Менің досым
Өзге аймақта өмір сүріп жатқанымызбен жүрегіміз, көңіліміз әрқашан туған жерді аңсап тұрады. Аудандық газет арқылы Сырдариядағы жаңалықтар мен елдің ахуалынан хабардар болып отырамын. Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеті қолымызға тимесе де әлеуметтік желілерден басылымға жарияланған мақалаларды үзбей оқимын. Бүгін мен аудандық газеттің бұрынғы қызметкері ретінде қалам тербедім. Көп ойланып ең жақын досым, көршім әрі сыныптасым Кенжебек туралы жазғым келді.
Шіркін, зымырап жатқан өмір. Кеше ғана 1968 жылы мектептің табалдырығын аттап, 1-сыныпқа барғанымыз әлі есімде. Кенжекең мен Зоя бір партада отырып еді сол кезде. Досым мектепте жақсы оқыды. Біздің бала кезімізде мектепте жақсы отырғандарды СПТУ-ға жіберетін үрдіс бар еді және сондай озат оқушылардың алғашқыларының бірі болып Кенжебек аталған оқу ордасында білімін жалғастырды.
Кенжебек – өте белсенді, жан-жақты азамат. Нағыз сегіз қырлы бір сырлы жігіт. Досымның алғашқы махаббаты Шараға талай рет хатты өз қолыммен жазып берген болатынмын. Тіпті екеуінің үйленуіне себепшімін десем де артық айтқандық болмас. Сол досым бүгінде немелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Бұйырса, шөберенің де қолынан су ішеді деп ойлаймыз.
Бала күнгі досым Кенжебек өзінің еңбек жолын ауданның орман шаруашылығы саласынан бастады. Ұжымда беделді, қоғамда сыйлы азамат атанды. Нағыз өз ісінің майталманы десем де болады. Аймақтың арам ниетті браконьерлері Кенжекеңнің есімін естігенде тікесінен тік тұратын. Бұл оның өз саласында зор абыройға ие екенін білдіреді және тынымсыз еңбегінің, маңдай терінің жемісі. Жұмыста абырой биігіне көтерілген азамат қазір қоғамдық жұмыстарға ерекше белсенділікпен атсалысып, кәсіби емес медиатор қызметін атқарып жүр. Бітімдерлікті ту етіп, талай отбасының сақталып қалуына өз септігін тигізуде. Дауды сотқа жеткізбей шешуде медиаторлардың еңбегі зор екені белгілі. Кенжебек осы салада нағыз маман ретінде таныла білді. Сол еңбегінің нәтижесінде 2019 жыл қорытындысы бойынша «Үздік медиатор» атанып, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Досымыздың жетістігі бізді қуантты.
Жастайынан жақсылармен жанасып, отызда орда бұзып, қырықта қамал алған Кенжекең елуді де ерекше жетістіктермен еңсерді. Қазір алпыстың асқарына шыққан ақжарқын азаматтың отбасында ғана емес, қоғамда өзіндік орны, мәртебелі төрі бар. Ол қашан көрсеңіз де кеңпейіл қалпынан тайған емес. Қонақжайлылығы да көпке үлгілі. Біз осындай досымыз барына қуанамыз, мақтан етеміз. Көпшіл, бауырмал азаматқа достық пейілмен барлық жақсылықтарды тілейміз!
Молдабек ШЕРІМОВ,
Тереңөзек ауданының тумасы