Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Басты мақсат – жемқорлықты жою

Басты мақсат – жемқорлықты жою

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауымен Сырдария аудандық қазынашылық басқармасының ұжымы ақпараттық оқу барысында танысты. Басқарма басшысы ұжым қыз­меткерлеріне Жолдаудан туындаған мақ­­сат-міндеттер жөнінде мәлімет беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жос­парларымен бөлісті. Президент Жолдау­­­ын ел дамуына жаңаша серпін беретін маңызды құжат ретінде қарастыруға болады.

Жолдауда барлық сала қамтылды. Оның ішінде ел тұрғындарының қалыпты өмір сүруі үшін қажетті экологиялық таза қоғам­дық орта қалыптастырудан бастап, әлеу­меттік сала, құрылыс, кәсіпкерлік, мем­лекеттік басқару бойынша нақты мін­деттер жүктелді. Сондай-ақ заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа реформалар қабылданатыны, қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіні айтылды. Президент басты мақсат азаматтардың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалып­тас­тырудың маңыздылығына кеңінен тоқталды. Осы ретте тікелей Президентке ба­ғынатын «Стратегиялық жос­пар­лау және реформалау агенттігі» құрылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар мемлекеттік аппараттың қызметін қайта қарап, штат санын оңтайландыру бағытында ұсыныстар енгізуді тапсырды. Бұл тек мемлекеттік қызметшілерге қатысты емес, квазимемлекеттік сектор субъектілерін де жаңашылдықтар күтіп тұр. Атап өту қажет, қысқартылған штат санынан үнемделген қаражат балдық факторлық жүйе арқылы қызметкерлердің жала­қысын көтеруге бағытталмақ. Бұл қызметкерлердің жауапкершілігін арттырып, өз міндетін сапалы атқаруына, қызмет барысында тек функционалдық міндетіне сай жұмыс істеуге ден қоюына, білімін жетілдіруге септігін тигізері анық.

Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық қылмыстары. Жолдауда бұл туралы кеңінен айтылды. Президент тапсырмасына орай енді елімізде сы­байлас жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдері енгізіледі. 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депу­тат­тардың, судьялардың шетел банктеріндегі есепшотқа ие болу­ына шектеу қойылады деп жоспарла­нуда. Мұнан бөлек бағалы заттарды сақтау бойынша да жауапкершілік кө­теріледі. Қ.Тоқаев қажет болған жағдайда ҚР Қылмыстық кодексіне сыбайлас жемқорлық үшін жазаны күшейту үшін өзгеріс енгізуді міндеттеді. Жолдауда айтылған тағы бір маңызды ақпарат, ол сыбайлас жемқорлыққа қатысты қыл­мыс жасағандардың шартты түрде мерзімінен босатылуына алдағы уақытта рұқсат етілмейді. Қылмысы дәлелденген азаматтардың мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне қатаң тыйым салынады.

Жалпы Жолдауда көтерілген әрбір мәселенің мемлекет үшін маңызы зор. Басқарма қызметкерлері мемлекеттің болашағы, ауданның дамуы үшін жүктел­ген жауапкершілікті терең сезінеді және Президент тапсырмаларын уақытылы әрі сапалы орындауға атсалысады.

Ғалия БАЛЖАНОВА,
Сырдария аудандық
қазынашылық басқармасының
бас маман – бас қазынашысы
12 қыркүйек 2020 ж. 416 0