Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірт жүрегіне жол тапқан

Шәкірт жүрегіне жол тапқан

Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстаз Жанна Сәркеева – білім саласында биік белестерді бағындырған мерейлі мұғалім. «Ұстаздық қызметті адал атқару үлкен жауапкершілікті талап етеді» деп санайтын ол шә­кірт­теріне сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді. Ұлағатты ұстаздың оқушылары өнерлі, бі­лі­мді һәм оқуда озат, қызметте жемісті. Бүгін мәртебелі маман­дық иесі жөнінде қалам тербе­мекпіз.
Білікті ұстаз Жанна Есентұрқызының бала­лық шағы Ақжарма ауылында өткен. Әкесі Есентұр Сәркеев ұзақ жылдар бойы ауылдағы шаруашылықта есепші болып қызмет атқарса, анасы Әзима Жүсіпқазиева ерінің бабын тауып, балаларының тәрбиесіне көңіл бөлген алтын құрсақты аяулы жан ретінде жұртшылық алғысына бөленген. Отбасындағы алты бала­ның екіншісі Жанна Есентұрқызы 1980-1990 жылдары №130 Абай атындағы орта мектепте білім алған. Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1997 жылы тәмамдаған.
Кейіпкеріміздің алғашқы еңбек жолы өзі білім алған мектепке басталыпты. Тәлімгер болып жұмысқа қабылданған оның ұжымға тез сіңісуі, тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындауы мектеп басшылығының көңілінен шығады. Сөйтіп, ақжармалық оқушылар ау­дан­дық білім бәсекелерінде топ жарып, мектеп мерейі өседі. Тәлімгер Ж.Сәркеева түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануға күш салады. Ауыл мектебінде тәжірибе жинақтаған сол кездегі жас маман кейін аудан орталығындағы қазіргі №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейіне жұмыс ауыстырады. Мұнда да ұстаздық жолын жалғастырады. Бұл 2000 жылдардың басы еді.
– Білім саласында еңбек етудің қиындығын, жауапкершілігін еңбек жолымның алғашқы жылдарында терең түсіндім. Әр бала үшін жауапты болып саналатын мұғалімнің күнделікті уақытының басым бөлігі мектепке арналатынын ұқтым. Алдыңғы буын ағайлар мен апайлардан білмейтінімді сұрап, үйреніп, тәжірибе жинақтадым. Шәкірттеріміз жетістікке жетсе, ата-аналарымен бірге қуанып, мерейіміз өсетін. Сірә, мен таңдаған мамандықтың қасиеті, құдіреті осында шығар, – дейді бізбен әңгімесінде Жанна Сәркеева.
Ұстаздық қызметте білім мен білікті ұш­тастыра білген маман еңбектен, ізденістен қол үзген жоқ. Қазақ тілінің теориялық тұжырымдамасын шәкірттеріне ұғындырып, сауатты болуына атсалысты. Әдебиеттің сан алуан бағытын зерделеп, талай ізінен ерген жастарды шығармашылыққа баулыды. Ана тілінің негізгі бағытын айқындап, қоғамдағы рөліне басты назар аударды. Бұл еңбегі жемісін берді. Бүгінде оның шыңға шыққан шәкірттері көп. Ұстаз озат оқушыларымен мақтанады. Сөзіміз дәлелдірек болу үшін ұстаз сенімін, үмітін ақтаған бірқатар шәкірттерге тоқталайық.
№35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің 2011 жылғы түлектері Әнел Иманғалиева мен Сандуғаш Исмағұлова «Алтын белгі» иегерлері атанған білімді жас­тар. Қос шәкірт ұстаз Жанна Есентұрқызына қарыздар екенін әркез айтып жүреді.
