Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әке жолын жалғаған

Әке жолын жалғаған

Ел тыныштығы жолында құрбан болған қырағы сақшылар көп бізде. Солардың бірегейі – ауданда туып-өсіп, ел қорғаны бола білген Талғат Қозыбаев. Оның есімі сырдариялықтардың есінде жаңғырып тұр. Өйткені, қылмыскермен арпалысып, жәбірленушіні қорғау жолында өз өмірін қиған жаужүрек батыр ел жадында мәңгі сақталады.

Небәрі 25 жасында ерлік көрсеткен бейбіт күннің батырына ерекше құрмет көрсетілді. Ата-анасы Есентай аға мен Шынар апайға полиция лейтенантының Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен ІІ дәрежелі жауынгерлік «Айбын» ордені табыс етілді. Сондай-ақ, оның құрметіне білім алған №131 орта мектеп пен өзі туып-өскен көшесіне және Тартоғай ауылына кіреберістегі ұзын көшелердің біріне есімі берілді.

Өшпес ерлік жасаған Талғат Қозыбаевтың артында ізін жалғастырушы Алмат Есентай қалды. Жас­тайынан алғыр болып өскен батырдың ұлы бала кезден ел тыныштығын қамтамасыз етуді арман етіп, сол жолда құқық қорғау саласында жоғары білім алып келеді.

Алмат – әкесінің атындағы №131 орта мектептің түлегі. Осы білім қабырғасында ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алды. Мектеп табалдырығын аттағанда қазір бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер-ұстаз Алтын Нұртаева алғашқы ұстазы болды. Жасы мектеп жасына толмаса да Шынар апай Алматты мектепке әкеліп, А.Нұртаеваға тапсырған. Ол кездегі ойын баласы әуелде қағылездеу болғанымен, кейіннен оқуға ынта қойып, білімге құштарлығы артқан.

– Бастауыш сыныптан-ақ Алмат оқуға зерек бола бастады. Сабақты жақсы оқыды. Егер тәртібі нашарлай бастаса, жеке сөйлесіп, «Мына мектепке сенің батыр әкеңнің есімі берілген. Сондықтан сен барлығына үлгі болуың керек» деп отыратынмын. Соның арқасында тәртібі мен сабақ үлгерімі жақсы болды. Одан кейін осы Алмат оқып жүрген сыныпты «Талғат Қозыбаев» атындағы сынып ретінде ашуды мектеп басшылығына ұсындым. Балаларға патриоттық тәрбие беру мақсатында осы сынып ашылып, сол кездегі облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед келді. Оқушылар өздерінің тақпақтарын айтты, Алмат та өлең жолдарын оқыды. Сонда Мұхтар Абрарұлы «Мына баланың көзінде от бар екен» деді. Алмат жоғары сыныптарда оқып жүргенде де бақылап жүрдім. Мектеп бітіремін дегенше өзін-өзі ұстауы қалыптасты, таза жүретін болды. Өзі айтып жүретін арман жетегінде құқық қорғау саласы бойынша оқуға түсті, – дейді ардагер-ұстаз.

Бүгінде жиырма жастағы жігіт – ҚР ІІМ Б.Бисенов атындағы Қарағанды академиясының «Тергеуші» мамандығы бойынша 4 курс курсанты. Осы уақыт аралығында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қыр-сырын меңгеріп келеді. Биыл оқуды бітірсе, әке жолын қуып, ел тыныштығы жолында еңбек ететін болады. Қазіргі таңда Алмат Есентай аудандық полиция бөлімінде іс-тәжірибеден өтуде.
– Біз әркез Талғат Қозыбаевтың өшпес ерлігін ұмытпаймыз. Әркез оның ата-анасына құрмет көрсетіп келеміз. Жыл сайын Талғат Қозыбаев атындағы қазақ күресінен республикалық турнир ұйымдастырылады. Әке жолын қуған Алмат аудандық полиция бөлімінде тәжірибеден өтуде. Бізге келгеннен бастап қатардағы полиция болып, тергеу ісінің қыр-сырын үйреніп жатыр. Бойында жауынгерлік рух бар, салаға деген қызығушылығы жоғары. Келешекте қырағы сақшы боларына сенімдімін, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция майоры Артур Нұржанов.  

  Болашақ тергеушінің бойындағы қырағылық пен өжеттік, қайсарлық пен батылдықты біз де байқадық. «Мен бейбіт күннің батыры болған әкеммен әркез мақтанамын. Оның ізін, ісін жалғастыру жолында құқық қорғау саласында еңбек етсем деймін. Бұл жолда тәртіп пен жауапкершілікті біліп, қырағы жұмыс жасау қажет. Мен оған дайынмын», – дейді Алмат Талғатұлы.

Биыл тәжірибеден өтіп шыңдалса, алдағы жылдары өңірдегі тергеушілер қатары сенімділік пен қырағылықты ту еткен жас сақшымен  толығатыны анық.

Ердос БЕРКІНБАЕВ

18 қыркүйек 2020 ж. 1 128 0