Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Атақты сауыншы

Атақты сауыншы

Ажар әжеміз туралы көзкөргендер «бала кезінен-ақ еңбеккеш жан еді» деп еске алады. Олардың айтуынша, еңбекпен ерте есейген әжеміз мектепті жақсы оқумен қатар, ата-анасының жәрдемшісі болған. Ол сабақтан тыс уақытында мал фермасында еңбек ететін ата-анасына көмектесіпті.

Адам бойындағы жақсы қасиеттер оның еңбекке, ізденіске құлшысының негізінде қалыптасады. Еңбекпен өрілген ғұмыр иесі Ажар Қалиеваның жақсы қасиеттері бүгінде ұрпаққа үлгі. Әжеміз колхоз орталығындағы жетіжылдық мектепті үздік тәмамдағаннан кейін сол кездегі «Қазақ ССР-ның 50 жылдығы» атындағы совхоздың механикаландырылған сауын фермасында механик болып жұмыс жасайтын атамыз Әбдікәрім Қалиевке тұрмысқа шықан. Үлкен әулеттің келіні атанған. Үлкен әулет дейтініміз, бабаларымыз Әли мен Қалидің қыстауын сол заманда білмейтін жан кемде-кем болған. Бұл кісілер енші айырып, дүние-мүлік бөліспеген қарапайым бақташылар еді. Отбасындағы балалар өте жақын араласып, бірлігі жарасқан көпбалалы отбасы ретінде танылған. Келіндерінің қонақжайлылығы да көпке үлгі. Сондықтан ауыл тұрғындары біздің әулетті «Отбасылық бригада» деп атаған. Себебі, біздің отбасының ер-азаматтары ауыл шаруашылығының барлық саласында тіпті, құрылыста да еңбек еткен.

Келін болып түскеннен кейін көркіне ақылы, мінезіне ниеті сай Ажар Қалиева еңбеккерлер отбасының келіні атанып, сол отбасының отын лаулатқан. Алғашында тәжірибелі сауыншыларға көмекші болып, еңбек жолын бастаған ол өз ісіне тез машықтанып меңгеріп алған. Қарауына жиырмадан аса сиыр қабылдап алып, ерте татқан еңбектің дәмімен қоса жауапкершіліктің де жүгін сезіне білген.

– Қиналған кездерімде көп болды, өзім де тым жас едім. Жас адам арманшыл келеді ғой. Сауыншылықтың қыр-сырын әуелі анамнан, ал сиырдан мол сүт алудың құпиясын, көпшілік біле бермейтін әділ-тәсілдерін сол кездегі атақты сауыншы, бірнеше рет аудандық, облыстық кеңестің депутаты болған Ұмытшақ Тұңғышбаевадан үйрендім, – дейтін әжеміз бізге бала күнімізде.


Иә, «Жас келсе іске» демекші, өзінің табандылығы мен қажырлы қайратының арқасында сауыншы әжеміз А.Қалиева сиырдан мол өнім алып, алғы шептегі сауыншылар қатарынан көріне білген. Бұл жетістікке ол кісі өзінің ынта-жігерінің, қажырлы еңбегінің арқасында жеткені анық.

Бұрын әр сауыншыға сүтті әрі ірі 20-25 сиырдан бөлініп, бекітіліп беріледі екен. Совхоздың таңдаулы сауыншысы атанған әжеміз УДС аппаратымен күніне 20 сиыр сауыпты. Сауыншылық кәсіппен алғашқы айналысқан жылдары Ажар Қалиева 20 сауын сиырдан орта есеппен 1200-1300 литрге дейін сүт алса, бесжылдықтың соңғы жылында аталған сауын сиырлардың әрқайсысынан 3337 литрге дейін сүт сауған. Бұл ол кезде аудан бойынша ең жоғарғы көрсеткіш болатын.

Өмір жолы өнегеге толы Ажар Қамыс­байқызы күнделікті жұмыс тәртібін қатаң сақтайтын. Таңертеңгісін ерте барып астауларды тазалап, сиырлардың жемін үлестіріп, таң атамын дегенше сиырларды сауып бітетін. Бақташылардың сиырларды уақытылы азықтандырып, ойдағыдай бағып, жаюын үнемі қадағалап отырудың өзі үлкен ыждағаттылықты талап етеді. Сиырды екі мезгіл жемдеп сауып, сауылған сүтті өткізіп, бұзауларына сүтін беріп қас қарайғанша жұмыста жүретін еңбеккеш жан жұмыспен қатар үйдің де шаруасын бір кісідей дөңгелете білді. Жұмыстағы еңбегі еленіп, сала үздіктеріне берілетін ауыспалы вымпелді бірнеше мәрте жеңіп алғаны біз үшін мақтаныш.
Отбасы мен сауыншылықты қатар алып жүріп әжеміз талай жетістікке жетті. Бірнеше мәрте ел сенімін арқалап аудандық, облыстық депутат болып сайланды, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Мұнан бөлек «Коммунистік еңбектің екпіндісі» деген құрметті атағы да бар. Әжеміз жасаған бейнетінің зейнетін көріп, ұл-қыз тәрбиелеп, ардақты ана атанып, жетпіс бес жасында дүниеден өтті. Алтын құрсақты анадан, атақты сауыншыдан тараған балалары да қазір әр саланың тізгінінде жүр.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында еңбек ардагерлерінің өнегелі өмір жолы мен жеткен жетістіктерін насихаттау қажеттігін айтқан. Осы мақсатта өзімнің әжем жайлы жазылған мақаламды оқырман қауымға ұсынуды жөн көрген едім.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ

22 қыркүйек 2020 ж. 483 0