Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кішкене Иданың гүлдері

Кішкене Иданың гүлдері

Менің бейшара гүлдерім мүлде солып қалыпты, – деді Ида. – Кеше кешкілік соншалық әдемі еді, енді, міне, қылжиып жатыр. Неге бұлай? – Ол диванда отырған студенттен осылай деп сұрады.

Қыз студентті өте жақсы көретін. Өйткені ол таңғажайып әңгімелерді майын тамызып айта беретін және ағаштан жонып, ішінде кіп-кішкентай бишінің бейнесі бар жүрекше, гүл, есік-терезесі ашылып-жабылатын керемет сарайлар секілді ойыншықтар жасайтын. Студент өте бір көңілді жан еді.


— Бұларға не болған? – деп қайталап сұрады да, қыз солып қалған бір шоқ гүлді көрсетті.

— Не болғанын білесің бе? – деді студент. – Гүлдер түнде би кешіне барған, шаршап қылжиып жатқаны да сондықтан.

— Гүлдер билемейді ғой! – деді кішкентай Ида.

— Билейді! – деді студент сенімді үнмен. – Түн жарымда қараңғы түсіп, бәріміз ұйқыға кеткенде, олардың бір-бірімен қалай билегенін көрсең, соншалық ғажап!
— Олардың биіне кішкене балалардың баруына бола ма?
— Неге болмасын, – деді студент, – кішкентай меруерт гүлдер мен дәстүргүлдер де билейді ғой.
— Ең әдемі гүлдер қай жерде билейді, а? – деп сұрады Ида.

— Сен қаланың сыртында, ғажайып гүлдер өсетін бағы бар, жаз кезінде патша келетін әлгі үлкен сарай тұрған жерде болмап па едің? Қолыңдағы нанды көріп, соған жүзіп келген аққуларды ұмытып қалдың ба? Міне, дәл сол жерде нағыз би кештері өтіп тұрады!

— Мен кеше мамаммен бірге сол жерге бардым, – деді кішкене Ида. – Бірақ ағаштарда бірде-бір жапырақ қалмапты, бақта да жалғыз тал гүл жоқ. Олар қайда кетті екен? Жазда соншалық көп еді!..
— Олардың барлығы да сарайда! – деді студент. – Патша мен оның қызметшілері қалаға көшіп келісімен барлық гүл атаулы бақтан сарайға қашып барады. Сол жерде олардың сауық-сайраны басталады. Барып көрсең ғой, шіркін! Ең әдемі екі раушан гүл таққа отырады, бұлар патша мен оның зайыбы. Қып-қызыл қораз айдарлы тәж гүлдер олардың екі жағына тұрып алып, иіліп, тәжім етеді. Бұлар нөкерлер. Сонан соң толып жатқан әдемі гүлдер келеді де, би кеші басталады. Теңізшілер бейнесіндегі кіп-кішкентай сүмбіл иек, жылан қиық бикештер есепті көгілдір түсті шегір гүлдермен билейді, ал қызғалдақтар мен үп-үлкен сары лалалар – кәрі кемпірлер секілді биді сырттай қызықтап, тәртіпті бақылап тұрады.

— Патша сарайында билегені үшін гүлдерге ешкім ұрыспай ма? – деп сұрады, кішкентай Ида.
— Бұл туралы ешкім де білмейді ғой!– деді студент.

Рас, кей кезде түннің бір уағында қолында бір топ кілт бар күзетші шал келіп кетеді. Кілттің сылдырын естіген сәтте гүл атаулы терезеге тұтылған ұзын перденің тасасына жасырынып қалады да, кішкентай саңылаудан ұрлана қарап тұрады. «Мына жерден гүлдің иісі аңқып тұр ғой», – деп міңгірлейді шал. Бірақ ештеңе көрмейді.

29 тамыз 2020 ж. 348 0