Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақын жанды ардагер журналист

Ақын жанды ардагер журналист

2014 жылы аудандық басылымға жұмысқа келгенімде сол кездегі бас редактор Сәуле Ерімбет бастаған редакция ұжымы жылы шыраймен қарсы алды. Олардың қатарында қолынан фотоаппараты түспейтін ауданға белгілі қаламгер Мүсілім Қалмұратұлы да бар.

Әрине баспасөз саласы былайғы жұртқа оңай көрінуі мүмкін. Бірақ осы салада еңбек етіп жүрген журналист-тілшілер, шығармашылық топ оның қаншалықты қиындығы бар екенін жақсы біледі. Міне осындай қызығы мен қиындығы қатар жүретін баспасөз саласына келгеннен-ақ ұстаз ретінде Мүсілім аға Қалмұратұлы аудан төңірегінде ұйымдастырылған шараларға бірге ертіп жүрді. Өз тәжірибесімен бөлісіп, мерейлі мамандықтың қыр-сырын ұғынуыма үлес қосты.

– Аудандық газетке жастардың келгені жақсы болды. Өзің фотоаппаратты қолдану білесің бе? – деді алғашқы жұмыс күні жанына шақырып алып. Студенттік кезде бір-екі рет ұстап көргеніміз болмаса, үлкен әрі заманауи фотоаппаратты қолданып көрген емеспін. Жұмысқа енді келіп жатқан соң қобалжу болды ма, сәл кібіртіктеп қалғаным... Мен сияқты талай жасты алдынан өткізген журналист:

– Кел бері, бүгінгі заманның жастары барлығын білу керек. Бұл фотоаппарат – журналист қаруының бірі. Дұрыс қолдана білсең суреттің өзі сөйлейді. Жақсы сурет шықса, бұл да бір өнер, – деді де әлгі құрылғыны бүге-шүгесіне дейін түсіндірді. Содан фотоаппаратты қолыма ұстатып, бұған ұқыпты болу керектігін тапсырды.

Жұмыстың екінші күні М.Қалмұратұлы таңертеңнен бір шараға бірге баратынымызды ескертті. Фотоаппаратты әзірлеп қоюды да айтып кеткен. Содан редакциядан бірге шығып, аудан орталығындағы мектептердің біріне бет алдық. Жолай аға журналист бұл мамандық қателікті кешірмейтінін, жақсы танымдық, рухани дүниелер жазғанда елдің ықыласы зор болатынын тілге тиек етті.

– 2005 жылы ауданның айнасы саналатын «Тіршілік тынысы» газетіне жұмысқа келдім. Содан бері журналист ретінде ел жаңалықтарын жеткізіп, ақпараттандырып келеміз. Баспасөз саласы қызық. Күнің бір-біріне ұқсамайды. Бүгін бір шараға барсаң, ертең бір елді мекенде жүресің. Халықпен тығыз жұмыс істеп, жазған дүниең ел көңілінен шықса, абыройлы боласың, – деді.

Сол кезден бастап Мүсілім Қалмұратұлы қолынан фотоаппаратын тастамай, ел-жерді аралап, жақсы материаударды газет бетіне шығарды. Суреттерді де сөйлетіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырды. 2015 жылға дейін аудандық газетте еңбек етіп, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі атанды, көптеген марапат, алғыстарға ие болды.

Ауданның бас ақыны Мұхтар Сақтаповты өзіне ұстаз санайтын Мүсілім аға Қалмұратұлы ауданға ақын ретінде де танылған. Аудандық басылымда ардагер журналисттің өлеңдері үнемі жарияланып келеді. Ол өз өлеңдерінде жүрек толғаныстарын келтіреді. Одан бөлек әрбір сала қызметкерлерінің ерен еңбектеріне қатысты арнау жырларын да өлеңге арқау етеді.

Таймаған ол адамдықтың жолынан,
Тірлігі бар жан сүйсінтер молынан.
Күндіз-түні ел аралап, бір тынбай,
Түспейді оның қаламы да қолынан...

...Абыройлы ақтап адал борышын,
Қиналғанда береді әркез қол ұшын.
Жаны – таза, жүрегі – жыр тілшіні
Халқы сүйіп, құрметтейді сол үшін.

Осы секілді жыр-шумақтары, өлеңдері газет бетінде жарияланып, ақын аға бедел биігінен көрініп келеді.
Журналистік салада елеулі еңбек етіп, ауданның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан ардагер журналист зейнет демалысына шықса да қоғам өмірінен алыстаған емес. Әсіресе редакциямен тығыз байланыста болып, сала ардагерлері жұмысын үйлестіруді өзіне міндет етіп алды. 2019 жылдан бастап аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясы ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайланды. Аудандық редакцияда арнайы «Ардагерлер бөлмесі» жасақталған. Сол жерде Мүсілім аға Қалмұратұлы жас журналистерге өзінің ақыл-кеңесін айтып отырады. Әрбір мереке, қызықшылықта сала ардагерлеріне құрмет көрсету шараларын ұйымдастыру керектігін айтып, өзінің ұсыныстарын білдіріп отырады.

Баспасөз саласының кәсіби мерекесіне орай ақын жанды ардагер журналисті мерекемен құттықтап, зор денсаулық тілейміз!

Ердос БЕРКІНБАЕВ
27 маусым 2020 ж. 541 0