. Сондықтан күріш өсірудің қыр-сырын жақсы меңгер­ген. Нағыз еңбек үшін жаратылған жан. Бір мезгіл қарап отырмайды. Өз кәсібінен бөлек бригада аспазы ауырып қалса немесе үлгере алмаса, оның орнын басып, көмектеседі, – дейді бригадир.
Ж.Смағұлова негізі бұрын ауданға қа­ра­ған «Қаракөл» ауылының тумасы екен. «С.Сейфуллин» кеңшары 1975 жылы құрылғанда жездесі осы ауылға бас маман болып жұмысқа орналасады. Апасы ауру-сырқаулы болғандықтан Жеміскүл отбасымен көшіп келіп, көмектеседі. Содан осы ауылда тұрақтап қалып, түрлі жұмыс атқарады. Өмірлік жолдасы Ақберген Асанов шаруашылықта механизатор болып еңбек етеді. Еріне ілесіп Жеміскүл 1983 жылы күріш егуге шығады. 40 жыл механизаторлық өтілі бар Ақберген бүгінде зейнет демалысында. Жұбайы екеуі алты бала тәрбиелеп өсірді. Ұлдарының арасынан Қанат әкесінің жолын қуып, бүгінде мықты механизаторлар санатында. Ол Серікбол Арық басқаратын жеке қожалықта комбайн жүргізеді. Қожалықтың шебер механизаторы болғандықтан оған жақында «Джондир» жаткасы сеніп тапсырылды. Бұл бір жағынан жастарды қолдау болса, екінші жағынан шағын қожалықтың шетелдік комбайнды сатып алуы, ауылда ауыл шаруашылығының дамып келе жатқандығын көрсетеді.
Жеміскүл апа биыл 67 жасқа шығады екен. Зейнеткерлікке шығып, еңбек жолын жалғастырғанына 14 жыл болыпты.
– Үйде бос отырғым келмейді. Ала жаздай күріш егемін. Қыста үйге отын дайындаймын. Еңбек етпесем ауырамын. Үнемі қозғалыстың арқасында денсаулығыма ешқандай шағымым жоқ. Басшылар сенім артқан соң, жұмысымды жалғастырып келемін, – дейді диқан.
Биыл зейнеткер күрішшінің қарауында 40 гектар Сыр салысы бар. Егін бітік өсіп, жайқалып тұр. Мұның алдындағы жылдарда 50-60 центнерден өнім алыпты. Ал биыл одан жоғары көрсеткішке жетемін деген үмітте.
«Балапанды күзде санайды» дейді халық даналығы. Кәнігі диқан, еңбеккер ана егінжайының өнімі мол болсын деген тілектеміз.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

14 қыркүйек 2019 ж. 829 0