Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Партия қатарына білікті мамандар тартамыз

Партия қатарына білікті мамандар тартамыз

«Nur Otan» партиясы Сырдария аудан­дық филиалы тарапынан кадрлық резерв­ке іріктеу жүргізіліп жатқаны га­зе­тіміздің өткен санында жазылған болатын. Бүгін аудандық филиал­ төрағасының бірінші орынбасары­ Еркебұлан Жақыппен сұхбаттасып, пилоттық жобаның мақсаты, ұйым­дастырылу барысы мен нәтижелері жө­нінде сұрақтарды талқылаудың сәті түсті.
– Еркебұлан Төлепбергенұлы, сұхба­тымызды пилоттық жобаның түпкі мақса­тынан бастасақ.
– Өзіңізге белгілі, Елбасы, «Nur Otan» пар­тиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бас­тамасымен жетекші партия­ны жаңғырту жұмыстары басталды. Бүгінде нақты міндеттер айқындалып, жоспарлар құрылып, еліміздің бар­лық өңірінде қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде пилоттық жоба ретінде кадрлық резервке іріктеу жұмыстарын ұйымдастыру да бар. Бүгінде аталған жоба еліміздің 14 облысында, біздің аймақта Сырдария ауданында жүзеге асырылуда. Мақсат – мықты мамандарды іріктеу, олардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық да­муы­­на үлес қосуына жол ашу болып табылады.
– Кадрлық резервке кімдер қатыса алады? Оқырмандарға түсі­нікті болуы үшін талаптар мен сұра­тылатын құжаттар жөнінде айта өт­сеңіз.
– «Nur Otan» партиясы тарапынан ұйымдас­тырылып жатқан кадрлық резервтің ерекшелігі, пилоттық жобаға пар­тияға мүше емес азаматтар да қа­тыса алады. Іріктеу 3 кезеңнен тұрады, оған жасы 20-дан асқан кез келген тұрғын құжат өткізіп, тіркеле алады. Сұратылатын құжаттар көп емес, атап айтқанда, үміткерлер жеке куәлік көшірмесін, соттылығы жоқ екенін және наркологиялық, психоневрологиялық есеп­­­­те тұрмайтынын растайтын анықтама өткізіп, белгіленген үлгіде өтініш толтырады. Өтініштер аудандық филиал арқылы ағымдағы жылдың 28 қазан және 4 қараша күндері аралығында қа­был­­данды. «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірін­ші орынбасары А.Әлназарованың қаты­суымен алдын ала облыс орталығында БАҚ өкіл­деріне ар­нал­ған баспасөз мәслихаты өткізіліп, об­лыстық, ау­дан­дық газетке және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларға хабарландырулар жарияланды.
– Бүгінде қанша үміткер тіркелді? Жү­зеге асып жатқан жоба қазіргі таңда қай кезеңде?
– Өтінімдерді қабылдау 2019 жылғы 4 қараша күні аяқталды. Қазіргі таңда аудан бойынша бастауыш партия ұйымдарының және азаматтардың өзін-өзі ұсынуы не­гізінде 47 азамат тіркелді. Олардың аты-жөні, бағдарламасы аудандық басылымда жарияланды. Үміткерлер 5 қарашадан бас­тап партия мүшелерімен түрлі форматта кездесулер ұйымдастырып, ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізуде. Насихат жұмыстарын ұйымдастыру 15 қарашаға дейін рұқсат етіледі.
– Тіркелген 47 үміткердің ішінде жастар­дың үлес салмағы жөнінде айтсаңыз.
– Білімді, креативті идеяларға бай, жан-жақты жастар партия қатарында бол­­­ғаны дұрыс. Оның үстіне биыл «Жас­тар жылы» болғандықтан ел дамуына үлес қосуды мақсат етіп, игілікке ұм­тылған жастарға мемлекет тарапынан бар­­­­лық қолдаулар жасалуда. Кадрлық резервке де тір­келгендердің ішінде жастар көп. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және журналистика саласының өкілдері бар. Ең жас үміткер 22 жаста. 30 жасқа дейінгі 9 азамат құжат тапсырған. Яғни кадрлық резервке құжат өткізген үміткерлердің ішінде жастардың үлес салмағы басым.
– Үміткерлерге дауыс беру жұ­мыстары қайда, қашан өтеді?
– Дауыс беру 16 қараша күні сағат 08.00-18.00 аралығында кент және ауылдық округтерде орналасқан ша­руа­шылық ғимараттарында, елді ме­кендегі бастауыш партия ұйымы төраға­сымен келісімімен сауда орындарында өтеді. Дауыс беру жұмыстары ашық ұйымдастырылады және нәтижесі қосым­ша ақпараттандырылады. Осы ретте, дауыс беруге «Nur Otan» партиясының аудандағы мүшелері ғана қатысатынын атап өту қажет.

Сұхбаттасқан А.ҚҰРМАНАЕВ

12 қараша 2019 ж. 1 072 0