Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тереңөзектен басталған турнир

Тереңөзектен басталған турнир

Ұлттық спорттың төресі – тоғыз­құмалақ екені даусыз. Тереңөзек то­ғыз­құмалақтың туын тіккен жер деп қайталап айтудан жалықпаймыз. Оған себеп өткен ғасырдың 60-жылдары осында республикалық чемпио­­нат өткізілсе, 2008 жылдан бастап Тереңөзек аудандық партия комитетін 10 жыл басқарған, мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаев атындағы турнир өткізу қолға алынды. бастапқы жылы облыстық, одан кейінгі жылы республикалық турнир болып ұйымдастырылған жарыстар 10 жыл қатарынан Тереңөзекте өткізілді. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, аталмыш дүбірлі додалар талай шебер тоғызқұмалақшылардың қабілетін елге танытты.
2017 жылдан бастап бұл айтулы біріншілік халықаралық мәртебеге ие болды. Ал биыл Дүниежүзілік то­ғызқұмалақ федерациясының шешімі­мен Н.Ергешбаев атындағы ашық Азия кубогі сарапқа салынды.
Бұл дүбірлі дода Қызылорда қаласы­ның «Нұрсәт» спорт кешенінде 1-6 нау­­рыз аралығында ұйымдастырылды. Атына заты сай жарысқа Ресей, Ау­ғанстан, Моңғолия, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Түркіменстан, Әзірбайжан мем­­­­­­­­­­­ле­­кеттері мен өз елімізден бар­лы­­­ғы 261 тоғызқұмалақ шебері қатыс­ты. Бір аптаға созылған тартыс­ты турнир тоғызқұмалақтың классика және блиц түрінен өткізілді. Айтулы жарыс ерлер және жастар арасында ұйымдастырылды. Турнир бастауы Тереңөзектен нәр алған ашық Азия ку­­­­­­­­бо­­гін­де сыр­­дариялық сайыпқыран спорт­­шы­лар да үздік өнер көрсетті. Ерлер ара­сында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бексұлтан Бостандықов тоғызқұмалақтың классика түрінен ашық Азия кубогін жеңіп алып, аудан абыро­йын асқақтатты. Сондай-ақ Бексұлтан блиц түрінен ІІІ орынды иемденді. Жас­тар арасында бірқатар спортшы жарқын көрсеткішке жетті. Өткен жылғы ауданның үздік спортшысы Жантөре Аманқос тоғызқұмалақтың классика түрінен жүлделі ІІ орынға, Нұрай Мектепхан ІІІ орынға ие болды. Ал блиц түрінен Дамир Ахметов пен Нұрай Мектепхан ІІ орынға, Ерасыл Пернебаев ІІІ орынға лайық деп танылды. Осы орайда Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Білімжан Елеусін газетімізге бұдан бұрын берген сұхбатында: «Күнтізбеде көрсетілген жа­рыстарға қатысуды мақсат тұтып отыр­мыз. Негізгі міндетіміз – облыс құрама сапында өнер көрсету. Ресми жарыстарда жүлделі орындарды иемдену» деген болатын. Білікті жаттықтырушының шәкірттері биылғы жылғы алғашқы бе­ле­с­ті абыроймен бағындырғаны көрініп тұр.
Тартысты өткен ашық Азия кубогінде ел намысын жоғары ұстап, жүлделі орын­дардан көрінген жастарымызды жеңістерімен құттықтаймыз!

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ 

11 наурыз 2020 ж. 935 0