Сақ болайық!
Жер-жаһанды жайлаған қауіпті індет кесірінен қазір әлем халқы күрделі кезеңді бастан өткеруде. Кеше аты жаман індеттің таралуының алдын алу мақсатында аймақ басшысы Үндеу жасады және облыстың бас мемлекеттік санитар – дәрігерінің қаулысы шықты. Соған сәйкес өңірімізде ерекше жағдай енгізілді.
Тұрғындардың амандығы үшін жарияланған карантин жағдайын толық қолдаймын, уақытша тыйым-шектеу салынғанын дұрыс деп есептеймін. Өзіміздің денсаулығымызды қорғау үшін тазалықты сақтап, сақтану шараларын барынша күшейтіп, сақ болғанымыз дұрыс.
Аты жаман аурудың қайдан шыққаны туралы пікірлер де көп. Солардың ақ-қарасын ажыратып алмай, босқа даурықпағанымыз абзал. Әлем бойынша мыңдаған адамның осы індеттен көз жұмып жатқаны рас, соның өзі біздің бөгде адамнан оқшауланып, тіпті, үйден шықпай отыруымызды талап етеді.
Осындай қысылтаяң шақта бірімізді біріміз қолдап, ата-әжелеріміздің бұдан да жаман уақытта сағын сындырмай, рухын өлтірмегенін есте ұстайық. Еліміз тыныш, халқымыз аман болғай! Үйден шықпайықшы, сонда уақытша қиындықты бірге жеңеміз!
Айгерім Мешітбаева,
Сырдария ауданы әкімінің "Өрлеу" жастар сыйлығының иегері
Сырдария ауданы әкімінің "Өрлеу" жастар сыйлығының иегері