Күдеріқожаның әдеби мұрасы
Биыл елімізде аталып өтілетін маңызды атаулы даталар қатарына ақын Күдеріқожа Көшекұлының 200 жылдық айтулы мерейтойы да кіреді. Сырдария ауданының Шіркейлі ауылының талантты тумасы жөнінде бүгінгі күнге дейін аз жазылған жоқ. Десе де ақынның әдеби мол мұрасы әлі де зерттеуді қажет етеді.
Жалпы, айтыс өнерінің көрнекті тұлғасы Күдеріқожа Көшекұлы 1820 жылы Сыр өңірінде дүниеге келгенімен оның азамат болып қалыптасу шағы, елге танылу кезеңі Қарағанды облысы аумағындағы Қарқаралы маңында өткен. Өзі де сол өңірдегі Салқынды бұлақ атты елді мекенде 1858 жылы, яғни небәрі 38 жасында өмірден озған. Қолда бар деректерге сүйенсек, ақынның ХІХ ғасырдың отызыншы жылдары Орталық Қазақстанға қоныс аударғанын аңғарамыз. Мұның басты себебі діни сауатты болған Күдеріқожа Көшекұлының бала оқытып, қасиетті Ислам дінін насихаттауды мақсат етуімен тығыз байланысты. Ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің пайымдауынша, ол сондай-ақ ақындық дарыны тектілігімен ұштасқан, өте сөзшең, терең білімді және жан-жақты болған.
– Тарихта Дуана Қожа деген атпен бізге жеткен – Мәдіқожадан Қылыш, одан Көшек батыр, одан Күдері мен Таспа туады. Ағайынды екеуі де өз заманының белгілі, абыройлы ақындары болған. Күдеріқожа Көшекұлының бізге жеткен әдеби мұралары көп емес. Оның алғашқы жинаушысы – Мұхтар Әуезов. Ол Ташкенттегі Орта Азия университетінде (1922 жылы) оқып жүргенде сол кездегі «Таң» журналының 1925 жылғы №4 санында «Күдеріқожаның Қарқаралы тауымен қоштасқаны» деген тақырыппен «жинап бастырған Мұхтар» деп шығармасын жариялатады. Қазақтың ақын қызы Мариям Хәкімжанова «Таң» журналында араб әрпімен басылған шығарманы латынша әріппен көшіріп, отызыншы жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының қолжазбалар қорына өткізеді. Қолжазбалар қорының №2 бумасында профессор Сұлтанғали Садырбайұлының дерегі бойынша «Күдеріқожаның Абылайға айтқаны» және «Қарқаралы тауымен қоштасқаны» атты екі өлең сақталған. 1925 жылы «Таң» журналында жарияланған «Күдеріқожаның Қарқаралы тауымен қоштасқаны» деген өлеңі халық әдебиетінің (жермен) қоштасу жанрына жатады, – дейді ақынның әдеби мұрасын зерделеген Күнімжан Құдайбергенова өз еңбегінде.
