Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Берік болса бірлігің, бәрі келер басқаның

Берік болса бірлігің, бәрі келер басқаның

Аудандық газеттің электронды сайтын дамытып, ақпараттық-насихаттық жұмыстарды күшейткелі бері электронды поштамызға көршілес облыстардан ғана емес, Алтайдың арғы жағындағы ағайыннан да жиі хат-хабар келеді. Олар біздің аудан­дық басылыммен ғаламтор арқылы таныс екенін айтып, шығармашылық туын­даларын ұсынады. Өткен аптада ұзақ жылдар Қытайда тұрған, жақында ғана оңтүстік астанамызға көшіп келген Ахат Молдашұлы есімді қандасымыз бізге бірқатар өлеңдерін жолдапты. Ардагер ағамыз өз аманатында «Өлеңдерім аудандық басылымға жарияланса» деген ниетін жеткізіпті.

Есеп

Бабалар да өтіп кеткен кешегі,
Деген екен терең ойлы шешені.
Берекенің ірге тасын қазатын,
Есептескен ел болмайды деседі.

Ал бүгіннің көп-ақ қиын есебі,
Есеппенен жердің түбін теседі.
Оқығанын былай қойсақ оқушы,
Есеп білер еңбектеген мешелі.

Бұл қоғамда жасаған соң нарықты,
Барлық адам есепке әбден қанықты.
Берекенің ортасына бұл есеп,
Түсірді үлкен адам сияр жарықты.

Бала әкеге, әйел ерге сенбейді,
Әрқайсысы «өз есебім жөн» дейді.
Қолында жоқ ағайыны сұраса,
Сатпай оған еш нәрсесін бермейді.

Тиын қуып істесе де басқаны,
Байлығыма, не болмаса мақтаны.
Арақ-шарап, отырыс пен ойынға,
Есептемес кетіп жатқан ақшаны.

Адал еңбек арам затқа сатылып,
Жатады әркез ысыраппен шашылып.
Бүгін біреу туған күнін тойлайды,
Атақ-даңқын кешегіден асырып.

Неткен мақтан бәсекемен жарысқан,
Бұл бір дерт пе пиғылына жабысқан.
Онандағы көмектессе болмай ма,
Ағайынға келіп жатқан алыстан.

Бір есеп бар жеткізетін ғалымды.
Оны істейді, жалынды да дарынды.
Бір есеп бар сұм нәпсінің құлы етіп,
Көп алдында төгетұғын арыңды.

Бір есеп бар қолды көкке жеткізер,
Оны істейді білімді мен тектілер.
Бір есеп бар араныңды аштырып,
Жұтқаныңмен су түбіне кеткізер.

Сұм нәпсідей мініп қара есекті,
Мінгестіріп өтірік пен өсекті,
Берекенің босағасын ырғамай,
Дұрыс істе ұрпақ үшін есепті.

Жаралмаған мүлде есепсіз ештеңе,
Ең аяғы жәндіктер де кішкене.
Бұл есепте жаралғалы теңдік бар,
Бірін жұтып, біреуін сен тістеме.

Жаман есеп сау жағаңды жыртады.
Аш көзділік ар-намысты қырқады.
Жаман әдет ұрпағыңа жалғасса,
Өзіңді емес тұқымыңды құртады.

Шығар

Жақсы қайдан шығады, елден шығар,
Асыл қайдан шығады, жерден шығар.
Патшалық шығады күш пен қаннан,
Нағыз байлық төгілген терден шығар.

Таза бұлақ қайнары таудан шығар,
Шешек атқан гүлдерің баудан шығар.
Адамдарда болатын ұрыс-керіс,
Есептескен елдеспей даудан шығар.

Көп пәле берекесіз үйден шығар,
Жабырқаңқы жәйі жоқ күйден шығар.
Тілін алып сайқалдың атаңды ұрсаң,
Сайтан мақтап бетіңнен сүйген шығар.

Өрге тартар таза ақыл мидан шығар,
Төмен тартар сор батпақ құйдан шығар.
Еске сақтап ұмытпа жаман досың,
Кеше саған көп пәле құйған шығар.

Жығылғанда дұшпаның күлген шығар,
Күшік иттер шәуілдеп ұрген шығар.
Ақыл, қайрат, сабырдан басқа дос жоқ,
Бастан кешкен осылай білген шығар.

Тілек

Жасымда талай науқас, кесел көріп,
Өсіпті денем әлсіз мешел болып.
Жас ұрпақ қақпай көрмей жетілсе екен,
Өссе екен терең ойлы шешен болып.

Келмесін сырттан көкжал қызылсырап,
Шықпасын іштен әсіре қызыл шұнақ.
Өз қолымен Елбасы бекемдеген,
Бұзылмасын арадан ұлы ынтымақ.

Нәпсіге еріп әр ұрпақ тоналмасын,
Аңдысқан өткен бір кез оралмасын.
Атамыздан жалғасқан тоғыз ортақ,
Сатылып сар тиынға жоғалмасын.

Бейбіт күн, тыныш ұйқы бұзылмасын,
Бірліктей алтын діңгек жығылмасын.
Ішімізден екі жүзді сайқал шығып,
Жоғалтуға бірлікті ұрынбасын.

Алыппын

Шалқып өскен баласымын ортаның,
Жалғыз емес мен қалайша қорқамын.
Ұшқалақтық, тар мінезге жаным қас,
Ақыл-ойды сабырменен қортамын.

Бастым талай өмірдің көп қырқасын,
Ұшыра алмас қарлы-боран бұрқасын.
Ез емеспін батыр елдің ұлымын,
Қаптыратын ұры итке қылтасын.

Ұшсам қыран аспанға да қанықпын,
Жүзсем айдын теңіздерде балықпын.
Жүргенім жоқ өгізбенен тепеңдеп,
Жерден айға саяхаттап барыппын.

Көмір емес, жалтыраған жарықпын,
Жалған емес, әлем білер анықпын.
Ашқанымен аузын талай айдаһар,
Жұталмайтын қазақ деген алыппын.

Жастарға

Білімнің ішіп бұлағын,
Өнердің өсір құрағын.
Дүниеге сатылмай,
Бір Отан болсын тұрағың.

Таза болсын жүрегің,
Бірлік болсын тірегің.
Мыңды жықсын білімің,
Тимесін бірге білегің.

Сыланып босқа керілме,
Жамандыққа берілме.
Жан аямай еңбек ет,
Туған ауыл еліңе.

Ақылыңмен анық бол,
Біліміңмен жарық бол.
Жатып ішіп семірмей,
Ел үшін істеп арық бол.

Шендісі болмай қаланың,
Сарбазы болған даланың.
Рухын мәңгі жалғаңдар,
Бұрынғы батыр бабаның.

Ынтымақ

Алынбас қамалы ынтымақ,
Дәлелдеген мың сынақ.
Ұлы күнгей адалдық,
Көлеңкесіз күн шуақ.

Алалықтың аузы алты,
Құлағы төрт бар шарты.
Есебі елу ішінде,
Басқалардан бар парқы.

Біліп ал мұны жастарым,
Тұрғанда ашық аспаның.
Берік болса бірлігің,
Бәрі келер басқаның.

28 шілде 2020 ж. 390 0