Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу – әйел денсаулығының кепілі

Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу – әйел денсаулығының кепілі

Сырдария аудандық емханасында «Сүт безінің қатерлі ісігі» апталығы аясында жергілікті тұрғындарға арналған арнайы «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Ашық есік күніне емхананың акушер-гинекологы Индира Өтемұратова, дәрігер-онколог Майра Халыбаева, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) дәрігері Салтанат Қожахметова және Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы Динара Тұрлығұлова қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігі туралы ақпараттандыру деңгейін арттыру, аурудың алдын алу жолдарын түсіндіру және қатерлі дертті ерте кезеңде анықтаудың маңыздылығын насихаттау болып табылады.

Мамандар тұрғындармен кездесіп, сүт безі қатерлі ісігінің пайда болу себептері, қауіп факторлары, алғашқы белгілері мен алдын алу шаралары жөнінде кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар ауруды бастапқы кезеңде анықтаудың маңыздылығына тоқталып, әйелдерді профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге шақырды.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, білікті мамандардан тиісті кеңестер алды. Мамандар сүт безінде қандай да бір өзгерістер, түйіндер немесе өзге де күмәнді белгілер байқалған жағдайда уақыт жоғалтпай дәрігерге қаралу қажеттігін ескертті.

Айта кету керек, сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау – емнің нәтижелі болуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан әрбір әйел өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігерлік тексерулерді назардан тыс қалдырмауы тиіс.
Денсаулық – баға жетпес байлық. Ал аурудың алдын алу мен ерте диагностика – өмірді сақтаудың маңызды қадамдары. Сырдария аудандық емханасында өткізілген осындай профилактикалық шаралар халықтың медициналық сауаттылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.


Сырдария аудандық ауруханасының баспасөз қызметі
01 қараша 2026 ж. 78 0