Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Белсенділікті ту еткен

Белсенділікті ту еткен

Әлеуметтік желіге «Аудандық газет оқырмандармен ашық диалог орнатуға әркез дайын» деген тақырыпта үндеу жарияланған болатынбыз. Аталған үндеуімізді оқыған оқырман қауым редакцияға хабарласып, пікір білдіріп, газетке мақалалар ұсынуға қызығушылық танытты. Солардың қатарында бүгінде Қарағанды қаласында тұратын жерлесіміз Молдабек Шерімов өзінің тереңөзектік досы Кенжебек Әбдіханов туралы мақала жазылса деген ұсынысын айтты. Аталған ұсыныс негізінде белсенділікті ту еткен білікті азамат жөнінде қалам тербеп, басылым бетіне мақала жариялауды жөн көрдік.

Аудан тұрғындарына есімі етене таныс Кенжебек Әбдіханов 1960 жылдың тумасы. Ол аудан орталығындағы қазіргі №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің түлегі. Жастайынан жан-жақты, белсенді болып өскен азамат әлі күнге шапшаң, тез әрі шалт қимылдайды. Бұл оның бітім-болмысына сіңген қасиет десек артық айтқандық емес. Тіпті, бұл ерекше белсенділік пен тік мінез Кенжебек Әбдіхановқа ғана тән секілді және жарасады.

Алпыстың асқарына шыққан абыройлы азамат отбасында он ағайынды болып өсіпті. Әкесі Әбдіхан соғыс және еңбек ардагері болған. Ал алтын құрсақты анасы Манат Әбдіхалыққызының тәлімді тәрбиесі, ұрпағына берген ақыл-кеңесі әлі күнге өз мәнін жойған жоқ. Қарапайым отбасында әке тәлімін, ана мейірімін бойға сіңіріп өскен ұрпақтар ата-анасын әркез мақтан тұтады. Өмірден өз орындарын тауып, кәсіби маман атанып, елге еңбек етуінің негізі отбасындағы тәрбиенің жемісі деп санайды. Бүгінгі кейіпкеріміз Кенжебек Әбдіханов азамат болу үшін тек білімді болу шарт емес, елжандылық, туған жерге деген сүйіспеншілік, мәрттік қажет дейді.

Қос бірдей дипломы бар азамат еңбек жолын 1974 жылы ХХІ партсъезде механизатор болып бастаған. Кейіннен орман шаруашылығы саласына қызмет ауыс­тырып, аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде орманшы, аға орманшы қызметін абыроймен атқарған. Қазіргі таңда шебер ретінде тапсырылған жұмысты тиянақты атқарып, жемісті еңбек етіп келеді. Ұжымда сыйлы, қоғамда құрметті азамат қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысады. Сол қызметі ескеріліп, бірнеше рет марапат биігінен көрінді. Оның ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін берілген «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалінің орны ерекше. Жалпы К.Әбдіхановтың еңбегін ұжымдастары ғана емес, аудандағы сала басшылары да жоғары бағалайды.

– Жоғары Сот ел тұрғындарының игілігі үшін жаңа реформалар қабылдап, жұмыс бағыты жыл сайын заман талабына сай жетілдірілуде. Жақсы өзгерістердің бірі аудан әкімінің өкімімен ауданымызда «Билер кеңесі» құрылып, тарихымыз қайта жаңғыртылды десе де болады. «Билер кеңесінің» мүшесі әрі кәсіби емес медиатор ретінде дауларды (жанжалдарды) бейбіт жолмен реттеу арқылы қоғамдық сананы жаңғырту, құқықтық мәдениетті арттыру, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында дау (жанжалдарды) татуластыру жолымен шешуге үлес қосып келе жатқан сырдариялық аға буын өкілдері көп. Олардың қатарында Кенжебек Әбдіхановтың есімін ерекше атап өтуге болады. Ол кісінің өзінің өмірлік тәжірибесі, ақыл-парасаты, қарым-қабілетінің арқа­сында тараптарды ымыраға шақырып, тату­ластырып, даудың бейбіт жолмен шешілуіне көмектесіп, сот өндірісіндегі көптеген істер тоқтатылды. Қоғам үшін маңызды қызметті адал атқарып жүрген азаматқа алғыс айтамыз, – дейді аудандық соттың төрағасы Руслан Алдамбергенов.
Төрағаның сөзін Кенжебек Әбдіхановтың достары да қуаттайды. Олар достыққа адал азаматтың іскерлігін, қарапайым өмірдегі белсенділігін үлгі етеді.

