Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің мерекелік құттықтауы

Аудан әкімінің мерекелік құттықтауы

Құрметті аудан тұрғындары!
Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды бостандығымыз бен еркіндігіміздің басты кепілі, Тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры – Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдық мерейлі мерекемесімен шын жүректен құттықтаймын!

Халық болып талқылап, референдумда ел болып қолдаған Ата Заңымыз «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталады. Осы сөздерде «Мәңгілік Елді» мұрат тұтқан ұрпақтар арасындағы тарихи сабақтастық, мемлекеттілігін жаңғыртқан халықтың ортақ ұмтылысы бар.

Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Заң жоқ жерде теңдік те, шынайы бостандық та жоқ!» дейді. Яғни, Конституция – қоғамдағы теңдік пен әділеттілік рухын қалыптастыратын әрі оны демейтін ең тегеурінді қуат көзі. Ата Заңымыз – мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары.

Конституцияны басшылыққа ала отырып, біз тәуелсіздігіміз бен мемлекетімізді нығайту жолында ғасырлық мәні бар ауқымды істерді атқарып келеміз. Жұмыла жасаған жасампаз еңбектің арқасында бүгінде Қазақстанды дүниежүзі таныды. Сөз жоқ, бұл жылдар республика тарихындағы мейлінше қиын, ғибраты мол кезең екені анық. Төрткүл дүниеге төрелік айтатын сәттер туғанда осы Ата Заңымызды құқықтық жүйенің өзегі ретінде алып, әлем жұртын ынтымақтастыққа үндедік. Соның нәтижесінде шартарапта ел мерейі үстем болып, үздік отыздыққа бет түзедік.

Мемлекеттің ең басты құндылығы адам және оның бостандығы болса, оның тірегі – бейбітшілік пен тыныштық. Конституция – осы аталған ұғымдардың мызғымас кепілі. Сондықтан Ата Заңымызды әрқашанда қастерлеу, құрметтеу, оны насихаттау – әрбір қазақстандықтың басты міндеті деп білеміз.

Баршаңызға амандық-саулық, отбасыларыңызға құт-береке, елімізге бейбіт өмір тілеймін! Ата Заңымыз ғұмырлы, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Құрметпен,
Руслан Рүстемов,
Сырдария ауданының әкімі

30 тамыз 2020 ж. 461 0