Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құқық қорғаушыларға нақты міндеттер жүктелді

Құқық қорғаушыларға нақты міндеттер жүктелді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекеттік дамудың барлық саласын қамти отырып, стратегиялық бағыттарымызды айқындай түскен Жолдауы жауапты кезеңде жаңа міндеттер жүктеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке, оның ішінде құқық қорғау органдары саласына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Соған сәйкес Сырдария аудандық полиция бөлімінде арнайы жиналыс ұйымдастырылып, Жолдаудан туындаған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Он бір тармақтан тұратын Жолдаудың басты міндеті – мемлекеттік биліктің халық алдындағы жауапкершілігін және азаматтардың әл-ауқатын арттыру болып табылады. Ол үшін қабылданған шешімдер мейлінше әділ әрі дұрыс болуы қажет екені белгілі. Жолдау өте ауқымды болғандықтан, айтылған тапсырмалар мен міндеттерді бірден еңсеріп, орындау оңай емес. Өйткені Президент әділетті қоғам қағидасы, заң үстемдігі, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік беру секілді ұғымдар жөнінде жаңа тұрғыда терең ой қозғады.

Жолдаудың бірінші бөлімі мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыруға арналған. Президент «Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу» деп айтты. Қазақстан қоғамын тағы бір алаңдатып жүрген мәселе сыбайлас жемқорлық болса, Қасым-Жомарт Тоқаев оған қатысты өз ұстанымын нақтылай түсті. Жолдауда сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алып отырғандығы және жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап көрсетілді. Бұл орайда Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп санайтынын жеткізді.

Атап өту керек, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жергілікті полиция қызметі жетілдіріледі. Бұл жерде бас­ты рөл құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы негізгі буын болып табылатын учаскелік полиция инспекторларына беріледі деп жоспарлануда. Учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін арттыру бойынша заңнамалық сипаттағы шаралар әзірлену басталып кетті. Ішкі істер ми­нистрі атап өткендей, ма­териалдық техникалық базаны жақсарту бағытында да жұмыстар жүргізіледі. Бұл қылмыстың алдын алуға тікелей әсер етеді. Осылайша, Жолдауды жүзеге асыру бағытында нақты шаралар қабылданып, полиция жұмысы жаңа форматқа көшеді. Бұл ретте Сырдария ауданының құқық қорғаушылары өз міндеттерін адал атқарып, ел-халыққа қалтқысыз қызмет етеді деп сеніммен айта аламыз. Себебі ауданда кәсіби тұрғыда шыңдалған, мол тәжірибе жинақтаған, білімі мен біліктілігі ұштасқан учаскелік полиция инспекторлары көп.

Артур НҰРЖАНОВ,
Сырдария аудандық
полиция бөлімі
бастығының кадр саясаты жөніндегі  орынбасары,
полиция майоры
08 қыркүйек 2020 ж. 1 099 0