Бейбіт күннің батыры
Небәрі 25 жасында өшпес ерлік көрсетіп, бейбіт күннің батыры атанған Талғат Есентайұлы Қозыбаевтың есімі ел жадында мәңгі сақталары хақ. Жақында батыр ұлдың рухына арналып «Қызылорда» телеарнасының ұжымы «Бейбіт күннің батыры» атты қысқа метражды деректі фильм түсіріп, көрермен назарына ұсынды.
Аталған фильмде Талғат Есентайұлының өмір есігін ашқан сәтінен бастап, қамшының сабындай қысқа ғұмыры журналистік шеберлікпен суреттелген. Отбасында жалғыз ұл болып өскен оның бала күнгі арманы, мектеп қабырғасындағы белсенділігі және талапты, еңбекқор екені баяндалған. Сонымен қатар, фильмде Т.Қозыбаевтың жоғары оқу орнын оқыған жылдары, алғашқы еңбек жолын бастауы мен жас құқық қорғаушының түрлі қиындықпен бетпе-бет келуі және Тартоғай ауылында атқарған жұмысы қамтылған.
Құқық қорғау саласының қаһарманы атанған Т.Қозыбаевтың ерлігі мен өрлігіне арналған туындының негізгі бөлімінде батыр ұлдың өмірінің ақырғы сәті, қаскөйдің қолынан қаза табуы да көрініс тапқан. Фильм авторы, «Қызылорда» телеарнасының редакторы Шолпан Исабекованың айтуынша, бұл туынды Отанын шексіз сүйген оғланға құрметтің бір парасы.
– Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – болашақ жоқ. Өскелең ұрпаққа ел тарихындағы батыр аға-апаларымыздың ерлігі мен еңбегін дәріптеудің маңызы зор. Талғат Есентайұлына арналған фильмде оның саналы өмірін толық қамтуға тырыстық. Мақсатымыз – батыр ұлдың өрлігін паш ету арқылы, жас ұрпақ бойына Отансүйгіштік, адалдық, ержүректілік секілді асыл қасиеттерді сіңіру. «Қызылорда» телеарнасының ұжымы алдағы уақытта да осы бағытта жаңа туындылар ұсынатын болады, – дейді Шолпан Исабекова.
Айта кету керек, аталған қысқа метражды фильм Т.Қозыбаевтың ата-анасы Есентай аға мен Шынар апаның да көңілінен шығыпты. Бауыр еті балаларының рухы қайта жаңғырғанына көңілдері босаған абзал жандар «Қызылорда» телеарнасының ұжымына алғысын айтуда. Біз де ұлттық құндылықтарды ұлықтауды мақсат еткен төл арна қызметкерлерінің жұмысына шығармашылық сәттілік тілейміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы