Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір отбасынан төрт түлек

Бір отбасынан төрт түлек

Бұл әулет спортшылар әулеті аталады. Отағасы Мектепхан аға саңлақ спортшы. Өткен ғасырдың 70 ші жылдары Алматы политехникалық институтында оқып жүргенде еркін күреспен айналысқан. Институт бойынша чемпиондық дәрежеге көтерілген. Сонымен қатар тоғызқұмалақ, бильярд, шахматты шебер ойнайды. Тоғызқұмалақтан облыстық, республикалық біріншіліктерде жүлделі орындарды еншіледі. шахматтан да ардагерлер арасында чемпион.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, М.Елеусіновтің төрт ұлы да әке жолымен жүрді. Төрт жігіт те ғасырлық тарихы бар №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің әр жылдардағы түлектері. Мектеп мақтаныштары. Осы дүниені жазарда Мектепхан ағаға «Сіз туралы да қалам тербейік» дегенмін. Сыпайы қарапайым азамат «Балаларым көрінсе болады» – деп жылы жымиды. Қармақшыдан мектеп бітірген ағамыз жоғарғы оқу орны жолдамасымен келіп, Тереңөзекте құрылыс шебері, прорабтан бастап бірқатар мекемелерге басшылық етті. Балаларының барлығы аудандағы білім ұяларының қара шаңырағы – №35 орта мектепте оқыды.

Енді түлектерге тоқталсақ. Білімжан Елеусін – мектептің 1998 жылғы түлегі. Екі бірдей жоғары білімі бар. 2005 жылы Қызылорда мемлекеттік университетінен «Инженер-механик» және 2015 жылы Болашақ университетінен «Де­не шынықтыру және спорт маманы» маман­дықтарын алған. 2007 жылдан күні бүгінге дейін Сырдария аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақ бөлімінің жаттықтырушысы қызметін атқарып келеді. Ол көптеген әлемдік, халықаралық дәре­жедегі чемпиондардың бапкері. Әлем, Азия, ҚР чемпиондары мен жүлдегерлерін да­йындады. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Әке тәлімімен інілеріне жол көрсетіп жүрген Білімжан әулет болып Тереңөзектегі тоғызқұмалақ тарихын жазып шықты. Ол кітап 2017 жылы жарық көрді. Ұлттық ойынның шебері. Оның республика көлеміндегі тарихын да жақсы біледі. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өз дәуірінде тоғызқұмалақ ойнап, ұлттық ойынның ұйымдастырушысы, демеушісі болғанын Білімжан айтып еді кезінде. Сондай-ақ, қазақтың әйгілі жазушысы Мұхтар Әуезовтің тоғызқұмалақ ойынының ережесін жасауға атсалысқан ұлттың мақтанышы ойнаған тақтаның бүгінде ұлттық музей қорында сақтаулы екенін Білімжаннан білдік.

Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерация­сының Тереңөзекке назар аударып, «Тағылымы терең Тереңөзек» атты кітапша шығарғанына Бі­лім­жан бастаған тоғызқұмалақшылардың үле­сі мол. Бұл Сырдарияны әлемге танытты.

Ұлттық ойынның хас шебері Хәкімжан Мектеп­ханұлы – мектептің 1999 жылғы түлегі. Үш бірдей жоғары білімі бар. Өмір жолы өнегелі. 2004 жылы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Эргономика және еңбекті қорғау» факультетін қызыл дипломмен бітіріп, Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникациялар академиясының спорт клубына жаттықтырушы-нұсқаушы болып, жұмысқа қабылданды.

Хәкімжан әкесінің жолын қуған инженер әрі білдей бір академияда тоғызқұмалақ спортының бапкері болды. Еңбек ете жүріп, осы жоғарғы оқу орнынан темір жол инженері мамандығын алды. 2007 жылы ҰК «Қазақстан темір жолы» АҚ Қызылорда жол бөлімшесіні кадр бөліміне әлеуметтік мәселелер инспекторы болып қабылданды. 2008-2012 жылдары «Вокзал қызмет» АҚ Батыс аймақтық учаскесі Қызылорда вокзалының басшысы қызметін атқарды.

Ал осы 2012 жылдан бастап тоғыз­құма­лақтан Қызылорда облысының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды. Ол аудан, облыс, республика мақтанышы. Үш дүркін әлем чемпионы. Ең бірінші рет 2012 жылы чемпиондық медальді Прагада олжалады, екінші рет Алматыда, үшінші рет Астанада құрметті атақты жеңіп алды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.

Үшінші ұл Біржан да спортшы. Ұлттық ойынның көсегесін көгертіп жүрген азамат. Ол мектептің 2004 жылғы түлегі. Спортта да, мамандық таңдауда да әкесінің нағыз жолын қуған осы Біржан. Жоғары білімді құрылысшы. Еңбек жолын инженер болып бастаған жас жігіт 2010 жылдан бері Қызылорда қаласындағы №2 олимпиадалық резервтік мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ұлттық ойын­ның жаттықтырушысы. Тоғызқұмалақтан Қа­­­зақс­­тан Республикасының еңбек сіңір­ген жат­тықтырушысы. Қазақстан Респуб­лика­сы­ның жекелей және командалық жарыс­та­рының жеңімпазы. ҚР спорт шебері.

«Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» десек, ағайындылар білім алған алтын ұяның да, Біржан дәріс беретін спорт мектебінің де келешегі кемел екені хақ.

Отбасындағы кенже ұл Досжанның күні бүгінге де­йін жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтар­лықтай. Ағайындылардың бар­лығы мектепте жақсы оқыды. Оның ішінде Досжанның дарыны ерекше. Ғасырлық тарихы бар №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейді 2005 жылы «Алтын белгіге» бітірген. «Білімді ұстаз береді, білікті Құдай береді» дегендей білімді жас мұнайшы мамандығын таңдады. Дарынды шәкірт мектептен кейін Қазақ Британ техникалық университетінің «Мұнай газ ісі» мамандығына оқуға түсті. Оны үздік бітірген соң «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасымен Роберт Гордон университетінің (Абердин, Шотландия) «Мұнай газ кен орындарын өндіру» мамандығы бойынша магистр атағын алды.

2009 жылы «Нефтехсервис» ЖШС-інде бұрғышы көмекшісі болып еңбек жолын бас­таса, 2011 жылдан күні бүгінге дейін «Маерск ойл Казахстан» компаниясында инженер – мұнайшы қызметін атқарып келеді. Жұмыс бабымен Дания, Катар және АҚШ мемлекеттерінде сынақтан өтіп, қызмет жаса­ды. Жас болса да тәжірибелі мұнайшы Дос­жан Мектепханұлы өркениетті қоғам орнаған шет елдерден іс-тәжірибе жинақтап оны өз елімізде іске асыруға белсенді жұмыс жасап келеді. Ол осы саламен біріңғай айналысса да тоғызқұмалаққа да уақыт табады. Д.Елеусінов – Қазақстан Республикасының жастар және жасөспірімдер арасындағы біріншіліктердің бірнеше дүркін жеңімпазы. Қазақстан Республикасының командалық жарыстарының чемпионы. ҚР спорт шебері.

«Ел үшін еңбек етсең, халқыңа сүйкімді боласың» дейді қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев. Сол айтқандай Мектепхан ағаның балалары тәртіпті, адал, еңбекпен спортқа берілген жандар.

Қытай данасы Конфуцийден замандасы «Мың жылдан кейін бүгінгі ұрпағымыздың жайы қалай болады?» деп сұрапты. Сонда данагөй «Ол мен үшін маңызды емес, мен үшін маңыздысы, бүгінге ұрпаққа қандай тәрбие сіңіріп отырмыз, мәселе сонда. Сол тәрбие мыңжылдықтарға барады, маған сол маңызды» деген екен. Біз үшін бұл тәмсіл ағайындыларға арнап айтылғандай.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ 

08 қыркүйек 2020 ж. 473 0