Тұрғындар талабы – басылым назарында

Кенттің Абай Құнанбаев көшесі бірнеше көшемен қиылысады. Аталған көшенің тұрғыны Д.Сексенбаева кент әкімдігінің жұмысына қатысты пікір білдіріп, біздің байланыс нөмірлерімізге дәлел ретінде бірнеше суреттер жолдады. Айтуынша, көшені жағалай аққан аяқ су мәселесінің шешімін таппай келе жатқанына біраз уақыт болыпты.
– Аудандық газеттің әр нөмірін оқимыз, жарияланып жатқан мақалалар жақсы. Дегенмен, сыни материалдарға да орын берілсе деген ұсынысымыз бар. Өйткені, шешілмей жатқан мәселелер бар екені жасырын емес. Мысал ретінде аяқ суға арналған арықтың бітеліп, ретке келтірілмеуі салдарынан жаяу жүргіншілерге арналған жолдың суға толғанын, балшық болғанын айтуға болады. Тіпті су үйіміздің ауласына дейін келді, бұл үйдің іргетасының, қабырғаларының бұзылуына әкеліп соғады. Кент әкімдігіне, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бірнеше рет айтылды. Бірақ нәтиже жоқ. Өз пікірімізді аудандық газет арқылы жеткізгіміз келеді, – дейді ол.
Динара Сексенбаеваның жолдаған суреттерін көргеннен кейін, қаламымызды қару етіп, жаяу жүріп, аталған көшені араладық. Көшедегі аяқ су мәселесі расында да күрделі екен. Арықтың тазаланбағанынан сағасы бітеліп, су толып, жаяу жүргіншілердің жолына жайылған. Бұл туралы кент әкімі Н.Бисембаевқа хабарласып, мән-жайды түсіндірдік. Кент басшысы іс басынан табылып, тез арада нақты шаралар қабылдады.
– Кентте 75 көше, 1 «Узтоп» бөлімшесі бар. Кенттегі көшелердің тазалығына, аяқ су мәселелеріне жауапты ретінде тиісті жұмысшы мамандар бөлінген. Олар орталық алаңнан бастап, көшелерді түгел дерлік қоқыстан тазартады, сырлау, әктеу, билбордтарды жаңалау жұмыстарымен айналысады. А.Құнанбаев көшесінің мәселесімен таныспын, бірнеше рет қарықты тазалап, бітеліп қалған сағаны ашқан болатынбыз. Бүгін тағы да осы көшені ретке келтіру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Тиісті тапсырма берілді, тұрғындар талабы, ұсынысы орындалады, – деген кент әкімі Нұржан Пермебайұлы кенттің әлеуметтік мәселелерін бір күнде немесе бір жылда толық шешу мүмкін емес екенін, бәрі бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен атқарылатынын атап өтті.
Сәрсенбі күні көтерілген мәселенің барысымен бейсенбі күні таныстық. Арықтағы аяқ су реттеліпті. Көше тұрғыны Д.Сексенбаевамен жолығып, пікірін білдік. Ол күннің ыстығына қарамай тұрғындар талабын, ұсынысын орындаған қызметкерлерге алғысын білдірді.
– Кент әкімдігі жаяу жүргіншілер жолына жайылған судың кебуі үшін уақыт керек екенін айтты. Содан кейін барып, құм төселіп, арық биіктетіледі деді. Оны күттік. Бастысы сең қозғалды, әкімдік назар аударды. Басылым арқылы мәселеміз шешілгендіктен шығармашылық топ өкілдеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл біздің үйдің ғана емес, көше тұрғындарының да ортақ мәселесі. Сондықтан сын ашық айтылу керек. Құм төсеп, арықтағы аяқ судың ретке келуі бәрімізге жақсы болды, алдағы уақытта мұндай олқылықтар қайталанбайды деп сенемін, – дейді ол.
Жоғарыда атап өткеніміздей, аудандық басылымның есігі оқырмандар мен аудан тұрғындары үшін әркез ашық. Журналистер кез келген тақырыпты қозғауға қауқарлы. Тек сын шын болғаны дұрыс. Негізсіз, дәлелсіз ақпараттарға сүйенуді газет редакциясы құптамайды.