– Өзге аймақта өмір сүріп жатқанымызбен жүрегіміз, көңіліміз әрқашан туған жерді аңсап тұрады. Аудандық газет арқылы Сырдариядағы жаңалықтар мен елдің ахуалынан хабардар болып отырамын. «Тіршілік тынысы» газеті қолымызға тимесе де әлеуметтік желілерден басылымға жарияланған мақалаларды үзбей оқимын. Бүгін мен аудандық газеттің бұрынғы қызметкері ретінде редакция ұжымына өз ұсынысымды жеткізгім келді. Ең жақын досым, көршім әрі сыныптасым Кенжебек туралы мақала жазылса деп ойладым, – дейді бізбен әңгімесінде кейіпкеріміздің бала күнгі досы Молдабек Шерімов.

– Біз сонау 1968 жылы мектеп табалдырығын аттадық. Кенжекең мен Зоя бір партада отырып еді сол кезде. Кенжебек – өте белсенді, жан-жақты азамат, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Досымның алғашқы махаббаты Шараға талай рет хатты өз қолыммен жазып берген болатынмын. Тіпті екеуінің үйленуіне себепшімін десем де артық айтқандық болмас. Сол досым бүгінде немелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Бұйырса, шөберенің де қолынан су ішеді деп ойлаймыз. Ұжымда беделді, қоғамда сыйлы азамат өз ісінің майталманы десем де болады. Аймақтың арам ниетті браконьерлері Кенжекеңнің есімін естігенде тікесінен тік тұрады. Бұл оның өз саласында зор абыройға ие екенін білдіреді және тынымсыз еңбегінің, маңдай терінің жемісі, – деген Молдабек Шерімов бала күнгі досының асқаралы алпыс жасқа зор абыроймен жеткенін, барлығы өзінің ізденісі мен еңбегінің арқасында мүмкін болғанын атап өтті.

К.Әбдіхановтың бүгінгі күнге дейін ал­ған марапаттары өте көп. Бірнеше рет об­лыс, аудан әкімінің Алғыс хатымен мара­патталған. Сондай-ақ «Билер ке­ңесінің» мүшесі әрі кәсіби емес медиатор ретінде сот өндірісіндегі істердің бітіммен аяқталуына қосқан айрықша үлесі үшін об­лыстық, аудандық сот төрағаларының Алғысын иеленген. «Алқа би» деген атағы да бар. Атап өту қажет, кейіпкеріміз 2019 жыл қорытындысы бойынша «Үздік медиатор» атағына лайықты деп танылған. Ал «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін берілген. Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіндегі жемісті және сенімді қызметі үшін мекемедегі «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретінде де еңбек етіп келеді.

Жастайынан жақсылармен жанасып, отызда орда бұзып, қырықта қамал алған Кенжебек Әбдіханов елуді де ерекше жетістіктермен еңсерді. Қазір алпыстың асқарына шыққан ақжарқын азаматтың отбасында ғана емес, қоғамда өзіндік орны, мәртебелі төрі бар. Ол қашан көрсеңіз де кеңпейіл қалпынан тайған емес. Қонақжайлылығы да көпке үлгілі. Қорыта келе, үлкен-кішіге ерекше белсенділігімен, тік мінезімен танылған азаматқа амандық тілейміз!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 


12 қыркүйек 2020 ж. 497 0