Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс арқалау әбестік пе!? немесе қолға су құюдан неге қашамыз?!

Алғыс арқалау әбестік пе!? немесе қолға су құюдан неге қашамыз?!


Халқымызда қонақ келгенде қолға су құю деген дәстүр бар. Шыны керек, бала күнімізде сол су құюдан бәріміз қашатынбыз. Ағаларымыз:
«Адамның кішісі болғанша, иттің күшігі бол», бар қолға су құй»,-деп жүгіртіп жіберетін. Үлкенді тыңдау керек, бір қолға құман, бір қолға леген, мойынға сүлгі асып, қолға су құясың, оның да өзінің тәртібі бар,-деп ұдайы бақылап тұратын. Әкеміз болса анадайдан қарап, «су етектен, бата төрден» деген, «оң жақтан бастап құй», «бір қолыңмен шүмегін ұстап тұр», «сарылдатпа, үзіп-үзіп үш реттен құй», «төртіншісін қонақ сұраса ғана құй»,-деп бақылап тұратын. Алайда, балалықпен қарапайым ғана су құюдың әдебінде нендей сыр жатқанын сезінбеппіз. Суды не үшін үзіп құятынын да есейе келе білдік. Әдетте, қайтқан кісінің денесін жуындырып, мейрам суын құйған кезде ғана, ожаудағы су таусылғанша үзбей құяды екен. Әкелеріміз суды үзбей құюдың ырымға жаман болатынын білгендіктен айтады екен ғой. Ал, жөн-жосықты ұға бермейтін біздер су құйып тұрып «қолын неге далада жуа салмайды, адамды әурелемей өздері-ақ жуып кірсе болады ғой»,-деп кір судан жиіркеніп, іштей жақтырмай тұратынымыз тағы бар. Қариялар «Молда бол, үлкен жігіт бол!», «Көп жаса!», «Қатарыңның алды бол!»-деп алғыс айтып, батасын беріп жататын. Егер сол кезде осының бәрі жазылған кітап болғанда, бұл дәстүрге басқаша қарар ма едік. Қолға су құюға таласа-тармаса асығар ма едік, кім білсін?!
Қазақ халқында үйге қонақ келгенде, сол үйдің жас баласының қолына құман беріп, мойнына сүлгі асып, ас ішердің алдында қонақтардың қолына су құйғызатын дәстүр бар. Аңыз бойынша бұл дәстүр Сүлеймен пайғамбардан қалған деседі. Әкесі Дәуіт пайғамбар отыз ұлынан айрылған соң, қайғыдан қан жұтады. Ұлық Алла оны жұбату үшін оған тағы бір ұл сыйлайды. Дәуіт ұлды болардың қарсаңында Жебірейіл періште хабар әкеледі:
-Әй, Дәуіт! Алла саған бір ұл нәсіп етеді. Бірақ, шарты сол: «Ол балаңның қызығын тоғыз жыл ғана көресің. Осыған ризасың ба?»-дейді. Дәуіт іштей қынжылса да: «Жаппар иемнің әміріне не қылса да ризамын»,-деп келіседі. Көп ұзамай Дәуіт ұлды болып, есімін Сүлеймен қояды. Дәуіт патша болғандықтан, оның сарайына күн сайын жүздеген адам қонаққа келеді екен. Сол кезде жеті жасар Сүлейменді бір қолына құман, бір қолына сүлгі ұстатып, сарайдың алдына қызметке қояды. Бала күні бойы кірген-шыққан қонақтардың қолына су құйып, алғысын алады. Оның адал қызметіне риза болған қонақтар: «Ғұмыр жасың ұзақ болсын!», «Құдайдың сүйікті құлы бол!», «Басыңнан бақ, астыңнан тақ кетпесін!», «Әділ патша бол!», «Екі дүниенің сырын біл!», «Дұшпаныңа қатал, досыңа адал бол!», «Ғалым бол!»-деп, тоқсан тоғыз түрлі тілек айтып, бата береді екен. Арада он бес жыл өтеді. Сүлейменнің бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайып, ойы да, бойы да өсіп, азамат болып ер жетеді. Бір күні Дәуіт Ұлық Аллаға:
-Уа, Аллам, маған ұлыңнын қызығын тоғыз жыл ғана көресің деп едің. Бұл не хикмет?-деп сұрайды. Сонда Ұлық Алла:
-Рас айтасың. Сүлейменнің пешенесіне тоғыз жылдық ғұмыр жаздым. Бірақ, зерек ұлың қонаққа қызмет етуден шаршамады. Ақсақалдардың батасын алуға құмар болды. Күн сайын адамдар оған менің 99 есімімді айтып, шын жүректен алғыс жаздырды, батасын жаудырады. Көптің алғысымен оның ғұмыр жасы ұзарады. Менің бір есімім-Халық. Ендеше, халық тілеген қабыл етпеу ұлықтығыма сын болар. Бүгіннен бастап Сүлейменге 99 түрлі мұғжиза берем. Жердегі бүкіл тау-тас, аң-құс, он сегіз ғаламға патша қыламын,-деді.
Содан бастап Сүлейменге дарымаған керемет қалмапты деседі. Осыған орай, «Сүлеймен де су құйған», «Су иесі Сүлеймен» деген сөздер ел арасында таралыпты. Қазір де қазақ халқы үйге қонақ келгенде жас баласының қолына құман мен сүлгі беріп: «Үлкен кісілердің батасын ал»-деп, су құйғызады. Осылайша, «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген тәмсіл сөз Сүлейменнен қалған екен.
Иә, «баталы ер арымас» деген тәмсілді халқымыз тегін айтпағаны анық. Сол сөзге сусындап өскен кешегі аға буын өкілдері қарапайым қолға су құюдың да артында үлкен алғыстың барын білген. Бізді де солай тәрбиелеп өсірді. Тек осы жолдың жалғасын кейінгі буын ұмыт қалдырмаса дейміз.
Ж.Қуанышбаев.
26 ақпан 2018 ж. 1 984 0