Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Covid-19: Әлемді үлкен өзгеріс күтіп тұр

Covid-19: Әлемді үлкен өзгеріс күтіп тұр

«Бақытты күндеріңнің қадірін басыңа іс түскенде білерсің» демекші, әлемді жайлаған індет көпшілікке қолда барды бағалауды үйретіп жатыр. Барлық мемлекеттер экономикалық қиындықтарға тап болып, барлығы дерлік қиын қыстау кезеңді бастан кешіп жатыр. Сарапшылардың пікірінше адамзат үлкен өзгерістер алдында тұр.
Ғаламдық әлеуметтік өзгерістер дегеніміз не? Жаһандық дағдарыс кезеңінде және одан кейін пайда болған әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары қандай? Және сол мәселелерді шешуде кімдердің рөлі басым? Осы және басқа да өзекті сұрақтарға жақында өткен "Covid-19. Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік өзгерістер" тақырыбында өткен вебинарда Бразилия, Уганда сияқты елдердің әлеуметтік қызметкерлері мен Халықаралық әлеуметтік қызметкерлер федерациясының өкілдері жауап іздеп, пікірлерімен, тәжірибелерімен бөлісті. Бірқатар ойлармен бөлісуді жөн көріп отырмын.
Көптеген елдерде әлеуметтік қызметкерлер індетпен күресте алдыңғы қатардағы мамандар ретінде аса маңызды рөл атқарады. Яғни, індет кезінде әлеуметтік оқшауланған топ өкілдерімен, олардың пайда болған әлеуметтік мәселелерін шешуде қолдау көрсетуде, оқшауланған қоғам мен мемлекет арасындағы бірден бір көпір саналады.
Осындай қиын кезеңдегі әлеуметтік жұмыстың негізгі функциялары: қоғамның қолдауды қажет ететін топтарына өзгерістерді қабылдауда және әрі қарай дұрыс жоспарлауда жәрдемдесу; адамдар арасындағы физикалық дистанцияны сақтау және әлеуметтік ынтымақтастықта үлкен рөл атқарады; Әлеуметтік жұмыс мамандық ретінде денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау салалары арасында тығыз байланыс орнатуға және оны нығайтуға, індет кезінде пайда болған әлеуметтік және экономикалық мәселелерді, теңсіздікті шешуде үлес қосады. Және де әлеуметтік оқшауланған қоғамның әлсіз топтарына бірінші ретте қажетті азық-түлік, медициналық құралдар сияқты заттармен қамтамасыз етуге ат салысады. Дегенмен, бұл орайда әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қызметті шатастырып алмау маңызды.
Вебинарда сөз алған спикерлер қоғамды індеттен кейін де үлкен әлеуметтік өзгерістер күтіп тұрғанын айтады. Демек, әлеуметтік теңсіздік, тұрмыстық зорлық-зомбылық, маргинал топтардың артуы сияқты мәселелердің аса көбею қаупі бар. Бастысы, бұндай мәселесі бар азаматтар мен топтарды дер кезінде анықтап, интервенция жасау. Кез келген отбасында болуы мүмкін мәселені қалай дер кезінде анықтаймыз? Осы тұста бастапқы медициналық санитарлық көмек (ПМСП) ұйымдарының, сол ұйымдағы әлеуметтік қызметкерлердің атқаратын рөлі басым. Патронаждық қызметкер мен отбасы арасындағы үздіксіз тығыз қарым-қатынас отбасындағы түрлі әлеуметтік-психологиялық мәселеледі дер кезінде анықтауға зор мүмкіндік береді. Әлеуметтік қызметкерлер өз кезегінде отбасының мықты тұстарын анықтау арқылы, қиын кезеңнен шығу жоспарын әзірлеуге көмектесіп, қолдау көрсетеді. Десе де, мамандық ретінде әлеуметтік жұмыс қазіргі таңда дәрігерлер, мұғалімдер сияқты алдыңғы қатарлы, мемлекет тарапынан, қоғам тарапынан қолдауды қажет ететін мамандықтар қатарында екені даусыз...


Сандуғаш Исмағұлова
05 мамыр 2020 ж. 471 0