Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Індетпен күрес – өзіңнен басталады

Індетпен күрес – өзіңнен басталады

Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып, хабарламалар көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатқан бүгінгі сәтте әлеуметтік желілер мен сайт-порталдарда еліміз үшін басты мәселеге айналып тұрған – коронавирус індеті жайлы түрлі ақпараттар кездестіріп жүрміз. Оның ішінде шындыққа жанасатыны да бар, дақпырт әңгімелер де жоқ емес.

Одан бөлек өңірімізден шығарылып отырған «Тіршілік тынысы» газетінің әр санын үзбей оқып отырамын. Бірінде зиялы қауым өкілдері елді сабырға шақырса, біріңде медицина қызметкерлері сақтану шаралары жайлы жазуда, енді бір санында қарапайым адамдар өз ой-пікірін білдіруде. Мен де ана ретінде, қоғамның бір мүшесі ретінде өз ойыммен бөлісуді жөн санадым.

Қазір жағдай сәт сайын өзгеріп жатыр, сондықтан індеттің беталысын да болжау қиын болып тұрғаны анық. Кімді көрсең, көңілі алаң. Тіпті алаң деудің өзі аз сияқты, дәл қазір бүкіл әлем аты жаман індетпен үздіксіз күрес жүргізуде. Осы індет кесірінен күн сайын қаншама қандасымыз көз жұмып, қаншама жақынымыз хал үстінде жатыр.

Осындай қысылтаяң шақта қоғамның әрбір мүшесі жауапкершілікті толық сезінсе, бұл сынақтан сүрінбей өтеріміз анық. Бұл дегеніміз, қауіпті індеттің ендігі тізгіні тұр¬ғын¬дардың өз қолында деген сөз.
Ендеше әрбіріміз өзге жандардың денсаулығы мен өз отбасымыздың амандығы үшін сақтық шараларын толық орындап, қауіпсіздік ережелерін сақтасақ, талай қиындықты еңсере білген еліміз бұл күндерді артқа тастап, әлі талай белестерді бағындырады деп сенемін.

Тыныш ұйқы үшін, риясыз күлкі үшін сабырлы болайық! Туымыз түсірілмес үшін, қаралы күн қайталанбас үшін қажырлы болайық!

Гүлжайна СЕРІКҚЫЗЫ
20 шілде 2020 ж. 437 0