Негізінде қазақ әдебиетінде қоштасу өлеңдері бірнеше түрге бөлінеді. Ол қатарға белгілі бір адамның кіндік қаны тамған туған жерімен, ақ сүт берген ата-анасымен, қиналғанда қол ұшын созып, қуанғанда сүйеніш болған ағайын-туысымен, қолы жете алмаған махаббатымен қоштасуынан туындаған туындылар жатады. Аты айтып тұрғандай, қоштасу жырларында адамның көңіл толқынысы, дәрменсіздігі, жан тебіренісі көрініс табады. Кейбір қоштасу жырларында кейіпкердің көрген зәбірі мен қорлығы баяндалады. Осы ретте туған жермен қоштасу жырларында тарихи мәліметтер мен тұлғалар есімі айтылады. Ал Күдеріқожа Көшекұлының «Күдеріқожаның Қарқаралы тауымен қоштасқаны» деген өлеңі жөнінде тарқата айтар болсақ, бұл өлеңнің бізге жеткен үш нұсқасы бар екенін атап өтуіміз керек. 1925 жылы «Таң» журналында жазушы М.Әуезов жариялаған өлең мәтіні бірінші нұсқа ретінде қарастырылады. Ал әр жылдары әр жинақта жарияланған туындылар екінші нұсқа болса, үшінші нұсқа жоғарыда біз көрсеткен қолжазба тұр және ол бүгінгі күнге дейін еш жерде кең көлемде жарияланбаған. Сонымен қатар, аталған үш нұсқаның тақырыбы бірдей екеніне назар аударғанымыз жөн. Туындыда айналамызды жау қоршады, енді сынақты сәттер көбейеді, бізге басқа жаққа көшу керек деген мәтінде ойлар айтылады. «Қош-қош» деген сөздер қолданылады. Түптеп келгенде, бұл өлеңнің тарихы әлі де зерттеуді, әдеби тұрғыда лайықты баға беруді қажет етеді. Өйткені, шығарманың шығу және таралу тарихында аңызбен астасқан естеліктер де бар. Соның біріне тоқталғанды жөн көрдік.
Қиын-қыстау кезеңдердің бірінде патша әскерлері озбырлық танытып, Сарыарқа жазығын жаулап ала бастайды. Қиындықтан қажыған халық жаудың қанқұйлы қолынан сескеніп, Қарқаралы тауын тастап көшпек болады. Бұл қарапайым жұртшылық үшін қиын еді. Қаралы көш басталған кезде ауылдың үлкенкішісі жиналып, сауатты, хат танитын Күдеріқожа ақынды шақыртады. Оған аманат ретінде қолқа салынады. Көпшілік енді Қарқаралы тауын көреміз бе, көрмейміз бе деген жан қиналысын алға тартып, мұң мен зарды ұштастырып, қоштасу жырын жазып беруді өтінеді. Ел сұранысынан кейін аталған өлең дүниеге келеді және халық арасында тез тарайды. Бірақ, жазбаша нұсқасы сақталмайды, тек ауызданауызға жетіп, айтылады. Ақын Күдеріқожа Көшекұлынан бізге жеткен әдеби мұралардың ең маңыздысы, оның тағдырлы, талантты ақын Ұлбике Жанкелдіқызымен айтысы екені анық. «Бұрынғылар «Домбыра ұстап, өлең айтатұғыннан қайым білесің бе? деуші еді. Қайым деп екі ақынның өлеңін айтады екен. Сонда қайым өлеңнің ілкі басы Күдеріқожа мен Ұлбике қыз айтысқан. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардыкі мақал, тақпақ..» деп жазған екен атақты Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Ұлбике ақынның Күдеріқожамен айтысын атақты фольклорист В.В.Радлов жинақтап шығарған. Ол «Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в Южный Сибири и Джунгарской степи» кітабының қазақ әдебиетіне арналған үшінші томына енген. Аталған кітап 1870 жылы Санкт-Петербургте жарыққа шыққан деген мәлімет бар. Оның пленкаға түсірілген нұсқасы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар қорында сақтаулы тұр екен.