Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Онлайн сабақ та оңтайға келді

Онлайн сабақ та оңтайға келді

Өзінің шығармашылық та, ағартушылық та қызметін өскелең ұрпақтың бүгіні мен келешегіне арнап отырған Сырдария ауданы Шаған ауылындағы әуез мектебі өз жұмысын қазіргідей қиыншылық кезде де тоқтатқан емес. Талай облыстық, республикалық, тіпті халықаралық өнер додаларында жүлде алып жүрген оқушыларын онлайын форматта оқытуға көшті. Әрине, әр жаңалықтың өзіндік қиыншылықтары, түсіндіруі мен сіңіруі болады. Дегенмен, мектептің 15 білікті ұстаздары мен басшылық құрамы 132 баланы ұялы телефон арқылы қашықтан оқытудың қыр-сырын тез меңгерді.  

Түрлі музыкалық аспаптардан сабақ беретін ағай мен апайлар үйлерінде отырған оқушысына жеке-жеке смартфон арқылы шығып, әр шығарманы үйреніп, сезініп, сұлу сазды саналарына сіңіруіне барынша еңбек етті. Осылай берілген білімнің арқасында Шаған әуез мектебінің оқушылары 2019-2020 оқу жылын үлгірімді аяқтады.  

Мен, «Ерке наз» би тобының жетекшісімін. Қарамағымда 31 балғын бишілер бар. Ал, өзімнің шәкіртім Ақжан Сәкенова  19 балаға тылсым өнердің қыр-сырын үйретеді. Бір биді немесе, хореографиялық қимыл-қозғалысты әр балаға алақандай экран арқылы көрсетіп, оны қайталағанын, жаттағанын, үйренгенін, ең соңында толық билегенін қадағалап отыру бұрынғыдай 45 минуттың жұмысы емес. Кейде оған бірнеше сағаттаған уақыт кетеді. Талай өнер бәйгелерінде олжа салып жүрген мың бұралған бишілер ұстазын ұятқа қалдырмайды. Осы уақытта сенімен бірге баласын ықыластана қадағалап отырған ата-аналарға алғысыңды айтасың. Сенің көрсеткеніңді, үйреткеніңді шәкірттерің айна-қатесіз қайталап шыққанда ұстаздық еңбегіңнің босқа кетпегеніне қуанасың.

Енді тағы да телефоныңның алдында келесі сабаққа дайындалып, өзің билеп, оны түсіндіріп бейнежазба жасап жатқаның. Менің әріптестерім де бірі домбырасын, бірі баянын алып, бір ән салып оқушылары үшін өздерін-өздері жазып жатыр. Оның үстіне басшылық тарапынан сенің сабағыңды бақылау, тексеру, зерттеп, зерделеу, бағалау тағы бар.

Қалай дегенде де онлайын сабақты да оңтайымызға келтірдік. Дегенмен, көзбе-көз отырып, әр шәкіртіңнің тынысын тыңдап, жүрегінің соғысын сезіп сабақ бергенге не жетсін. Арнайы станок алдында әрбір прозицияны үйретіп, балғын денені алақаныңмен аялап қалыпқа салып, баулып өсіргенге баға жете ме? Намазға тұрған жамағатты ұйытқан имамдай шәкірттеріңнің алдында тұрып қимыл-қозғалысыңды үйлестіріп, зал толтыра билегеннің берері бөлек.  Соған жету үшін Алла мына індетке тосқауыл қойып, барлық ауырған жанның еміне шипасын салып толық сауығып кетуін нәсіп етсін!

Шәкірттерімді сағындым.

Мөлдір БЕКАРЫСТАНОВА,
Шаған әуез мектебінің хореографы
07 қыркүйек 2020 ж. 442 0