Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАРАЗДАН ЖЕТКЕН ТАБЫС

ТАРАЗДАН ЖЕТКЕН ТАБЫС

Соңғы уақытта аудандық әуез мектебінің шәкірттері толағай табыстарға жетуде. Әрқашан ізденіс үстінде жүретін олардың тынбай еңбектенуі өз нәтижесін беруде. Білім ордасына қай кезде барсаң да оқушылардың сабақ үстіндегі дайындығы ерекшелініп тұрады. Сауаттылық пен кәсібилікті ұштастырған өнерпаздардың жетістігі музыка әлеміне деген барынша құлшыныста болуымен тікелей байланысты. Әркез эмоция мен ішкі түйсіктің үйлесім табуы арқылы ойға алған шығарманы шебер орындау басты назарда болады. Бұл жерге келген әрбір шәкірттің көкейінде келешек үлкен сахнада өнер көрсетуді армандайтыны сөзсіз. Үлкен мақсатқа жетуді көздеген әуез мектебінің өнерпаздары жақында Тараз қаласына барып, «Балауса» жұлдыздары орталығының ұйымдастыруымен өткен халықаралық «Жас толқын» өнер байқауына қатысып келді.
Талай байқауда жоғарғы нәтиже көрсете білген жас өрендер мұнда да өз мықтылықтарын танытты. Негізінен, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолия және елімізден келген екі жүзден аса өнерпаздың басын қосқан байқауда ансамбль номинациясынан “Балауса” домбырашылар ансамблі жүлделі І орын, қобыз аспабында шығарма орындаған Меруерт Ертаева І орын, домбыра аспабында шығарма орындаған Ернар Дүйсенбай І орын иемденсе, фортепиано аспабында шығарма орындаған Ақбота Марданқызы ІІ орынды еншіледі. Тартысқа толы өнерпаздың сынында сүрінбеген оқушылар аудан абыройын асқақтатты. Жоғарғы нәтижеден көрінген өнерпаздардың оқытушылары «Үздік педагог» дипломымен марапатталды.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
09 сәуір 2019 ж. 1 021 0