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев ақын Күдеріқожа Көшекұлының шығармашылығын зерттеп, жинақтап бізге жеткізген, қазақ әдебиеті тарихында жаңа жазба әдебиетінің негізін қалауда ерекше еңбек сіңірген тұлға. Ол 29 жасында атақты Бұқара, Ташкент, Түркістан шаһарларын аралап, араб, парсы, шағатай, түркі, өзбек, тәжік тілдерін үйренеді, олардың жазба әдебиетімен танысады. Одан әрі Сыр өңіріне келіп Майлықожамен жолығады, кеңінен пікірлеседі. Осы сапарында жеті атасынан бері ақындық үзілмеген Дуана қожа Көшек, Күдеріқожа жөнінде тың мәліметтермен танысады. Ақындар айтысының қолжазбаларын жинап, олардың құрылымын, көлемін, ақындардың дарындылық мүмкіндігін зерттеуге ден қояды. Мәшһүр Жүсіп Көпеев Ұлбике мен Күдері айтысының басқа ақындар айтысымен салыстырғанда ең көп жолдан – 106 ауыз өлеңнен тұратынын да анықтаған. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде осыдан он шақты жыл бұрын жазылды. Ақын шығармашылығын зерделегенде, Күдеріқожа Көшекұлының өмірбаяны мен өлеңдерін, әдеби мол мұрасын тыңғылықты зерттеген, көп ізденген оның тікелей ұрпағы, әдебиет зерттеушісі Ибрагим Мұхамеджановтың есімін айтпай өту мүмкін емес. Ол Күдеріқожа мен Ұлбике ақын он бір рет айтысқанын жазып қалдырған және олардың соңғы айтысы Қараөзекте өткен деген мәлімет қалдырған. Бұл туралы Күнімжан Құдайбергенова «Күдері ақынның әдеби мұрасы» атты еңбегінде айтады. – Ұлбике мен Күдеріқожаның айтысын көп зерттеушілер бірін жеңдіріп, иә жеңілдіріп қарастырады. Біздіңше екі ақынның да айтыстағы мақсаты жеңу немесе жеңілу болмаса керек. Қазіргі зерттеу деңгейінен пайымдасақ олардың арасында бір-біріне деген сүйіспеншілік сезім де болған сыңайлы. Оған дәлеліміз: Жанкел ақынның Ұлбикені Күдеріге таңуы, Бойтанның құнын Күдеріге шығартуы. Күдерінің тікелей ұрпағы, әдебиет зерттеушісі, аудармашы Әбибулла Мұхамеджановтың мына бір өлең жолдары да сөзімізді дәлелдей түседі:
Айналдым әруағыңнан бабам менің,
Іздесем қабіріңді табар ма едім?!
Қосылсаң тағдыр жазып Ұлбикеге
Ізі боп қос тұлпардың қалар ма едім?
Ұлбике болар еді – ау Әже маған,
(Бұл қиял талай мені мазалаған...)
Қос арман қосыла алмай қыршын кетті,
Қу тағдыр қалай «қатты жазалаған»?.
И.Мұхамеджановтың «Құнанбайды таныған би немесе Күдеріқожаның шешендік сөздері» атты мақаласы автордың айтуынша, қазақтың көрнекті ақыны, Қуаныш Баймағанбетовтен 1966 жылы жазылып алынған деректер негізінде жинақталған. Ал Күдеріқожаның айтқан шешендік сөздерін Қ.Баймағанбетов 1936 жылы Алматыда республикалық «Халық таланттыларының слетіне» қатысқан ақын, әнші Қалмағанбетов Тайжаннан жазып алған. Ол Жезқазған облысы, Ұлытау ауданының азаматы, – дейді Күнімжан Құдайбергенова.
Ақынның 200 жылдық мерейтойы елдегі төтенше жағдаймен тұспа-тұс келді. Каратин талаптарының шектелуі айтыстың ұйымдастырылуына да тұсау болғаны жасырын емес. Бірақ, Күдеріқожа Көшекұлының әдеби мұраларын зерттеу оның артында қалың оқырман бар кезде ешқашан тоқтамайды. Қиын кезеңде өмір сүріп, халықтың жоғы мен барын жырға қосқан ақынды дәріптеу бүгінгі ұрпақтың еншісіндегі іс. Бұл іске ауданның өнер, мәдениет, білім саласының қызметкерлері жанашырлықпен атсалысқаны абзал. Өйткені, халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың әдебиетте биікке көтерілуі, оқырман қауым сүйсіне оқитын шығармаларды жарыққа шығаруы сонау Күдеріқожа Көшекұлынан негізі қаланған тектілікте жатыр. Бұл келесі мақаланың тақырыбына арқау болмақ.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