– Он бір жыл білім алған алтын ұямызға, мектептегі ұстаздарымызға зор құрметпен қа­раймыз. Оның ішінде сынып жетекшіміз бо­лған Жанна апайға деген ілтипатымыз ерекше. Ол кісі біздің анамыздай сырласымыз, жанашырымыз. Бағыт-бағдар беріп, ұстаздық ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес. Әлі күн­ге кішкентай жетістікке жетсек, апайға хабарласып, сүйінші сұраймыз. Сыныптастарымыздың арасында бүгінде мекеме басқарып, жауапты қызмет атқарып жүрген жігіттер мен қыздар көп. «Алтын белгі» иегері атануымда да ол кісі көп еңбек сіңірді. Нағыз мұғалім біздің сынып жетекшіміздей болу керек деп есептеймін, – дейді бүгінде Қазақстандағы «Кәсіби әлеу­меттік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қы­зылорда облысы бойынша филиалының басшысы қызметін атқарып жүрген Сандуғаш Жәркенқызы.
Адал еңбектің еленгені – бақыт. Ұстаздық қызметте өзінің жемісті еңбегімен дараланған Жанна Есентұрқызы бірнеше рет марапат төрінен көрінді. Ұлағатты ұстаз әр жылдары «Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалының, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Сондай-ақ Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Іскер көшбасшы» номинациясының иегері атанған. «Бастауыш кәсіподақ – ынтымақтастық кепілі» байқауының жеңімпазы ретінде арнайы ал­ғыс хат иеленген. Білім беру саласында атқарған еңбегі үшін аудан, облыс әкімдерінің бірнеше мәрте «Алғыс хаттымен» марапатталып, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін кеудесіне таққан. Мұның бәрі еңбекпен келген жетістіктер.
– Жанна Есентұрқызы – мектептің қоғамдық жұмыстарының белсенді ұйымдастырушысы, өзінің білімділігімен, іскерлігімен үлкен абы­ройға ие тәжірибелі маман. Ол сондай-ақ ұстаздардың құқығын қорғап жүрген білікті ұйымдастырушы. Білім саласы бойынша ұйымдастырылатын аудандық шаралардың басы-қасынан табылатын кәсіби маман ұстаз мәртебесі биіктету үшін көп жұмыс атқаруда. 2012 жылдан бастап, өзі қызмет атқаратын мектеп-лицейдің әлеуметтік педагогы атанды. Ал араға бір жыл салып, бас­тауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып сайланды. Ұстаз­дық қызметте абырой биігінен көрінген мұғалімнің шәкірттері алда талай белесті бағындыратынына сенеміз, – дейді аудандық білім саласы қызметкерлері кәсіподағы ұйы­мының төрағасы Алмас Есназар.
Қызметте абырой биігіне көтерілген ке­йіпкеріміз отбасында аяулы ана, асыл жар. Өмірлік жары Мақсұт Қаратаевпен бірге бір қыз, екі ұл тәрбиелеуде. Тұңғышы Еңлік Аманулла – №35 И.Тоқтыбаев атындағы мек­тептің түлегі, «Алтын белгі» иегері. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті. Ол аудандық, об­лыс­тық, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы. Сонымен қатар халықаралық «Инфоурок» қашықтық олимпиадада бірінші орын иеленген. Ұлы Нұрбол Аманулла да «Алтын белгі» иегері. Білімді жас қазіргі таңда Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы университте білім алуда. Кенже ұлы Хафиз Аманулла қазіргі уақытта мектеп оқушысы. Ол ағасы мен әпкесі секілді олимпиадалардың жүлдегері.
Ұстаз ретінде де, ана ретінде де үлгі көрсетіп келе жатқан кейіпкеріміздің өнегелі өмір жолын мақаламызда барынша ашуға тарыстық. Адал еңбекті ту еткен мерейлі мұ­ғалімнің білім беру саласының дамуына үлес қоса беретініне сеніммен қараймыз. Ұлағатты ұстазға шығармашылық сәттіліктер тілейміз.


Айдана Қалиева 
22 тамыз 2020 ж. 1 169 0